Білім • Кеше

Nazarbayev University докторантураға 200 грант бөледі

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15 жылдық мерейтойы аясында Nazarbayev University докторантураға қабылдау көлемін едәуір арттырмақ. Университет PhD бағдарламаларына 200 толық грант ұсынып, ғылыми кадрлар даярлауды жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Nazarbayev University докторантураға 200 грант бөледі

Фото: nazarbayevfund.kz

Nazarbayev University докторантураны қолдау бағдарламаларын кеңейтеді. Университеттің 15 жылдығына орай PhD бағдарламаларына 200 толық грант бөлінеді. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Қосымша қаржыландыруды университеттің өзі және NU Impact Foundation әлеуметтік даму қоры қамтамасыз етеді.

Университет президенті, профессор Вакар Ахмадтың айтуынша, NU докторантура түлектерін сапалы даярлауымен халықаралық деңгейде бедел жинаған.

«Бізде әлемдік деңгейдегі профессорлық-оқытушылар құрамы мен заманауи зерттеу инфрақұрылымы бар. Осы мүмкіндіктер талантты әрі талапты жастардың академиялық әлеуетін толық ашуына жол ашады. PhD гранттарының екі есе артуы – еліміз бен өңір үшін өзекті ғылыми мәселелерді шешуге бағытталған зерттеулерді дамытуға деген берік ұстанымымыздың көрінісі», деді ол.

Қосымша гранттар докторантураның барлық бағыттарына бөлінеді. Әсіресе физика, компьютерлік ғылымдар, инженерия және медицина салаларына басымдық беріледі.

Доктор Луис Р. Рохас-Солорсано университеттің алдағы мақсатын да атап өтті.

«Біз NU қабырғасында 1000-нан астам докторант пен кәсіби докторлық бағдарламалар тыңдаушылары білім алғанын қалаймыз. Сол үшін алдағы жылдары докторантураға қабылдауды ұлғайтып, жаңа академиялық құрылым – Докторантура институтын құруды жоспарлап отырмыз», деді ол.

Айта кетейік, Nazarbayev University жас университеттердің жаһандық рейтингінде 106-орында тұр. Сонымен қатар Times Higher Education беделді халықаралық рейтингі бойынша Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы №1 ғылыми-зерттеу университеті атанып, әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының топ 23 пайызына енген.

Соңғы жаңалықтар