Шаруашылық • Бүгін, 08:07

Астықты алқаптағы қауырт қимыл

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егінжайдағы жұмыс өрмек жүзінен ауған. Көк­тем мен жаз біршама ылғал­ды болды. Егін бітік. Қазір дарқан даланың даң­ғайыр диқандары соңғы алқаптардағы егінді бас­тырып, жинау үстінде.

Астықты алқаптағы қауырт қимыл

Жаңбырлы күз ел ырыз­дығын шаш­пай-төкпей жинап алуға бар ынта-жігерін жұмыл­дырған диқандар қауымының адымын аштырмай тұр. Жер сәл дегдісе болды, семіз тоқтының күз­гі жүніндей шудаланған бұлт аспанды лезде торлап алып, ақжауын жауып кетеді. Бір күн жауын жауса, екі-үш қаңтары­лып босқа тұрады. Қас қағым сәт қымбат. Диқандар сондықтан ашық кезді мейлінше ұтымды пайдалануға тырысады.

Күні бүгінге дейін бес миллион тоннадан астам астық жиналды. Гектар берекесі 15,6 центнерден айналып отыр. Жиналған астықтың басым бөлігі сапалы. Астықты алқаптардың 70 пайыз­дан астамы игерілді. Енді бір апта күн ашық болса бар жұ­мыс мәреге жетеді. Майлы дақыл­дардың 94,7 мың гектары орылды. Шығымдылығы гектарына 10,8 центнер төңірегінде.

Бурабай ауданындағы «Бура­бай» Агрофирмасы» 2007 GCK» серіктестігі биыл 35 мың гектар алқапқа дәнді дақыл­дар тұқы­мын сіңірген бола­тын. Өткен жылы 15 мың гектар­ға би­дай ексе, биылғы жылы 12 мың гектар төңірегінде. Ша­руа­шылықтың бас агрономы Әсел Ағзамованың айтуынша, се­ріктестік кейінгі үш жыл бойы тиімді дақылдар алқабын ұлғайтуды мақсат тұтып келеді.

– Барлық егістік алқаптың 60%-ға жуығын жинап алдық, – дейді бас агроном, – Гектар берекесі 23-24 центнерге жетті. Бұршақ дақылды тұқым егілген алқаптар толық жиналды. Міне, біз тұрған алқаптағы астықтың ыл­ғалдылығы қазір 13% болып тұр. Астықты уақтылы жи­­нап алу бар да, сапасын жо­ғалт­­пай сақтау бар. Бұл ретте ша­­руашылық технологияның соңғы жетістігін пайдаланады. Үлкен қаптарға 6 мың тонна астық жинадық, қалғанын элеваторларға жеткізудеміз.

Облыс элеваторларына жаңа астықтың 1,1 миллион тоннасы жеткізілді. Лицензияланған 66 астық сақтау кәсіпорындары 4,3 миллион тонна өнімді сақтай алады. Оған ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы 2,9 тонна­лық астық қоймаларын қоссақ, қыруар дән ысырап болмайтынына сенім мол. Қазірде 264 астық кептіретін құрылғы жұмыс істеп тұр.

Бұланды ауданындағы «Арна» астық қабылдау кәсіпор­ны өңірдегі дәнді дақылдар­дың бар­лық түрін қабылдап, сақ­тайтын серіктестік. Сыйым­ды­лығы – 167 мың тонна. Кәсіпорын басшысы Клара Меңдібаеваның айтуынша, жыл соңына дейін үшінші нысан пайдалануға беріледі. Сол кезде қуаттылығы тағы да 60 мың тоннаға артады. Кәсіпорында біз болған күні 105 тонна өнім қабылдағанын естіп білдік. Оның 30%-ға жуығы майлы дақылдар.

Кәсіпорын жаңа желілік кеп­тіру құ­рылғысын сатып алыпты. Бұл құрылғымен 100 мың тонна астық кептіруге болады. Май­лы дақылдар ақмолалық диқан­дардан ғана емес, көршілес үш облыстан, атап айтқанда, Қос­танай, Қарағанды, Солтүстік Қазақ­станнан да жеткізіледі. Бидайды іргелес жатқан аудан­дар­дың диқандары тапсырып жатыр.

Еңбек көрігін қыздырып жатқан шаруа­шылықтың бірі Бұланды ауданындағы «Елтай Агро» серіктестігі. Шаруашылық басшысы Қазақстан Жанәді­ловтің айтуынша, бидай, арпа, сұлы, зығыр еккен.

– Гектар берекесі биылғы жылы 26 центнерден айналып отыр, – дейді серіктестік басшысы. – Осының барлығы көктемгі егістің сапалы өткізілуінің нәти­жесі. Оған мемлекеттің қол­дауы септігін тигізді. Қажет­ті қаржы қолымызға уақы­тында тиді. «Кең дала», «Кең дала 2» мемлекеттік бағдарла­маларының арқасында көктемгі егіске тас түйін дайын болдық. Элита тұқым алдық, қосымша бөлшектер, жанар-жағармай тәрізді қажеттіліктің барлығы уақытында шешілді. Күзгі егін орағында да осындай көмекке ие болып отырмыз, – деген Қазақстан Халелұлы кадр мәселесі барлық жерде бірдей екенін, осы жайды әріден ойлап, ауылдың еңсесін көтеруге талпынып жатқанын, сол арқылы ел ішінде­гі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсарса, көшіп кет­кен­дердің қайтып келуі де әбден мүмкін екенін айтты. 

Ауылға оралғандар да аз емес. Солардың бірі – Таласбай Айтымов. Жеті жыл Астана қаласында тұ­рыпты. Балалары өсіп-жетіліп, өз қолдары өз ауыздарына жеткен соң кір жуып, кіндік кескен топырағына қайта оралған. «Елтай» ЖШС үш бөлмелі үй беріп, отын, көмірмен қамтама­сыз еткен. Таласбайдың жары да механикаландырылған қырман­да жұмыс істейді. 

Елге тірек болып отырған серік­тестік еңбеккерлеріне толым­ды еңбекақысын уақытында төлейді. Алдағы уақытта мал шаруа­шылығын да дамыту ой­да бар. Бұл өте керек іс. Мал шаруа­шылығын дамытса, механи­затор­ларға да қысы-жазы жұмыс табылады. Бір қуанарлығы, осы ма­ңай­дағы ауылдардың ажа­ры кі­ріп келеді екен. Ел еңсе­сін кө­тер­­ген адал еңбек деп түйсіндік біз.

 

Ақмола облысы