Конференцияда цифрлық гуманитаристика бағытындағы зерттеулерге басымдық берілді. Іс-шараның ресми ашылуында Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дархан Ақпанбетов баяндама жасап, цифрлық қоғам жағдайында білім беру мен ғылымның жаңа міндеттеріне тоқталды. Ол қазіргі кезеңде ЖИ технологиялары тек инженерлік немесе техникалық салаларға ғана емес, тарихи зерттеулер, тіл саясаты, мәдени мұраны сақтау сияқты гуманитарлық бағыттарға да түбегейлі өзгеріс әкеліп отырғанын атап өтті.
ҰҒА академигі, профессор Мақтағали Бектемісов жасанды интеллект негізінде жүзеге асатын ғылыми деректерді құрылымдау, оқу сапасын автоматты бағалау және зерттеу процестерін оңтайландыру мәселелерін көтеріп, білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның артықшылықтарын түсіндірді.
Іс-шарада отандық және шетелдік ғалымдар тақырыпқа қатысты сан қырлы баяндама жасап, өз пайымдарын ортаға салды. Атап айтқанда, Пәкістандық Sukkur IBA University зерттеушісі Зафаруллах Сахито инженерлік білім беруді көптілді ортада дамытудың ғылыми негіздерін ұсынып, STEAM моделіне тілдік компонентті енгізудің маңызын көрсетті. Kazakh-American University президенті, академик Асылбек Исахов жасанды интеллекттің қоғамның құндылық жүйесіне әсері туралы терең талдау жасап, алгоритмдік әділеттілік пен цифрлық этиканың елеулі мәселелерін көтерді.
Бауырлас өзбек елінен келген Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Бахтияр Эргашев Түркістан генерал-губернаторлығы құжаттарын цифрлық деректану әдістерімен талдаудың жаңа нәтижелерін ұсынды.
Сондай-ақ, профессор Жомарт Симтиков гуманитарлық ғылымдардың цифрлық ортада эволюциясын сипаттай отырып, жаңа әдіснамалық тәсілдерге жүгінуді алға тартса, МИТУ профессоры Алтынай Абуова тағам өндірісіндегі инновациялық шешімдерге арналған зерттеу нәтижелерін ұсына отырып, ЖИ технологияларының өндіріс саласындағы тиімділігін дәлелдеді. Түркиялық зерттеуші Ибрахим Калқан қазақ шежіресін цифрлық форматта реконструкциялау бойынша жаңа әдістерді көрсетіп, генеалогиялық зерттеулердің келешегін кеңейту мәселесіне тоқталды.
Конференция барысында тарих және мәдени мұра бағытында архивтік материалдарды цифрландыру, тарихи деректерді ЖИ арқылы талдау, виртуалды музейлер құру мәселелері қаралды. Көптілді білім беру, цифрлық лингвистика және тілдік контентті автоматтандыру, жасанды интеллектің экономика, технология және қоғамдағы орнықты даму процестеріне әсері кеңінен зерттелді.
Форум қорытындысында цифрлық гуманитаристиканың болашағы мен ЖИ технологияларын ғылыми процестерге интеграциялау жөнінде жаңа ғылыми тұжырымдар жасалды.