Аймақтар • Бүгін, 11:54

Қостанай дәрігерлеріне «Allur» құрастырған жедел жәрдем көліктері берілді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай облысының жедел медициналық жәрдем қызметі мекемелеріне 50 жаңа автокөліктің кілтін табыс етті. Салтанатты рәсім облыс әкімдігінің алдындағы алаңда өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанай дәрігерлеріне «Allur» құрастырған жедел жәрдем көліктері берілді

фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жаңа көліктер Қостанайдағы «Allur» зауытында құрастырылған. 40 автокөлік шұғыл көмек көрсетуге арналған. Қалғаны – реанимобильдер. Жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын жедел жәрдем көліктері облыс әкімдігінің қолдауымен 5 жылдық мерзімге лизинг бағдарламасы бойынша сатылып алынған.

Зауыттан жаңа шыққан автокөліктер халықаралық талаптарға сай заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған.

«Халыққа сапалы, қолжетімді әрі уақтылы медициналық көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы бүгінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуды, дәрігерлерге қолдау көрсетуді жүктеп отыр. Соңғы жылдары ауылдық жерлерде 600-ден астам медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 55 нысанды тапсырып, Президенттің тапсырмасын толық орындаймыз. Соның ішінде Қостанай облысында 25 нысанның құрылысы жүріп жатыр», деді министр.

Жаңа көліктер осы аптаның соңына дейін облысқа қарасты қалалар мен аудандарға жеткізіледі.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын аймақ басшысы да атап өтті.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуға, оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше назар аударып отыр. Осы тапсырмаларды орындау үшін өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылдық жерлерде медициналық нысандардың құрылысы белсенді жүріп жатыр. Былтыр 28 нысан салынса, жыл соңына дейін тағы 4 медициналық орталық пайдалануға беріледі. Нәтижесінде ауылдарда 32 жаңа медициналық мекеме жұмыс істейді. Бұл нысандар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек», деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, бұған дейін жедел жәрдем қызметіне тиесілі жүз машинаның 76 пайызы ескі болған. Жаңа көліктер берілген соң, аталған қызмет пайдаланатын автокөліктердің 90 пайызы жаңарып отыр.