
Бапкердің айтуынша, жанкүйерлер ғана емес, өздерін бүкіл ел қолдайтынын команда біледі. Бұл футболшыларға күш-қуат беріп, жеңіске жетелемек.
«Біз жанкүйерлердің үмітін ақтауға тырысамыз. Біз лайықты өнер көрсетуіміз керек. Қазір кесіп-пішіп ештеңе айтқым келмейді, жақсы ойын көрсетуіміз керек не болса да. Мұндайда «Қайраттың» жанкүйерлері ғана емес, бүкіл Қазақстан бірігеді деп ойлаймын. Біз бұл қолдауды Чемпиондар лигасындағы матчтарда-ақ сездік», деп ой бөлісті Рафаэль Уразбахтин.
Мбаппе, Винисиус немесе Беллингем сияқты атағы жер жарған мықтылардың мысы баспай ма деген сұраққа бапкер былай деп жауап берді:
«Ол жақта да осындай адамдар ойнайды. Олар 7–8 күнде үш матч ойнап, ұзақ сапарға шығады, білеміз олардың ауыр кестесін. Мұның шет жағасын өзіміз де сезіндік. Әрине, мұндай ойыншылардың келуі — біздің жігіттерді ынталандыратыны сөзсіз. Олармен салыстырып, өзімізді де шыңдай түсеміз, сабақ аламыз сосын осы ойыннан», дейді бапкер.
Рафаэль Уразбахтин «Реалмен» матчқа арналған нақты құрам әлі анықталмағанын, ол ойыншылардың дайындығы мен психологиялық жағдайына байланысты жақын күндері анық болып қалатынын айтты.
«Біз құрамның қандай боларын болжап айта алмаймыз, себебі неше түрлі нәрсе болуы мүмкін: жарақат алады біреу, ауырып қалады дегендей. Біз ойыншылардың көңіл-күйіне қарай жұмыс істейміз», дейді бапкер.
Команданың негізгі қақпашысы Темірлан Анарбековтің жарақаты да сөз болды. Бапкердің айтуынша, оның жағдайы жақсарып келе жатыр.
«Темірлан ауруханадан шығып, базаға келіп жүр. Қазір гипспен жүр, гипсті шешкен соң, көп ұзамай жаттығуға шыға бастайды», деді Уразбахтин.
Қазіргі таңда негізгі қақпашы — Шерхан Қалмұрза. Сонымен қатар, құрамда алдағы күндері жаттығуға кірісетін Александр Заруцкий де бар. Бапкер матч бойы тек қорғаныспен шектеліп қалмайтындарын атап өтті.
«Мұндай қарсыласпен кездескенде бірден шабуылға шығып немесе қорғанып қана отыра беруге де болмайды. Баланс болуы тиіс. Әрине, оларда шеберлігі жоғары ойыншылар бар. Бірақ біз қорғанып қана отыруды жоспарлап отырған жоқпыз. Шабуыл мен қорғаныстың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысамыз. Оны Спортингпен» өткен матчтың екінші таймындағы 15 минутта көрсеттік деп ойлаймын», деп түсіндірді бапкер.
Португалиялық «Спортингпен» өткен ойыннан кейін бапкерлік штаб біраз ой түйіп, шаршау мен климатқа бейімделу командаға едәуір әсер ететінін байқапты. Дәл осындай жағдайға «Реал» да тап болуы мүмкін.
«90 минут бойы есіл-дертің алаңда болуы үшін сергек болу керек. Қазір біз өз алаңымызда ойнаймыз, «Жетісумен» кездесуді кейінге шегердік. Қалыпқа келіп, дайындалып алуымызға сегіз күндей уақыт бар», дейді Уразбахтин.
Рафаэль Уразбахтин Лига чемпиондарындағы ойындарда шеберлік қана емес, командалық рух, ынта мен жанкештілік те керек екеніне тоқталды:
«Иә, бізде 50 миллион еуро тұратын футболшылар жоқ. Бірақ бізде тәртіп, рух пен жеңіске деген жігер бар. Біз осылай ойнамақпыз. Бұл матчтың өзі — ерекше. «Реал Мадрид» — Чемпиондар лигасында ең көп титул жеңіп алған клуб. Сондықтан біз бұған ерекше дайындалдық. Бұл мүлдем басқа деңгей, басқа атмосфера. Барлығы бар күшін салып ойнайды енді», деді ол.
Команданың капитаны Әділет Садыбеков «Реалмен» кездесу — бұл сынақ қана емес, сонымен қатар өсіп-өнуге де үлкен мүмкіндік екенін айтады.
«Қобалжисың, өйткені мұндай кездесу жиі бола бермейді ғой. Бірақ ойынның бізде өтіп жатқаны жақсы болды. Бұл спорттың дамуына ықпал етуі тиіс. Қазір дайыналып жатырмыз. Біз ел намысын қорғап, жанкүйерлердің үмітін ақтауға тырысамыз осы жолы», деп ағынан жарылды команда капитаны.