Заң • Бүгін, 14:07

Қоғамдық орындарда ниқаб кигендерге жаза қолданылады

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңда құқықбұзушылық профилактикасы жүйесі кеңейтіліп, профилактика субъектілерінің саны 13-тен 26-ға дейін артады, деп жазады Egemen.kz.

Қоғамдық орындарда ниқаб кигендерге жаза қолданылады

Фото: islam.kz

Оған отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар, қамқоршылық органдары, БАҚ, жастар ісі жөніндегі орталықтар, уәкілетті органдар және кәсіпкерлер кіреді.

Мәжілістің баспасөз қызметі профилактика моделінің өзі қайта қаралатынын мәлімдеді. Енді оған жалпы, жеке және арнайы шаралар енгізіледі.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын, бет әлпетін тануға кедергі келтіретін киім (ниқаб) кигені үшін әкімшілік жаза қарастырылған.

Осы сипаттағы құқықбұзушылық бірінші рет жасалса ескерту беріліп, қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заңға қайшы контентті жариялағандар мен таратқандарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұзушылықтардың себебін жою туралы нұсқауларын қасақана орындамағандарға қатысты да жауапкершілік енгізіледі.

Сондай-ақ табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша азаматтық қорғаныс шараларын орындамағаны үшін мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен жергілікті билік органдарына жаңа жауапкершілік жүктейтін түзетулер енгізілді. Енді Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай адамдарды жауапкершілікке тартуға құқылы.