Қоғам • Бүгін, 08:47

Тұрақтылық пен келісім тұғыры

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамдық келісім, азаматтық бірлік және этносаралық қарым-қатынастарды дамыту – Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыты. Бүгінде елімізде жүзден астам этнос өкілдері татулық пен келісім аясында өмір сүріп жатыр. Оларды тең мүмкіндіктерге негізделген әрі тұрақты дамуға бағытталған Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі ортақ мақсат біріктіреді.

Тұрақтылық пен келісім тұғыры

Этносаралық ынтымақты ны­ғай­ту бағытында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тәжірибенің арқасында елімізде этносаралық келісім жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімді институттық жүйесі қа­лып­тасты. Бұл жүйе орталық мем­лекет­тік органдардан бас­тап өңір­лік Қазақстан халқы Ассам­блея­ларына дейін барлық деңгейде жұмыс істейді.

Мәдениет және ақпарат ми­­нистрлігінің мәліметінше, эт­но­­с­аралық қатынастардың даму дең­гейін зерделеу мен тәжі­рибелік ұсынымдар әзірлеу мақ­сатында өңірлерде тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер мен мониторингтік сапарлар ұйым­дастырылып келеді. Соның ар­қа­сында биылғы дерек бойынша тұрғындардың 95 пайыздан астамы елдегі этносаралық ахуал­ды тұрақты әрі қолайлы деп баға­лайтыны анықталып отыр.

«2022 жылғы сәуірден бас­тап кәсіби этномедиаторларды даярлау және медиация инс­титутын дамыту мақсатында Этномедиация орталығы жұмыс істейді. Этносаралық салада түсін­діру жұмыстарын күшейту үшін республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Қазіргі уақытта елімізде 80 ақпараттық-түсіндіру тобы белсенді қызмет атқарып жатыр. Қазақстан хал­қы Ассамблеясының бастамасымен 1000-нан астам этномәдени бірлестік пен 4000-ға жуық қоғам­дық құрылым біріктірілген. Олар­дың қызметіне 50 мыңнан астам азамат тартылған. Қоғамдық өмір­ге халықты кеңінен жұмыл­дыруда «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» маңызды рөл атқарады. Отбасылық құнды­лық­тарды нығайту және жас­тарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуге бағыт­талған «Мәдениетті ана – мәде­ниетті ұлт», «Адал азамат» және «Са­лауатты сана» жобала­ры табысты жүзеге асырылып ке­леді» делінген министрлік мәліметінде.

Айта кетейік, биыл алғаш рет Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында аудандық деңгейдегі ассамблея­лар құрылған еді. Ал «Ассамблея жастары» жастар қанаты 10 мыңнан астам жас өкі­лін бірік­тіріп, мәдениеттер ара­сындағы диалогті дамытуға бағытталған бастамаларды іске асы­рады. Жастар ұйымы­ның «Жаңа толқын», «Школа лидеров АНК» және «50 жас көшбасшы» сияқты жобалары табысты жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар еліміз­дің жоғары оқу орындарында түрлі этнос өкілдерімен жұмыс жүргізетін Студенттік ассамблея құрылған. Ол этносаралық келісім мен азаматтық бірегей­лікті нығайтуға, сондай-ақ волон­терлік қозғалыс пен этномедиация бағытын дамытуға өз үлесін қосып жүр.

Бүгінде елімізде 32 Достық үйі бар. Биыл Қызылорда, Атырау, Абай облыстарында жаңа Достық үйлерінің құрылысы басталды. Бұған қоса «Жомарт жан» қайырымдылық орталығы, «Жеңіс бірлікте» спорттық алаңы, «Елтану» жобасы белсенді түрде дамып келеді. Жыл басынан бері «Жомарт жан» орталығының меценаттары 35 мың азаматқа 305 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті.

Ғылым мен білімді дамыту мақсатында жоғары оқу орындарында Ассамблеяның 42 кафедрасы жұмыс істейді. 360 сарапшыны біріктіретін Ғылыми-сараптамалық кеңес пен Жас ғалымдар клубы зерттеу қыз­метін жандандырып жатыр.

Медиа саласында 11 тілде 50-ден астам газет пен журнал жа­рық көреді. Алғаш рет еліміздің 14 жоғары оқу орнында оқу бағ­дар­ламасына «Этносая­си сауат­тылық» курсы енгізіл­ді. ҚХА журналистер клубы 500-ге жуық БАҚ өкілдері мен медиа саласының мамандарын біріктіреді.

Ассамблеяның 170-тен астам ансамбльді қамтитын шығарма­шылық ұжымдары қауым­дас­ты­ғы құрылды. Сонымен қатар 4 эт­но­конфес­сиялық театр жұ­мыс істейді, мәдени іс-шара­лар­дың бірыңғай күнтізбесі жүзеге асырылып жатыр.

2023 жылы әдебиет, журналистика, мәдениет және өнер саласындағы жетістіктер үшін арнайы сыйлықтар тағайын­дал­ды. Сондай-ақ жал­пы­ұлттық бірлікті нығайтуға қосқан ай­рықша үлесі үшін «Ел бірлігі» ордені­мен марапаттау тәртібі бекі­тілді.

Еліміздің этносаралық келісім тәжірибесі халықаралық аренада жоғары бағаланатынын айта кетейік. ҚХА жанында еліміздің бейбітшілік моделін шетелде ілгерілетуге бағытталған Халық дипломатиясы орталығы және Достық елшілер корпусы жұмыс істейді. Ал «Ассамблея жастары» ұйымы ЮНЕСКО мен Еуропа Кеңесінің халықаралық жастар құрылымдарына мүше болып, өз бастамаларын Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстырды.

Биыл атап өтілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл­дығы ең маңызды оқиғалардың бірі болғаны белгілі. Мерейтой аясында 10 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылып, оған мил­лион­нан астам адам қатысты.