
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бір топ депутат Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында міндетті техбайқау көліктің техникалық жағдайын нақты тексеретін емес, белгілі бір мүдделі құрылымдардың қаржылық пайдасына жұмыс істейтін жүйеге айналғанын айтып, дабыл қаққан еді. Олар бұл мәселені сайлаушылармен кездесуде айтылған шағым негізінде көтеріп отырғанын алға тартты.
«1 мамырдағы жағдай бо-йынша елімізде 6,2 млн көлік бар, оның 4,9 млн-ы жыл сайын міндетті техникалық байқаудан өтуге тиіс. 2024 жылы 3,5 млн байқаудан өтсе, 2025 жылы алғашқы тоқсанда 1,5 млн көлік тексерілген. Орташа бағасы 5 мың теңгеден деп есептегенде, саладағы операторлардың бір жылдық табысы 17 млрд теңгені құрайды. Міндетті техникалық байқау заңдылық пен әділдікті бұзатын, азаматтардың қалтасына заңсыз салмақ салатын жүйеге айналған», дейді депутаттар.
Олардың айтуынша, техбайқаудың жол қауіпсіздігін арттыруға қосқан үлесі жоқтың қасы. Десе де мемлекет тарапынан жыл сайын миллиондаған азаматты бюрократиялық процедуралардан өткізу талап етіледі.
«Халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр басылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтып жүр. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары байқау орталықтарының аздығынан жүздеген шақырым жүріп, бір күнін тексеруге арнайды. Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елде әлдеқайда тиімді және халық мүддесіне сай шешімін тапқан. Мәселен, Еуропа елдерінің көбінде мұндай тексеріс тек коммерциялық көліктерге немесе ұзақ аралықпен жүргізіледі» дей келе, депутаттар жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбайтын жеңіл автокөліктеріне 2–3 жылда бір рет өткізілетін ашық әрі тиімді міндетті техникалық тексеріс жүйесін енгізуді ұсынып, саладағы заң бұзушылықты құқықтық қорғау органдарымен бірлесіп кешенді тексеруді сұрады.
Расында, көлікті міндетті техникалық байқау саласындағы заңсыздықтар мен кемшіліктер біздің басылым бетінде бұған дейін де көтерілген еді. Атап айтқанда, осыдан екі жыл бұрын Астанадағы жол қауіпсіздігі проблемаларын саралай келе, ІІМ ұсынған жаға ұстатарлық жайттарды жазғанымыз бар. Сол жылы елордадағы 26 техникалық байқау орталығы 34 мыңнан аса көлікті тексеріп, бар болғаны 67 ақаулы көлікті «анықтаған». Қалғанының бәрі – «талапқа сай». Қаладағы көліктердің жартысынан астамы кемінде 10 жыл бұрын шығарылғанын ескерсек, 67 көлікте ғана ақау болуы мүмкін бе? Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, олар Астана көшелерінен 4 мыңнан аса ақауы бар көлікті анықтапты. Техбайқау орталықтары берген «қағаз» бен көшедегі шынайы жағдайдың арасында осыншалық айырмашылықтың болуы ол жерде сырт көзден жасырылған бір кілтипан бар екенін аңғартқандай...
Біз аталған орталықтар жұмысындағы кемшіліктер мен депутаттар көтерген мәселеге түсініктеме алу үшін Көлік министрлігіне сұрау жолдаған едік. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров бізге берген жауабында Мәжілістегі «Amanat» партиясы депутаттарының техбайқау орталықтары көлікті тексеретін емес, тек халықтың қалтасын қағатын жерге айналып кетті деген мәлімдемесін толықтай жоққа шығарды. Дегенмен ол аталған орталықтар қызметінде кемшілік бар екенін, соған орай 2022–2025 жылдар аралығында оларға қатысты мыңнан аса хаттама толтырылып, 40 млн теңгеден аса айыппұл салынғанын растады.
«Міндетті техникалық байқаудан өту саласын реформалау және бақылауды күшейту арқылы бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Апта сайын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жанынан құрылған жұмыс тобы «Техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін» сараптау арқылы бұзушылықтарды анықтап отырады. Бұл өз кезегінде оң нәтижесін беріп, бүгінде «фотошоп» арқылы жасалатын бұзушылықты 100% жоюға ықпал етті», дейді вице-министр.
Сонымен қатар ол «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңда техникалық қарап-тексеру операторларына қатысты бірқатар заң бұзушылық, атап айтқанда, соның бірі – міндетті техникалық байқау өткізбей техникалық қарап-тексерудің диагностикалық картасын беру үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл көзделгенін жеткізді.
Вице-министр айтып отырған бұл заң талабы күнделікті өмірде қаншалықты орындалып жатқанын болжау қиын. Көптің пікірінше, техбайқау орталықтары әлі күнге көліктерді тексермей-ақ «бәрі дұрыс» деген қорытынды «қағаз» беріп жүр.
Ал депутаттар сауалында көтерілген ауылдық жердегі тұрғындар үшін техбайқау орталықтарын ашу мен Еуропадағы секілді көлікті екі-үш жылда бір тексеру мәселесіне келсек, Көлік вице-министрі М.Қалиақпаровтың айтуынша, ауылда автокөлік құралдарының аз болуына байланысты техникалық байқау орталықтарын ашу экономикалық жағынан тиімсіз. Бұл сала жеке кәсіпкерлерге берілгендіктен, олар өз орталықтарын қаладан және аудан орталықтарынан ашуды жөн көреді.
«Техникалық байқау – тек формальды рәсім емес, жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін ақауларды уақтылы анықтауға бағытталған алдын алу шарасы. Жол-көлік оқиғаларының техникалық себептермен болу үлесі аз болғанымен, бір ғана ақаулы тежеу жүйесі немесе рульдік басқару жүйесі адам өліміне әкелетін ауыр зардаптарға душар етеді. Сондықтан техникалық байқауды үш жылда бір өткізетін қылып ұзарту көліктердің техникалық жарамдылық деңгейін төмендетуге әкеп соқтыруы мүмкін. Өйткені қазір еліміздегі көліктердің орташа жылы 10 жылдан асады. Тұрақты бақылаудың болмауы салдарынан көлік иелері қажетті жөндеуді кейінге қалдырып, бұл жол қозғалысы-ның барлық қатысушысына қауіп төндіреді. Жол жағдайлары мен автопарктің құрылымы ұқсас елдердің басым бөлігінде, әсіресе белгілі бір жылдан асқан автокөліктерге техникалық байқаудың жыл сайынғы мерзімділігі сақталады. Ұсынылып отырған үш жылдық аралық көлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді», деген вице-министр қазірде Көлік министрлігі міндетті техникалық байқауды өткізу тәртібіне өзгерістер енгізуді ерте деп санайтынын және оны ұзартуға дайын емес екенін жеткізді.
Осы орайда біз аталған мәселеге байланысты қарапайым тұрғындардың да пікірін білген едік. Жүргізуші Рүстем Күзембаевтың айтуынша, қазір көлігі бар әрбір тұрғынға міндетті саналатын техбайқаудың сол көліктің шынайы техникалық жағдайына да, жолдың қауіпсіздігіне де ешқандай әсері жоқ. Шын мәніне келсек, еліміздегі көліктердің жартысынан астамы жүруге жарамсыз, ескірген.
«Техникалық жағдайы былай тұрсын, тіпті темірдің де жарамдылық мерзімі бар ғой. Біздің елдегі көліктердің темірінің де мерзімі өтіп кеткен. Бұған қоса елде жанармай сапасы да талапқа сай емес. Егер мұның бәрін шындап тексеретін болса, қазір көшемізде жүрген көліктің кемі 70 пайызы жарамсыз болып шығуы ғажап емес», дейді ол.
Р.Күзембаев бұл кемшіліктің бәрін жою үшін халықтың қалтасын қағып, сүліктей сорып отырған утиль алым мен алғашқы тіркеу секілді «алым-салықты» жойып, елге жібі түзу көліктердің кіруіне мүмкіндік туғызып, техникамызды түгелдей жаңарту керек екенін айтады.
«Негізі мұның бәрін билік біліп отыр. Бірақ көліктерді тексеру міндетті делінген халықаралық келісім бар. Соны орындау үшін әзірге техбайқау орталықтарының салғырт жұмысына бейтарап қарап келеді», дейді ол.
Біз техникалық байқау орталықтарының иелеріне де хабарласып, пікірін білген едік. Сөйтсек, олардың да айтатын назы бар екен. Жамбыл облысындағы «Қалысбаев» ЖК-не қарасты техбайқау орталығының меңгерушісі Ерғали Қалысбаевтың айтуынша, қазір құзырлы органдар тарапынан саладағы операторларға талаптар күшейіп кеткен. Соның бірі – бұған дейін орталықтардың 90 пайызға жуығы жеңіл конструкциямен салынған ангарларда орналасса, енді кірпіштен тұрғызылған орындарда жұмыс істеуі талап етіліп жатыр.
«Бізде мемлекеттік стандартқа сәйкестігін тексеру үшін жыл сайын сертификаттаудан өтуі міндетті негізгі 5 құрал-жабдық бар. Олар – тежегіш стенді, рульмен басқаруды тексеретін люфт өлшегіш, газ талдаушы, түтін өлшегіш және фара жарығын тексеретін электронды прибор. Одан басқа да кішігірім құралдар бар. Енді биылдан бастап газбен жүретін көліктердің газын тексеретін және шуды тексеретін құралдарды қосып жатыр. Талабы – бұл құралдар Ресейден шыққан болуы керек, ал Қытайдікі жарамайды және арнайы тізілімде бар құралдарды ғана алу қажет. Әрқайсы кемі 150 мың теңге тұрады. Ал арзандарын алуға тыйым салынған. Жыл сайын оларды да сертификаттаудан өткізіп тұру керек. Осының бәрі біз секілді техбайқау операторларына салмақ салып, қазір бірқатары жабылып жатыр. Басқасы құрал-жабдық іздеп сабылып жүр. Бұдан кейін техбайқау бағасы да көтеріледі», дейді ол.
Е.Қалысбаевтың айтуынша, жоғарыда аталған бес құрал-жабдықты жылына бір рет сертификаттаудан өткізіп тұру талабы дұрыс. Өйткені олардың бұзылуы мүмкін детальдары бар. Алайда сызғыш, тоник, штангенциркуль, шу өлшегіш секілді приборлардың арнайы түрлерін ғана сатып алу және жыл сайын тексеріп тұру – артық талап.
«Қазір бәрі қымбаттап кеткен. Арзандары бар, бірақ оларды алуға рұқсат жоқ. Арнайы тапсырыспен алдыру керек екен. Ал оларды жыл сайын тексеруге қандай қажеттілік бар екенін түсінбедік. Мысалы, кәдімгі сызғышты не үшін тексеріп, сертификаттаудан өткіземіз? Мұндай шектен тыс талап қою жұрттың наразылығын тудырып отыр», дейді ол.
Бұл айтылғандарға қарап біз осы саладағы үш тарап – құзырлы орган, техбайқау операторлары және көлік иелері арасында пікір қайшылығы көп екенін байқаймыз. Заңсыздық пен кемшілік жетіп артылады. Жоғарыда айтылған утиль алым, көлікті алғашқы тіркеу, жол мен жанармай сапасы секілді мәселелерді де толық шешпей, көліктің техникалық жағдайы мен жол қауіпсіздігі проблемасының түбегейлі алдын алу мүмкін емес екенін көріп отырмыз. Сондықтан салаға реформа ауадай қажет.