Президент • Бүгін, 08:50

Еуразиялық экономикалық одақ: Жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты.

Еуразиялық экономикалық одақ: Жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Кездесуге Қазақстан Пре­зи­дентімен бірге Ресей Феде­рациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Рес­пуб­ликасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Рес­публикасының Премьер-ми­нистрі Никол Пашинян, сондай-ақ Еуразиялық эконо­мика­лық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Кеңес отырысында Еура­зия­лық экономикалық одақ жұмысының келесі жылы атқаратын негізгі міндеттері мен бағыттары талқыланды. Сонымен қатар жиынға қаты­сушылар ЕАЭО-ның қазіргі қызметіне байланысты бірқатар мәселе жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қонақ­жай­­лылық танытып, іс-шараны жо­ғары деңгейде ұйымдастырға­ны үшін Президент Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сон­дай-ақ Жаңа жыл қарса­ңын­да Петербургтегі дәстүрлі кез­десу жылды қортындылап, ал­дағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президент биыл Еуразия­лық эко­номикалық одақ үшін мерей­лі жыл болғанын еске салды. Ұйым дамудың екінші он­жыл­­дығына батыл қадам басты. Осы кезең ішінде өзара сауда-cат­­тық тұрақты түрде өсіп, ірі инф­­ра­­құ­рылым жобалары табысты жү­з­еге асты және өнеркәсіп коопе­­­ра­циясының аясы кеңейе түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдар­дағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан, ұйымға мүше мемлекет­тердің экономикалық даму қарқыны бәсеңдемегеніне тоқталды.

«Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекет­тердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 млрд доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 млн доллар, 2024 жылы – 4 млрд доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайызға артып, 1,5 трлн долларды құрады», деді Мемлекет басшысы.

Президент ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударып, интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындады.

«Әлем жаппай цифрлық трансфор­ма­ция мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Уақыт ағымынан қалмай, заманауи технологияларды ЕАЭО-ға мүше елдер экономикасының барлық саласына енгізу қажет деп санаймын. Жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізе бастауды ұсы­намыз. Атап айтқанда, мұндай жүйе­лерді сауда ағынын жоспарлауға және кеден­дік баж салығының ықпалын бағала­уға қазірдің өзінде пайдалануға болады. Келесі жылы Қазақстан ұйымға төраға­лығы аясында дәстүрлі Еуразия экономи­калық форумын өткізеді. Осы жиында Экономикалық одақ кеңістігінде Жасан­ды ин­теллектіні жауапкершілікпен пайда­ла­ну туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауға болар еді», деді Мемлекет басшысы.

д

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО әлемдегі маңызды көлік-логистика торабы бола алады.

«Бірлестік құрамындағы мемлекет­тердің аумағы арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Солтүстік – Оңтүстік, Транс­каспий халықаралық көлік бағдары секілді негізгі дәліздер өтеді. Қазақстан шетелдік серіктестермен бірге (Ресей Федерациясында, Қытайда, Әзербайжанда және басқа да елдерде) халықаралық мультимодальды логистика орталықтары мен терминалдар желісін (Румыния мен Мажарстанда) дамытуды белсенді қолға алды. Серіктестерімізді сауда-саттықты жандандырып, жүк тасымалы шығынын азайту үшін ұйымға мүше өзге мемлекеттерді де осы іске атсалысуға шақырамыз», деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұры­лымы арқылы ынтымақтастықтың тың мүм­кіндіктеріне жол ашылатынын жет­к­ізді. Президенттің айтуынша, Каспий теңізін­дегі негізгі порттарда орналасқан зама­науи контейнер хабтары ұдайы ұлға­йып келе жатқан жүк тасымалына қыз­мет көрсете алады. Бұл ретте ол ұйымға мү­ше елдердің транзит әлеуетін нығайтуға сер­пін беретін Кеме қатынасы туралы келісім­нің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған жаңа өндіріс орындарын дамытуға баса мән берген жөн.

«Еуразия даму банкі сарапшылары­ның есебіне сәйкес, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын шығару және экспорттау бойынша қосымша мүм­кін­дігі 67 млрд долларға бағалана­ды. Осы әлеуетімізді толық пайдалансақ, түпкі нәтижесі 500 млрд долларға жетуі ықтимал. Аталған мақсатқа жету үшін өнеркәсіп кооперациясын күшейту қажет. Бұл орайда серпінді инновациялық жобаларға инвестиция құйған жөн», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзара сауда-саттық­тағы әкімшілік кедергілерді толық­тай жоятын уақыт келгенін мәлімдеді.

«Азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік бермейтін қолдан жасалған шектеулерді алып тастап, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін жою қажет. Кедендік реттеу және (көлік, санитарлық, ветеринарлық, фитоса­нитарлық) мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмау­ға тиіс. ЕАЭО құрылғалы бері кедер­гі­сіз сау­да ортасын қалыптастыруға бағытталған біршама құжат қабылданды. Енді осы ортақ міндеттерді мүлтіксіз сақтап, өзара алыс-беріс пен барыс-келіске «тұсау болатын түйткілдерді» уақтылы шешіп отыру керек. Комиссия кедергілерді шұғыл анықтау үшін ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­тердің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интел­лект технологиясын қосу мүмкіндігін қарас­­тырғаны жөн. Кедергісіз нарық пен тауар­лардың еркін қозғалысын қамта­масыз ету басты міндет болуға тиіс. Азамат­тар мен бизнес интеграцияның нақты пай­дасын көруі керек», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуді белсенді қолға алған дұрыс деп санайды.

«Биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономика­лық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Индонезиямен осындай мәміле жасалады. Біз мұны құптаймыз. Бұл – бірлескен жұмыстың елеулі нәтижесі. Әрі өзге елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыс­тарын тереңдетуге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар ШЫҰ, АСЕАН секілді басқа да маңызды ұйымдармен ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлу керек», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттер алдында салмақты шешім мен үйлесімді әрекетті талап ететін күрделі міндеттер тұрғанына назар аударды.

Президент келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету миссиясы Қазақстан Республикасына өтетінін еске салды. Мемлекет басшысы еліміз жаңа табысқа қол жеткізіп, бірлестік елдерінің игілігін еселеу үшін нәтижелі жұмыс жүргізуге ниетті екенін айтты. Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28–29 мамырда Астанада өтетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым төрағасы міндетін табысты атқарғаны үшін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға алғыс айтты.

Сонымен қатар саммитке Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Индонезияның, Иранның және Кубаның өкілдері қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды. 

Соңғы жаңалықтар