Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев ветеринария қызметін дамыту еліміздің азық-түлік пен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарты екенін атап өтті. Оның айтуынша, нормативтік базаны жетілдіріп, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру мен кадр әлеуетін нығайтумен қоса саланы жүйелі түрде жаңғырту қажет.
«Бүгінде биологиялық қауіпсіздік мәселесі ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігіне айналды. Ветеринарлық қызметті нығайту салалық мәселе емес, мемлекеттің стратегиялық мәні бар екеніне көз жеткіздік. Еліміздегі мал басының өсуі, экспорт бағытының кеңеюі, климаттық өзгерістердің күшеюі ветеринарлық қызметтің жедел, сапалы әрі ғылыми негізделген жұмысын талап етіп отыр. Адам денсаулығын, азық-түлік нарығының тұрақтылығын, еліміздің жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін осылай ғана қорғай аламыз», деді Ә.Бектаев.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі Мереке Тайтубаев халықаралық стандарттарды сақтау, өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мен биоқауіпсіздік шараларын нығайту қажет екенін атап өтті.
Ал сенатор Арман Өтеғұлов зертханалардың материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сәйкес келмей тұрғанын мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, ондағы ақпараттық жүйелер әлсіз, эпизоотиялық мониторингті күшейту қажет.
«Бүгінде көптеген өңірде ветеринар мамандарының тапшылығы 25–30 пайызға жетті. Бір маманға жүктеме аймақтарда 2–2,5 мың малға дейін барса, мұндай жағдайда сапалы диагностика да, профилактика жүргізу де мүмкін емес. Кадрлар даярлайтын ЖОО бағдарламалары халықаралық талаптарға толық сай емес, ірі шаруашылықтар алыс жақын шетелдерден білікті мамандарды жұмысқа алуға мәжбүр. Жас мамандар ауылдық аймақтарға барудан бас тартып отыр, себебі әлеуметтік жағдай төмен, тұрғын үй жоқ, жалақы бәсекеге қабілетсіз. Бұл саланы болашақта кадрлық күйреуге алып келуі ықтимал», деді А.Өтеғұлов.
Сондай-ақ депутат ауылдық ветеринарлық пункттерді жабдықтауға байланысты біршама жұмыс атқарылғанын айтты, дегенмен тоңазытқыш, дезинфекция құралдары, биоқорғаныс жабдықтары секілді қарапайым жабдықтар көптеген нысанда жетіспейді. Ал зертханалардың күйі тіпті төмен. Олардың жартысы заманауи құралдарсыз жұмыс істеп жатыр. ПТР диагностикасы барлық өңірде қолжетімді емес. Бұл қауіпті ауруларды кеш анықтауға әкеледі.
«Сонымен қатар халықаралық аккредитацияның болмауы біздің зертханалық нәтижелерге сыртқы нарықтардың сенімін төмендетеді. Бұл – экспорттық әлеуетті тежейтін фактор. Эпизоотиялық жағдай да созылмалы деуге болады. Бруцеллез, құтыру, сібір жарасы, туберкулез сияқты ауру ошақтары жекелеген өңірлерде жылдар бойы жойылмай келеді», деді сенатор.
Оның айтуынша, жеке қосалқы шаруашылықтар вакцинацияға немқұрайлы қарап отыр. Мал санын тиісті деңгейде тіркелмеді, салдарынан қаңғыбас жануарлар популяциясы бақылаусыз өсіп жатыр. Бұл – тек ветеринарлық қызметтің емес, қоғамдық жауапкершілік деңгейінің де төмендігі.
Бұған қоса, депутат әлем елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді. Мәселен, елімізде ИСЖ, VetLab, ISZH-Mobile, Төрт түлік сияқты жүйелер бар, бірақ олар бір-бірімен толық интеграцияланбаған. Ақпарат әр жерде бөлек, нақты уақыт режімінде талдау мүмкін емес. Ал дамыған елдерде барлық дерек бір платформада шоғырланады.
«Мысалы, ЕО-ның TRACES жүйесі, АҚШ пен Канададағы орталықтандырылған желілер тәуекелдерді автоматты түрде талдап, алдын алу шараларын жедел іске асыруға мүмкіндік береді. Елімізде мұндай жүйе толық іске аспайынша, эпизоотиялық бақылау дәл болмайды, экспорттық нарыққа шығу да шектеледі. Ал бүгінде халықаралық нарық тек өнім сапасын емес, оның шыққан орнынан бастап – тағамға дейінгі жолын талап етеді. Қытай, Парсы шығанағы, ЕО елдері жануардың қайда туғанын, қандай вакцина алғанын, қандай зертханада тексерілгенін талап етеді. Қадағалау автоматтандырылмағандықтан, еліміз экспорттық әлеуетін толық пайдалана алмай отыр», деді сенатор.
Ә.Бектаев отырысты қорытындылай келіп, ветеринария қызметінің стратегиялық маңызын атап өтті. Ол белгіленген шараларды жүйелі іске асыру, мекемеаралық өзара іс-қимылды кеңейту және кадр даярлығын нығайту қажеттігіне тоқталды. Талқылау барысында айтылған барлық ұсыныс Үкіметке жіберіледі.