Сурет: kz.emb-japan.go.jp
Елшілікте өткен іс-шарада Жапонияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса мен Өскемен қаласындағы «Страна чудес» оңалту-дамыту орталығы» ҚБ төрағасы Анна Ипатова гранттық келісімшартқа қол қойды.
Жапония елшісі қаржылай қолдауға ие болған орталықты құттықтай отырып, «Kusanone» бағдарламасы қарапайым халықтың өмірін жақсартуға, сондай-ақ Жапония мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Орталық басшысы грант қаржысына балаларды үйлерінен оңалту орталықтарына тасымалдайтын көлік алуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Аутист балалармен қоғамдық көлікке міну біраз қиындық туғызады. Менің балам осындай дертке шалдыққан, сондықтан осындай балалары бар ата-аналарды жақсы түсінемін. Оларды дамыту қажет, сол себепті оңалту, дамыту орталықтарына күнде қатынауға тура келеді. Такси немесе жеке көлікпен апарамыз, таксимен шығын көп, ал жеке көлік бәрінде бола бермейді. Сондықтан алдымен көлік мәселесін шешуіме тура келіп тұр», деді ол.
Грант сомасы – 64 069 доллар көлемінде. «Страна чудеске» нақты қанша қаржы берілетіні жобаны жүзеге асыру барысында жасалатын келісімшарттарға байланысты болмақ.
Елші Ииджима Ясумаса «Kusanone» бағдарламасына тоқталып өтті.
«Kusanone» – Жапония Үкіметінің адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шағын ауқымдағы әлеуметтік жобаларға қайтарымсыз көмегі. Оның мақсаты – халықтың қарапайым топтарына жәрдемдесу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуетін арттыру арқылы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету. Бағдарламаға жергілікті билік органдары, медицина, білім беру мекемелері, үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдар, қоғамдық қорлар қатыса алады. Жоба денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, экология, қоршаған ортаны қорғау, кедейлікпен күрес, т.б. салаларға арналған», деді елші.
Аталған бағдарлама елімізде 1997 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақытта 8 266 005 долларды құрайтын 122 жоба іске асқан.