Үкімет • Бүгін, 09:05

Электрондық сауда заңмен реттеледі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен кезекті палата отырысы өтіп, онда сенаторлар электрондық сауда мәселелері туралы заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Электрондық сауда заңмен реттеледі

Бюджет түсімдерін арттыратын тетік

Отырыс барысында депутаттар «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарады. Хаттаманы ратификация­лау электрондық сауданы реттеу үшін құқықтық база құруға, электрондық сауда тауарларын кедендік әкімшілендіруді жақсартуға, техникалық регламенттердің сақталуына және әкелінетін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылауды күшейтуге жол ашады. Сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды жинау есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Қаралған хаттама шетелдік интер­нет-алаңдарда сатып алынған тауар­лар­дың кедендік шекарадан өту тәртібін айқын­дауды көздейді. Соған сәйкес «элект­рондық сауда операторы» ұғымы және ке­дендік декларацияның жаңа түрі – элек­трондық сауда декларация­сы енгізі­ліп отыр. Құжатта кедендік әкім­шілендіруді жетілдіруге арналған өзге де нормалар бар. Алдағы уақытта заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында электрондық сау­да саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Аграрлық ғылым ақсап тұр

Заң талқыланып болған соң, бірқатар депутат өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Әли Бектаев аграрлық ғылым саласындағы олқылықтарға тоқталып, аталған бағытты жетілдіруге қатысты өз пікірін білдірді. Осыған орай депутат Үкіметке Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуға нақты қолдау көрсетуді ұсынды.

Оның айтуынша, дамыған елдерде ғылыми-зерттеу жұмыстарына ІЖӨ-нің 3-4%-ы бөлінеді, ал біздің елде бұл көрсеткіш небәрі 0,16%-ды құрайды, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17%-дан аспайды. Сенатор тәуелсіздік алғаннан бері аграрлық ғылым бірнеше рет реформаланғанын, бірақ маңызды жетістіктерге жете алмағанын атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы осы уақытқа дейін толыққанды агротехнологиялық хабқа айналған жоқ. Депутаттың пікірінше, қаржыландырудың қолданыстағы тетіктері салаға елеулі серпіліс бермейді.

«Бүгінде бізде ғылымды дамыту мақсатында бағдарламалық-нысаналы және конкурстық қаржыландыру тетіктері жұмыс істейді. Алайда бұл тәсіл ғылым саласында қарқынды серпіліс жасауға жеткіліксіз. Осыған байланысты конкурсқа тәуелсіз қаржыландырудың тұрақты тетіктерін енгізу маңызды. Агроөнеркәсіп кешенінде стратегиялық ғылыми жобаларды іске асыру үшін бес жыл мерзімге арналған конкурстан тыс тікелей қаржыландыру жүйесін енгізу орынды болар еді», деді Ә.Бектаев.

Сонымен қатар ол «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін дамы­тудың 2025–2029 жылдарға арнал­ған бағдарламасы» әзірленгенін атап өтті. Оның аясында университет құрамына төрт ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибе шаруашы­лығы берілді. Бағдар­ламаны іске асыру ғылыми-техни­ка­лық қыз­метті жоғары біліммен бірікті­руге, зият­керлік әлеуетті дамытуға, инф­ра­­құ­ры­лым мен зертханаларды жаңғыр­­туға, цифр­лық шешімдерді енгізуге және ғылыми нә­ти­желерді коммер­ция­­лан­дыруға мүм­­кіндік береді. Алайда уни­вер­си­тет­тің материалдық базасы ескір­ген, бұл сапалы зерттеулер жүргізуге және ин­но­вацияларды енгізуге кедергі келтіреді.

 

Аңдар өсімін бақылау керек

Сенатор Қайрат Тастекеев еліміздегі жабайы жыртқыш жануарлардың санын бақылау мен реттеуді күшейту қажет екенін айтып, нақты шаралар ұсынды. Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығына зиян келтіретін және елді мекендерге жиі кіретін аю, қасқыр, жабайы қабан, шибөрі сияқты аңдар популяциясының көбеюі халықты алаңдатып отырғанын тілге тиек етті.

«Жабайы жануарлар санының көбеюі ха­лықтың тіршілігі мен ауыл шаруашы­лығына теріс әсерін де тигізіп отырғаны мәлім. Кейінгі жылдары жабайы жан­уар­лардың басқа да түрлерінің елді мекен­дердің аумақтарына кіру фактілері жиі­леп, адамдарға, малға, ара өсіру және ауыл­ша­руашылық жерлеріне шабуыл жасау жағ­дайлары көбейіп жатыр», деді Қ.Тастекеев.

Депутат аюлардың Риддер мен Серебрянск көшелерінде байқалғанын айтты. Бұл бір жағынан табиғи азық-түлік базасының жетіспеушілігіне, екінші жағынан тұрмыстық қалдықтар мен малдың болуына байланысты. Елімізде 15 мыңға жуық қасқыр, 23 мыңнан аса шибөрі және 50 мыңнан аса қабан мекендейді. Тез бейімделетін шибөрілер табиғат пен ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіреді. Сенатор экожүйе жануарлардың санын өз бетінше реттеу қабілетін жоғалтатынын және қолданыстағы шаралар әрқашан тиімді бола бермейтінін атап өтті.

Сондай-ақ отырыс барысында сенаторлар Андрей Лукин, Бекбол Орынбасаров, Сүйіндік Алдашев, Сұлтан Дүйсембинов, Талғат Жүнісов, Руслан Рүстемов, Ғалиасқар Сарыбаев, Ернұр Әйткенов, Бекболат Орынбеков пен Бибігүл Жексенбай өз депутаттық сауал­дарын жолдады.