Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Дамудың идеялық компасы
Бұл құжат мемлекеттік құрылымдар үшін нұсқаулық қана емес, сонымен қатар қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін идеялық бағдар іспетті. Құжатта ішкі саясаттың негізгі қағидаттары айқын көрсетілген. Олар – «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді іргелі ұстанымдар. Бұл қағидаттар ел ішіндегі идеологиялық, саяси және рухани бағыттардың үйлесімді тепе-теңдігін қалыптастыруды көздейді. Әсіресе қоғамның әр тобының пікірін ескеру, билік пен бұқара арасындағы диалог мәдениетін орнықтыру – оның басты өзегі.
«Бұл құжаттың маңызы – кейінгі жылдары Президенттің Жолдауларында, Ұлттық құрылтай отырыстарында, сарапшылар талқысында қалыптасқан негізгі идеялар мен бағыттарды біртұтас құқықтық негізге біріктіруінде. Оның мәні бірнеше деңгейде көрініс табады: ол мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтады әрі елдің стратегиялық дамуына ортақ бағдар ұсынады», дейді Президент жанындағы ҚСЗИ Аймақтармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Әмина Үрпекова.
Оның айтуынша, біріншіден, қоғам үмітін арқалаған құжаттың қабылдануы елдің ішкі саясатының институционалдық тұрғыдан жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді. Ол кейінгі жылдары қалыптасқан негізгі идеологиялық әрі бағдарламалық бағыттарды біртұтас жүйеге біріктірген. Бұл – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар аясында ерекше маңызды. Өйткені билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер қайта бөлініп, жаңа саяси жауапкершілік моделі қалыптасып, азаматтық қатысу институттарының рөлі артып келеді.
«Екіншіден, құжат барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар үшін бағыт-бағдар беретін басқарушылық функцияны атқарады. Онда ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен мемлекет жаңғыруының нақты бағыттары айқын белгіленген. Әсіресе шешімдердің аймақтарда жүзеге асырылу тәжірибесіне қатысты сын-пікірлер жиі айтылып жүрген қазіргі жағдайда бұл құжат барлық мемлекеттік құрылым үшін ортақ көзқарас пен бірыңғай стандарттарды қалыптастыруға негіз болмақ», дейді Ә.Үрпекова.
Сарапшының пікірінше, үшіншіден, аталған құжаттың қоғам мен құндылықтар жүйесі тұрғысынан да мәні зор. Ол – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен ортақ құндылықтар негізінде құрылған жаңа қоғамдық келісімнің нышаны іспетті. Мұнда ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қағидаттары жүйеленіп, тұтас ұлттың рухани тұғыры ретінде бекітілген. Осы арқылы мемлекет ішкі саясаттағы басымдықтарын айқындап қана қоймай, қоғамды біріктіретін құндылықтар консенсусын орнықтырады. Бұл – түрлі әлеуметтік топтар мен буындарды «Әділетті Қазақстан» идеясы айналасындағы ортақ мақсат жолына жұмылдыратын маңызды қадам.
Жауапкершілік – жалпыға ортақ міндет
Ішкі саясаттағы басты міндет – қоғамдық тұрақтылық пен ұлт бірлігін сақтау. Осы тұрғыда жаңа құжат бұрынғы идеологиялық тәсілдерді жаңаша пайымдауға жол ашады. Мұнда этносаралық және конфессияаралық татулық, мәдени-гуманитарлық даму, отбасы мен жастар саясаты, ақпараттық кеңістік сияқты бағыттар кешенді түрде қамтылған.
Саясаттанушы Айгерім Серікжанованың айтуынша, ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары туралы жаңа бағдарлама тек мемлекеттік саясаттың идеологиялық беталысын айқындап қана қоймай, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға арналған.
«Бұл мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының, әрбір жеке азаматтың жауапкершілігін арттырады. Себебі елді тұрақты дамыту мен қоғамдық келісімді сақтау – әр азаматтың да борышы. Мемлекеттік қызметкер өз ісіне адал болса, БАҚ өкілі ақпаратты әділ әрі сауатты таратса, ғалым мен педагог жастарға елдік сана дарытса, ал қарапайым азамат өз ортасында әділдік пен мәдениеттілік үлгісін көрсетсе, Әділетті Қазақстанның іргесі бекиді», дейді ол.
Саясаттанушы құжатта көрсетілген қағидаттар – заң үстемдігі, ашық диалог, адал азаматтық ұстаным, экологиялық және мәдени жауапкершілік қоғамның жаңа сапалық деңгейге өтуіне негіз болатынын айтады. Бұл – мемлекеттің де, қоғамның да өзара сенімін күшейтіп, жаңа жалпыға ортақ этиканы қалыптастыруға бағытталған идеологиялық код.
«Осы қағидаттарды нақты жүзеге асыру қоғамның жаңаруына, ұлттық бірегейліктің артуына, азаматтардың өз елінің дамуына нақты үлес қосуына жол ашады. Әділетті Қазақстан мемлекет пен қоғамның өзара түсінісуінен басталады. Сондықтан құжат – бәрімізге ортақ жауапкершілік пен бірлескен даму мәдениетінің жаңа кезеңін білдіретін маңызды қадам. Яғни ішкі саясат тек саясаткерлердің ісі емес, әр азаматтың жауапкершілігі мен ұстанымына тікелей байланысты екенін ұғындырады»,
дейді ол.
Құндылықтарды құнттай білу керек
Бұған дейін ішкі саясат көбіне науқандық сипатта жүзеге асса, енді Президент Жарлығы оның институционалдық әрі стратегиялық сипатын айқындап отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, социология ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, бұл Жарлық – 2022 жылы басталған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының заңды жалғасы болуымен құнды.
«Біздің ең басты жалпыұлттық құндылығымыз, әрине, Тәуелсіздік пен отаншылдық. Бұл ұғымдардың аясында бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдықты да атауға болады. Егер осы айтылған әрбір құндылыққа бейжай қарамай, өміріміздің желкені ете білсек, олар Отанымызды үлкен мақсатқа жетелейді. Құндылықтарымызды құнттай білу арқылы әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесіне айналумен қатар, мәдениетіміз бен бірегейлігімізді нығайтамыз. Дүниеде орын алып жатқан технологиялық толқындарға ілескен жақсы, алайда ішкі бірлігіміздің іргетасы болатын құндылықтарымызды да естен шығармағанымыз абзал», дейді ол.
Әлеуметтанушының айтуынша, қазіргі таңда демографиялық өсу, жаңа ұрпақтың өмірге келуі әрі олардың тәрбиеленуі мен әлеуметтену үдерістері мүлдем өзгеше ортада жүріп жатыр. Олар – цифрлық орта мен жасанды интеллект дәуірі.
«Ал бұл жерде бірегейлікті сақтау және заң мен тәртіп қалай орнауы керек? Ол еңбекқорлықпен әрі кәсіби біліктілікпен келеді. Жасампаздықпен, жаңашылдықпен жүзеге асады. Әрбір технологияның ішінде өзінің бір мағынасы болу керек. Сол мағына қоғамның мәдениетімен, дәстүрімен тікелей байланысты. Сондықтан ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары анықталғаны азаматтық қоғамға да, мемлекеттік органдарға да түсінікті әрі айқын бағыт-бағдар беретін құжат», дейді сарапшы.
Аталған құжат мәтінінде еліміздегі этносаралық және дінаралық келісім мәселесіне де арнайы көңіл бөлінген. Айгүл Кәкімбекқызының айтуынша, бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен діни бірлестіктер қызметіне баса назар аударылуы керек. Жаңа құжаттың да мазмұны аталған салалардың маңызын айқындап тұр.
Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен жүзеге асқан бұл бастама – идеологиялық тұрғыдағы тарихи шешім. Ендігі міндет – қағидаттарды қағаз жүзінде қалдырмай, нақты істер мен жобалар арқылы өміршең ету. Еліміз үшін ішкі саясат халықтың үнін тыңдайтын ашық диалог алаңы кезеңіне өтті.