
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жаңа заман талаптары мен сын-қатері – цифрландыру мен жасанды интеллектіге, сондай-ақ қылмыс сипатының өзгеруіне орай салада болып жатқан өзгерістер жайында брифинг өтті. Онда Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов сөз сөйлеп, орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуды, инновациялық әдістемелерді әзірлеу мен үдерістерді цифрлық трансформациялауды ұштастыра отырып, өз қызметін жүйелі түрде жаңғырту мәселелері туралы айтты.
«Биыл зертханалық жабдықтарға арналған бағалар қайта қаралып, есептелді. Бұл жабдықтар сарапшыларға есірткі заттарының іздік мөлшерлерін анықтауға, олардың химиялық құрылымын дәл белгілеуге және заңсыз нарықта жиі пайда болып жатқан жаңа синтетикалық есірткілерді дер кезінде тануға мүмкіндік береді. Бұл – заманауи газды хроматографтар, масс-спектрометрлер және сұйықтық хроматографтар. Онсыз сот үдерістерінде сапалы әрі ғылыми негізделген қорытындыларды қамтамасыз ету мүмкін емес», деді спикер.
Сот сараптамалары орталығы зертханалық базаны жаңартумен қатар әдістемелік әлеуетті дамытуды да назардан тыс қалдырмайды. Қазір цифрлық активтердің айналымы мен қаржы ағындарына, сондай-ақ ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілеріне қатысты нысандарды сараптамалық зерттеу жүргізуге арналған жаңа әдістемелік жобалар әзірленіп жатыр.
Олардың алғашқысы – цифрлық активтерге қатысты істерді тергеу барысында айналым көлемін белгілеуге, сондай-ақ ақша қаражаты мен олардың баламаларының айналымын анықтауға арналған. Бұл әдістеме цифрландыру жағдайында экономикалық қылмыстарды тергеуде бірыңғай әрі ғылыми негізделген тәсіл үшін маңызға ие.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында киберқылмысқа, оның ішінде кибералаяқтыққа қарсы белсенді күрес жүргізу қажеттілігін, сондай-ақ осы салада тергеу жүргізетін мемлекеттік органдардың құзыреттерін арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған орай, жаңа әдістеме залалды есептеу дәлдігін едәуір арттырып, соның нәтижесінде істерді сотта қарау кезінде дәлелдемелік базаны нығайтуға мүмкіндік береді», деді орталық басшысы.
Оның айтуынша, екінші әдістеме ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілерін қамтитын нысандарға сот-сараптамалық зерттеу жүргізуге бағытталған. Оның енгізілуі мұндай фактілерді бағалаудың объективті құралына айналады. Бұл медиа кеңістіктегі құқық бұзушылықтар көбейіп тұрған кезде аса маңызды.
Сондай-ақ Б.Байтілесов сот-медициналық тәжірибеге цифрлық технологиялар енгізіліп жатқаны жайында баяндады. Атап айтқанда, филиалдардың бірінде виртуалды аутопсия бойынша қанатқақты жоба басталған. Жоба аясында зерттеу жүргізіліп, дәстүрлі аутопсия компьютерлік томографиямен салыстырылып, нәтижелер бірқатар өлім жағдайы бойынша сараптамалық қорытындылардың толық сәйкестігін көрсеткен.
«Бұл нәтиже өте маңызды: ол компьютерлік томографияны тек көмекші ретінде ғана емес, сонымен қатар сот-медициналық зерттеулердің балама әдісі ретінде де қолдануға болатындығын көрсетеді. Виртуалды аутопсия қорытындылардың объективтілігі мен сенімділігін сақтай отырып, ең аз араласумен талдауды қамтамасыз етеді. Бұл, әсіресе дәстүрлі аутопсияны жүргізу қиын немесе әлеуметтік тұрғыдан қажет болған жағдайларда өте маңызды», деді спикер.