Фото: istockphoto.com
Мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады
Облыс тарихында соңғы үш жылда алғаш рет барлық ауданда бірдей тұрғын үй құрылысы жаппай қолға алынды. Нәтижесінде 1 800-ге жуық отбасы баспаналы болып, армандарына қол жеткізді. Атап айтқанда:
- 2023 жылы – 430 пәтер;
- 2024 жылы – 1015 пәтер;
- 2025 жылы – 332 пәтер пайдалануға берілді.
Биыл бұл қарқын бәсеңдемейді: бюджеттен бөлінген 58,7 млрд теңгеге тағы 3600 пәтерлік үйлердің құрылысы басталды.
Өңірдегі құрылыс жұмыстарының өзегі – өскелең ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына бағытталған. «Білімді қолдау қорының» 8,4 млрд теңгесіне салынған физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты мен Арал ауданындағы жаңа мектеп соның айқын дәлелі.
Сонымен қатар Қызылорда қаласында 11 млрд теңгеге «Сыр жұлдыздары» академиясы бой көтеріп жатса, ірі компаниялардың демеушілігімен заманауи Оқушылар сарайы мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты ашылды. Болашақ мамандарды даярлайтын «Құзыреттілік орталығы» мен балалардың жыл бойы тынығатын демалыс лагері де аймақтың ажарын аша түспек.
Жасыл аймақ және туризм: Қызылорданың жаңа келбеті
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс орталығы танымастай өзгерді. Қайта жаңғырған Президент саябағы, Қорқыт Ата мемориалды аллеясы мен жаңарған қалалық демалыс паркі тұрғындардың сүйікті орнына айналды. Алдағы уақытта Сырдария өзенінің үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі мен бес жұлдызды қонақүй құрылысы аяқталғанда, Қызылорданың туристік әлеуеті тіпті арта түспек.
Ауылдарды абаттандыруға бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы да өз жемісін беріп, жеңімпаз ауылдар заманауи техникалармен жарақтандырылып жатыр. Осылайша, Сыр өңірі бүгінде тек күріштің отаны ғана емес, жасампаз құрылыс пен жайлы өмірдің мекеніне айналып келеді.