Жаһандық турне
Турне Франция, Испания, сондай-ақ АҚШ елдерін қамтыды. Әр қаладағы концерт бағдарламасы отандық композиторлық мектеп пен орындаушылық дәстүрді классикалық еуропалық және америкалық камералық музыка мұрасымен үйлестірді. Парижден Бостонға дейінгі серия Қазақстан музыкасын әлемдік деңгейде көрсетуге, тыңдармандарға ұлттық мәдениеттің жаңа қырын таныстыруға мүмкіндік берді.
«Музыкада шекара жоқ. Біз Қазақстанның даусын бүкіл әлемге естірткіміз келеді. Ұлттық музыкамыздың жаңа классикалық кеңістіктің ажырамас бөлігі ретінде қабылдануын қалаймыз», – деді квартеттің көркемдік жетешісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев турне мақсатының қыр-сырына тоқталып.
1988 жылы студенттік ұжым ретінде құрылған квартет төрт онжылдық ішінде Еуразиядағы ең беделді камералық топтардың біріне айналды. Италиядағы (Rovere d’Oro, Bellini Competition), Жапониядағы (Osaka International Competition), Испаниядағы халықаралық конкурстардың лауреаты атанып, Еуропа, Азия, сонымен қатар Америкадағы ең ірі сахналардың төріне көтерілді. Қазіргі құрамда өнер көрсетіп жүрген Айдар Тоқталиев (бірінші скрипка), Алексей Лебедев (екінші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), Ернар Мыңтаев (виолончель) бастаған музыкантардың қай-қайсысы да шеберлігімен көпті тәнті еткен кәнігі мамандар. Бүгінде Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті тек еліміздің бай мәдени дәстүрін ғана емес, сонымен бірге заманауи музыкалық кеңістікке ашық, әлемдік деңгейдегі орындаушылық мектептің айнасы ретінде танылып отыр.
Париж: ұстазға тағзым
Турнеңің алғашқы аялдамасы – Париж. Әлемге әйгілі «Salle Cortot» залында квартет өнер ұжымының рухани ұстазы, атақты виолончелист Валентин Берлинскийдің 100 жылдығына арналған фестиваль бағдарламасында өнер көрсетті.
«Бұл сахнада өнер көрсету – ел мәдениетінің әлемдік аренадағы мәртебесін паш етудің символы», – дейді квартет мүшелері.
Сахнада Danel Quartet, Михаил Копельман, Борис Андрианов, Николя Бальдеру және Людмила Берлинская сияқты әйгілі музыканттармен бірге өнер көрсеткен квартеттің шығармашылық әлеуетіне кәрі құрлық көрермендері тәнті болды. Бағдарламада Йозеф Гайдн, Дмитрий Шостакович, Сергей Прокофьев, Ғазиза Жұбанова шығармалары орындалды.
Мадрид: үш әлем һәм бір түн
Келесі аялдама – Мадрид. «Auditorio Nacional de Música» сахнасында Республика күніне орай Испаниядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Tres Mundos y una Noche» – «Үш әлем және бір түн» атты концерт өтті.
Квартет бағдарламада маэстро Альберт Скуратов жетекшілік ететін «Madrid Festival Orchestra», сондай-ақ «Bauhas Quartet» пен «Parallel Quartet» ансамбльдерімен бірге өнер көрсетті. Мадрид кешінің тағы бір ерекшелігі – қазіргі отандық музыка көшбасшыларының бірі Қуат Шілдебаевтың шығармалары еуропалық және испан композиторларының туындыларымен қатар шырқалып, қазақ музыкасының әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын айқындады. Сондай-ақ квартетпен бірге Р.Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, домбырашы Талғат Кәрімов өнер көрсетіп, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындады. Осылайша, Мадридтің тыңдармандарына үш әлемнің музыкалық үні – қазақ, еуропа және испан дәстүрі бір концертте үйлесіп жетті.
АҚШ: музыкалық Олимп
Әлемдік турненің аса маңызды нүктесі— «Carnegie Hall» (Weill Recital Hall) сахнасындағы концерт. Нью-Йорктегі концерттің ұйымдастырылуына әлемдік аренада қазақстандық өнерді ілгерілету бастамасын қолдаған «Атамекен-Агро» ауыл шаруашылығы холдингі мұрындық болды.
Нью-Йорктегі сахна – әлемдік классикалық музыкадағы мәртебелі орындардың бірі. Бұл жерде өнер көрсету аз ғана отандық музыкантқа бұйырған. Ал квартет үшін бұл – кәсіби деңгейінің әлемдік қауымдастықта мойындалуының белгісі, сонымен қатар Қазақстанның академиялық мектеп дәстүрінің абыройын паш ететін символдық сәт.
Кеш бағдарламасына Иоганнес Брамстың фа минор, Op.34 фортепианолық квинтеті кірді. Оны халықаралық конкурстардың лауреаты, Нью-Йорктегі «Mannes College of Music» түлегі, ерекше техникасы мен терең эмоциялық интерпретациясымен танымал пианист Тимур Мустакимов орындады. Талантты өнерпаздың қатысуы концертке ерекше қуат беріп, Қазақстан мен әлем арасындағы шынайы музыкалық диалог жасады. Квартеттің концерті сонымен қатар Чарльз-Таун, Хатборо, Филадельфия, Мейпл-Глен қалаларында да жалғасты. Әр қаладағы көрермен отандық орындаушыларға шексіз ықыласын білдірді. Бостонда ансамбль Моцарт, Шуберт, Барбер, Қуат Шілдебаев шығармаларынан тұратын өзге камералық бағдарламамен шықты. Квартет ұсынған концерттік бағдарламаның қай-қайсысы да көрермен көңіліне жол тапқан айрықша толқулы сәт болғаны анық. Ал айтулы турне – қазақ музыкасының әлемдік аренада өз биігін бағындырғандығының айқын айғағы.