Футбол • Бүгін, 08:02

Сенімге селкеу түсірмеді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің ұлттық құра­масы келесі жылы өтетін әлем чемпионатына ірік­теу кезеңі аясындағы кезек­ті матчын өткізіп, ұпай еншіледі. Сырт алаң­да Солтүстік Македония құрамасына қарсы тартыста 1:1 есебімен тең түсті.

Сенімге селкеу түсірмеді

Сурет: kff.kz

Скопье қаласындағы «Тоше Преоски» стадионында өткен тартыстың бірінші таймында біздің команда шабуылды күшейтіп, қарсыластарын шең­гелдеп сығымдай түсті. Тарс бүркеніп қорғаныстың қамын күйттейтін ұлттық құрама бұл ойында «көзірін ашқандай» көрінді. Шабуылды үдетіп, солтүстікмакедониялық ойыншыларды кәдімгідей састырды. 54-минутта «Жеңіс» клубы­ның ойыншысы Дінмұхамед Қараман ұлттық құрама сапындағы өзінің алғашқы голын соқты. Команда осы басымдықты 73-минутқа дейін ұстап тұрды. Алайда Солтүстік Македония құрамасының капитаны Энис Барди  еншісіне гол жазып, 74-минутта таразы басын теңестірді.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында ұлттық құ­ра­маның бас бапкері мін­детін атқарушы Талғат Байсу­фи­нов жігіттердің мінез таныт­қанына алғысын жеткізді. «Сол­түстік Македония ұлттық құрамасының әлем чемпионатына жолдама алу үшін барын салып, басымдықты уыстан шығармауға күш салатынын алдын ала білдік. Жігіттер жарады, олардың шабуылын дер кезінде тойтарып қана қоймай, өздері де алға ұмтылды. Мақсатымыз үш ұпай олжалау еді, бірақ бұйырмады. Ұлттық құрама қатарына жаңа қосылған ойыншылар сенімге селкеу түсірмеді. Олардың да қабілет-қарымын сынап көрдік. Жігіттер осы бағыттан таймауы керек», деді Талғат Мәруаұлы.

Ұлттық құрама келесі жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінен әзірге 7 ұпай жинап, J тобында 4-сатыда тұр. Соңғы матчты 15 қарашада өз алаңымызда өткізеді, Бельгия құра­масына қарсы ойнайды.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше