Бірыңғай цифрлық платформа құрылады
Отырыс Мәжіліс комитеттерінің жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдауымен басталды. Атап айтқанда, олар – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; 1993 жылғы 22 қаңтардағы және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамалар; 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жобасы.
Депутаттар ең алдымен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салды. Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған депутат Асхат Аймағамбетов тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және археология қызметін реттеу саласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп, Ұлттық құрылтайда бірқатар тапсырма бергенін атап өтті. «Ұсынылған заң жобасы – сол тапсырманың нақты орындалуы. Бұл – депутаттар мен ғалымдардың бірлесіп жасаған ортақ еңбегі», деген ол саладағы негізгі проблемалар мен оларды шешуге бағытталған нормаларға тоқталды.
Депутаттың айтуынша, бұл заң жобасы лицензиялау жүйесінің тиімсіздігі, археология саласындағы деректер хаосы, біріңғай ғылыми үйлестірудің болмауы, табылған жаппай жәдігерлер мен материалдарды сақтау жүйесінің жоқтығы, қазбадан кейін археологиялық нысанды өз кейпінде сақтау мен айналасын қалпына келтіру мәселесі, даму мен мұраны сақтаудың қақтығысы, заңсыз қазбалар секілді келеңсіздіктерді реттеу мақсатында қолға алынып отыр.
«Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүргізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі толық белгісіз. Мемлекетке толық әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштердің тізімі 42 тізілімде шашыраңқы түрде жүр. Ал қазба жұмыстары бойынша есептерді ешкім ешқайда өткізбейді. Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде, кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр. Біз осы жүйесіздікті тоқтатып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін енгіземіз. Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтер тізімі – енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады», деді А.Аймағамбетов.
Сонымен қатар ол қазір археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда бақылайтын, үйлестіретін нақты мекеме жоқ екеніне тоқталды. Айтуынша, кім қалай істеймін десе, солай істейді – біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өз бетімен білгенін істеп жүр. Нәтижесі – ретсіздік, қайталау, бақылаусыздық.
«Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет нағыз археологиялық «ми орталығы» болады. Ол қазба жұмыстарына мониторинг жүргізеді, ғылыми сараптама жасайды, бірыңғай ақпараттық жүйені басқарады және археологтерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді. Қай кезеңді, қандай ескерткіштерді зерттеуіміз қажет деген сұрақтарға да жауап беруге қауқарлы», деді депутат.
Ортақ қор олқылықты жояды
А.Аймағамбетов археологтердің тапқан жәдігерлері қайда тапсырылады және қайда кетеді деген мәселеде де біркелкілік жоқ екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бір жәдігерлер сөрелерде шаң басып жатса, енді бірі жоғалып кеткен, есепке алынбағандары да аз емес. Осы олқылықты жою мақсатында археологиялық материалдардың Мемлекеттік қоры құрылмақ.
Заң жобасында ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстарға 5 жылдық мерзімге лицензия беруді бөлу арқылы археологиялық жұмыстарға лицензия беру жүйесіне өзгерістер енгізілетіні жазылған. Сондай-ақ қаржыландыру тетігін ескере отырып, археологиялық жұмыстар жоспарлы және профилактикалық (жоспардан тыс) болып екіге бөлінеді.
Еліміздің барлық аумағынан жиналған жаппай археологиялық олжалар мен материалдарды сақтау үшін жаппай Археологиялық олжалар мен материалдардың ұлттық депозитарийі құрылады. Құжатта археологиялық жұмыстар нәтижесінде бұзылған жер учаскелері мен басқа да табиғи объектілерді міндетті түрде қалпына келтіру ережелері нақтыланады.
Бұған қоса тарихи және мәдени мұра нысандарын іздеу кезінде техникалық жабдықтарды (металл детекторлар, радарлар, магниттік құрылғылар және басқалар) заңсыз пайдалануға тыйым салынады. Ал тарихи және мәдени маңызы бар жерлер және олардың қорғалатын аймақтары мемлекеттік жер кадастрына енгізіледі.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Жасанды интеллект туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының Сенат тарапынан жаңа редакцияда ұсынылған жекелеген баптары жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева баяндама жасады. Бұл заң жобаларын алдымен Мәжіліс қабылдап, 130 түзету енгізіп, Сенатқа жолдаған еді.
«Сенат 3 заң бойынша 16 түзету енгізді. Олардың ешқайсысы Мәжіліс қабылдаған заңдардың мәтінін жақсартпайды да, нашарлатпайды да. Олардың барлығы тек редакциялық және нақтылау сипатында. Осылайша, аталған түзетулер құқық қолдану тәжірибесіне ешқандай әсер етпейді. Сондықтан комитет Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуге болады деп санайды», деді ол.
Субсидияны кешіктіру – созылмалы дерт
Отырыстың негізгі мәселелері қаралып болған соң депутаттар әдеттегідей түрлі сала жетекшілеріне өз сауалдарын жолдады. Депутат Мархабат Жайымбетов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекет тарапынан субсидиялар уақтылы берілмей жатқаны туралы мәселені көтерді. Оның айтуынша, еңбеккерлер тарапынан 2023 жылдан бері жиналып қалған субсидиялар мен пайыздық мөлшерлемелерді өтеу бойынша берешекке қатысты көптеген өтініш түсіп жатыр.
«Фермерлер мемлекеттік бағдарламалардың барлық шартын орындаған. Яғни егін екті, өнімін жинады, несиелерін жапты. Бірақ енді мемлекет өз міндеттемелерін қашан орындайды деп күтіп отыр. Бүгінде фермерлерге қаржыны уақтылы бермеу созылмалы дертке айналды. Мысалы, 2025 жылы көзделген 87,8 млрд теңгенің 11,6 млрд теңгесі ғана нақты төленген. Үкімет резервінен 80 млрд теңге бөлінгенімен, оның небәрі 36,3 млрд теңгесі игерілген. 2023 жылдан бастап субсидиялауға арналған шығындар жергілікті бюджеттерге берілді. Алайда олардың көбі дотациялық, сондықтан төлемдерді қамтамасыз ете алмай отыр. Нәтижесінде, жаңа өтінімдер қаржыландырылмайды, ал осы жылдың қаражаты өткен жылдардың қарызын жабуға жұмсалып жатыр. Мәжілісте бюджет отырысында мұндай мәселе басқа салаларда бар екенін көрсетті. Шешілмеген мәселені жергілікті бюджетке ысыра салуға болмайды», деді депутат.
М.Жайымбетов әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 1 қазандағы жалпы берешек көлемі 341 млрд теңгені құрағанын, оның 136,5 млрд теңгесі өткен жылдардың қарызы екенін еске салды.
Әдебиет институтын құруды ұсынды
Ал депутат Қазыбек Иса Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында қазіргі қазақ әдебиетінің тоқырауға ұшырағанын айтып, кейбір дамыған елдердегі секілді Әдебиет институтын құруды ұсынды.
«Әдебиет – мемлекеттің рухани коды, ғылымның идеялық тірегі және ұлттың мәңгілік жаны. Әдебиет – ұлттық идеологияның жұмсақ күші. Халықтың елдік санасын және ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын да – сол. Қазіргі қоғамда заманауи қазақ әдеби кейіпкерінің бейнесі толық сомдалмаған. Әдебиет пен мемлекеттік идеология арасындағы өзара ықпал әлсіз, жас буынның әдебиетке қызығушылығы төмен. Сондықтан бұл бағытта жүйелі мәдени саясат пен рухани бағдар қажет. Қазір қазақ әдебиетінде рухани дағдарыс байқалады, көп шығарма өткен заманның сүрлеуінен шыға алмай отыр. Ал қазір елге болашаққа сенімді, жарқын жол көрсететін шынайы шығармалар керек. Әсіресе жастарға ұлттық ұстаным мен жарқын технологиялық жаңа заманды ұштастыра білген ұлттық әдеби кейіпкерлер керек», деген ол АҚШ, Қытай, Үндістан секілді елдермен қатар, кезінде кеңес одағында да Әдебиет институты жұмыс істеп, қаламгерлердің жаңа буынын дайындап шығарғанын еске салды. Сонымен қатар қаламгерлер алаңсыз шығармашылықпен айналысуы үшін еңбегіне лайықты қаламақы мәселесі нақты жолға қойылуы керек екенін тілге тиек етті.
Отырыс барысында өзге де депутаттар тарапынан қалалардағы заңсыз қоқыс төгу орындары, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, мерзімді баспасөз құралдарын тасымалдау тарифтерінің қымбаттауы, әлеуметтік желідегі қауіпті пранктер, т.б. өзекті мәселелер көтерген сауалдар жолданды.