Айбын • Бүгін, 08:20

200 сарбаз ант берді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің қарулы күштері тағы да жас сарбаздармен толықты. Биыл Астанаға күзгі шақырылыммен мерзімді қызметін өтеуге келген 200 азамат әскери ант қабылдады. Салтанатты ант беру рәсімі Отан қорғаушылар монументі алаңында өтті.

200 сарбаз ант берді

Іс-шараға Құрлық әскерлерінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, астаналық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері және сарбаздардың ата-аналары мен жақындары да қатысты.

Астаналық 68665 әскери бөлімі жас өрендері дәстүр бойынша «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, қатысушылар қазақ жауынгерлерінің ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты іс-шарада әскер қатарына енді қосылған жас сарбаздар Құрлық әскерлері бас штабының бастығы – бас қол­бас­шының бірінші орынбасары генерал-майор Қуанышбек Үштаев құттықтады.

– Бұл рәсім ел үшін де ерекше күн. Осылайша сарбаздар Отан алдында ант беріп, халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға үлкен қадам жасайды. Ант – жай сөз емес, бұл әрбір еразаматтың өмірлік қағидаты, абыройы мен қадір-қасиеті. Әскери қызмет берік тәрбие және болашақ жетістіктердің бас­тауы болады, – деді ол.

Жас сарбаздар астаналық бригадаға еліміздің әр өңірінен келген. Солардың бірі Түркістан облысының азаматы Ернұр Досымхан әскерге өз еркімен шақырылғанын айтты.

– Көпбалалы отбасынанмын, он үш бауырым бар. Әрине, оларды сағындым, дегенмен әскери тәжірибе менің болашақ өміріме нық қадам болатынына сенемін. Осы сәтке – ант қабылдауға қатарластарыммен барынша дайындалдық. Жас жауынгер курсында көп нәрсе үйрендім және әскердің тыныс-тіршілігіне етім үйреніп қалды, – дейді сарбаз.

Ант қабылдағаннан кейін сарбаздар алаңда салтанатты марш жасап, әскери-патриоттық әндерді орындады. Әскери жиында 68665 әскери бөлімнің екі офицеріне – капитан Сұңғат Қабдыровқа және аға лейтенант Ернар Кенжебайға Қарулы күштердің ардагері генерал-майор Әлихан Жарболов мерейтойлы медалін тапсырды.

Одан кейін қоян-қолтық ұрыс элементтерінің көрсетілімі және құрмет қарауыл ротасының әскери дефиле көрсетуімен аяқталды.