Сенат • Бүгін, 08:52

Көші-қон саласындағы ынтымақтастық

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның кезекті отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Көші-қон саласындағы ынтымақтастық

Елдерді жақындатқан екі заң

Отырыс барысында алдымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Депутаттар атап өткендей, келісімді іске асыру көші-қон саласындағы заңдылық режімін нығайтуға, екі ел азаматтарының уақытша болуына қолайлы жағдай жасауға, Қазақстан мен Арменияның құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. Құжатта көрсетілген нормаларға сәйкес екі ел азаматтарының мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқы бар. Сонымен қатар екінші тарап мемлекетінің аумағында уақытша болғандар 30 күнге дейін тіркеусіз болу мүмкіндігі қарастырылған. Осы шаралардың барлығы уағдаласушы мемлекеттерде құқықтық ынтымақтастықтың тиім­ділігін арттыруға, саяси және экономикалық байланысты одан әрі дамытуға, сондай-ақ екіжақты қатынас­тарды нығайтуға бағытталған.

«Қаралған заңдар Қазақстан мен Армения арасында көші-қон үдерістерін құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осыған байланысты елдеріміз статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен алмасуға келісті. Сондай-ақ азаматтарымыздың жайлы сапары үшін жағдай жасалып жатыр. Соған сәйкес бұдан былай қазақстандықтар Арменияға жеке куәлік арқылы бара алады. Алдағы уақытта мақұлданған заңдар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

«Ата жолы» картасына не кедергі?

Заңдар қаралып болғаннан кейін әдеттегідей сенаторлар өздерінің депутат­тық сауалын жолдады. Бекбол Орынбасаров «Ата жолы» картасы шетелдердегі қандастардың Қазақстан аумағында бизнес жүргізуіне және елге білікті мамандар тартуға қажетті жағдай жасай алмай отырғанына назар аударды. Бюрократиялық тосқауылдарға бай­ланыс­ты білікті мамандардан, ин­вес­­ти­ция­­дан және озық тәжірибеден құралақан қалып келеміз.

Сенатор «Ата жолы» картасы шетел­дегі этностық қазақтарды қолдау үшін олардың Қазақстанда ұзақмерзімді болуы, ресми жұмысқа орналасуы, бизнес жүргізуі, сондай-ақ әлеуметтік, медициналық және білім жүйесіне қол жеткізу мүмкіндігін беретін құрал ретінде ойластырылғанын еске салды. Отандастар іс жүзінде ұлттық тиесілігін растаудың шамадан тыс рәсімдерінен өтуге, құжаттардың көп­теген аудармасын ұсынуға мәжбүр, ал өңірлерде уәкілетті органдардың қызметкерлері мұндай картаны ұсыну ережелері туралы мүлдем хабарсыз. Сенатор мысал ретінде Швейцарияда жұмыс істейтін этностық қазақ, дәрігер-оқытушы Серік Тұрсынның тарихын келтірді. Кәсіби деңгейі жоғары және отандық медицинаны дамытуға үлес қосуға дайын болғанына қарамастан, ол бюрократиялық кедергілерге және мекемелердің атүсті пиғылына тап болды. Ол сонымен қатар өз қаражатын инвестиция жасауға және заманауи жабдықтар әкелуге дайын еді.

«Бүгінде тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде орынсыз бюрократиялық тосқауылдар жиі кездеседі. Осындай жүйелі қиындықтар қандастардың елге оралу ынтасын төмендетіп қана қоймай, мемлекеттің оларды қолдауға және әлеуетін тиімді пайдалану саясатына сенімді әлсіретіп жатыр. Президенттің бастамасы жарияланғаннан бері түр­лі елден шамамен 150 этностық қазақ келіп, «Ата жолы» картасын пайдалануға ниет білдірген. Алайда осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы өз ойларын жүзеге асыра алған жоқ. Бұл құралдың қазіргі түрінде өзіне жүктелген міндеттерді орындамай отыр­ғанын, ал отандастарымыздың әлеуеті іске аспай отырғанын көрсетеді», деді Б.Орынбасаров.

Сенатор «Ата жолы» картасының толыққанды жұмыс істеуі үшін заңна­мадағы олқылықтарды жою қажет екенін атап өтті. Мәртебесі бекітілгеніне қарамастан, оның иесіне рәсімдер мен кепілдіктерді нақтылау, сондай-ақ басқа нормативтік актілермен үйлестіру қажет. Ол мемлекеттік органдардың, депутаттар мен сарапшылардың қатысуымен мекемеаралық комиссия құру қажеттігін, сондай-ақ шетелдік дипломдар мен сертификаттарды тікелей тану тетігін бекітуді ұсынды. Бұл білікті мамандардың еліміздің экономикасы мен денсаулық сақтау саласына ықпалдасуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

 

Шеберлер шетте қалып келеді

Сенатор Дархан Қыдырәлі депутат­тық сауалында музыкалық аспаптар жа­сайтын шеберлердің проблемалары туралы жария етті. Музыкалық шеберлер – ұрпақ жадында сақталған қоңыр үнді қай­та тірілтетін, әуезді дыбыс­ты атадан ба­лаға жалғайтын, қымбат қазынамызды сақ­тай­тын жандар. Өткенге үңілсек, музы­ка­лық шеберлер ғылыми зерттеу жүйе­сіне енгізіліп, ұлттық музыкалық мұраны сақ­тау­шылар әрі зерттеушілер ретінде мо­йын­далды. Ал кейінгі жылдары шеберлер мемлекеттік қолдаусыз қалып, қоғам­дағы орны энтузиаст рөліне алмасты.

«Елімізде домбыра күні енгізілді, домбыра пәні мектептерде оқытыла бастады. Керемет күйшілер мен әйгілі әншілер түрлі марапатқа ие болып жатыр. Әйтсе де сол домбыра жасаушылар мемлекет назарынан тыс қалып келеді. Филармония, этно-ансамбльдер мен оркестрлер – бәрі шебердің еңбегіне сүйенеді. Алайда олар «жай қолөнерші» деген кең кате­го­рияның көлеңкесінде марапат пен қолдаудан қалып келді. Бұл тұрғыда олар – ұлттық дыбыстың сақшылары, мәдени қауіпсіз­дік­тің кепілі», деп атап өтті Д.Қыдырәлі.

Сенатор шеберлік ағаш өңдеу ғана емес, ғылыми-эксперименттік үрдіс екенін атап өтті. Аспаптың мензурасы, қуысы, қалыңдығы, ішек материалы, лак пен желімнің құрамы, ағаштың табиғи кебуі – мұның бәрі акустикалық нәти­­женің теңдеуіне тікелей әсер етеді. Шеберлер күн сайын жасырын зерт­ха­­налық жұмысты атқарады: тыңдау – өлшеу – салыс­тыру – қайта пішу – сынау – жетіл­діру. Көне үлгілерді кітаби дерек­пен ғана емес, қолдағы тәжірибемен жаң­ғыртады.

«Музыкалық шебер» ұлттық кәсіби мәртебесін енгізу, шеберхана-зертханаларды жаңғырту керек. Ұлттық регистр мен аспапқа арналған акустикалық пас­порт, сертификаттау жүйесін енгізу, ұзақ­мер­зімді келісімшарттар жасасу және ше­берлерді насихаттау талап етіледі», деді сенатор.

Сондай-ақ палата отырысы барысында сенатор Нурия Ниязова ойын алаң­да­рын­да аттракциондар мен жабдық­тар­ды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәсе­лесіне тоқталып, осы саладағы олқы­лық­тарды жоюға арналған нақты шаралар ұсынды.

Геннадий Шиповских Денсаулық сақтау министрлігінің қарқынды бақы­­лауындағы мамандандырылған Респуб­ликалық психиатриялық ауруха­наның инфрақұры­лымы сын көтермейтін жағ­дайда екенін айтып, Үкіметтің назарын аударды. Алматы маңында орналасқан бұл аурухана – қоғам үшін аса қауіпті қылмыстар жасаған психикасы бұзылған адамдар мәжбүрлеп емделетін жалғыз мемлекеттік мекеме.

Депутат Амангелді Есбай өңірлерде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп жүрген ІТ мамандар мен экономист-бухгалтерлердің мәр­­тебесі, еңбек жағдайлары және жала­қы­сы еңбектің күрделілігі мен жүкте­ле­тін жауапкершілікке сәйкес келмейді деп есеп­тейді. Сенатор саладағы басқа да түйт­кіл­дерді атап өтіп, оларды шешу жолдарын тілге тиек етті.

Ал Серік Шайдаров Ұлытау облысын­­дағы Бидайық және Кеңгір суқойма­ларындағы гидротехникалық қондыр­ғы­лардың тозуына алаңдаушы­лық білдірді. Осыған байланысты ол Үкі­метті аталған нысандардың техникалық жағдайын анықтау үшін мамандандырылған ұйым­ды тартуға, суқоймаларының түбін тексеруге, тазарту және басқа да қалпы­на келтіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.