Фото: e-history.kz
Жыл басында қазақ халқы Мұхтар Мағауиннен айырылып қалды. 84 жасына дейін қаламын тастамаған, қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен классик жазушы.
Іле-шала абайтану ғылымының көрнекті өкілі, хакімнің шығыстық дүниетанымын зерттеген Мекемтас Мырзахметұлы дүниеден озды. Ғасыр жүрек ғалымның 94 жасына қараған шағында тоқтады.
21 ақпанда Дулат Исабеков көз жұмды. Оның «Әпке», «Қарғын», «Гауһартас» сынды шығармалары қазақ прозасына жаңа леп әкелген еді.
Сәуір айында көрнекті ғалым, фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов қайтыс болды. Ол ауыз әдебиет жанрға жіктеп, ғылыми жүйесін жасады.
Қазақ прозасы мен драматургиясына ересен еңбек сіңірген Әкім Таразидей алып бәйтерек те құлады.
Мамырда көк түріктер сарынын қайта жаңғыртқан ақын Темірхан Медетбек 79 жасында бақилық болды. Ол қазақ поэзиясына бағзы рух пен ілкі форманы әкелді.
68 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері актер Қайрат Кемалов ұлы сапарға аттанды. Көпшілік оны «Қазақ хандығы» телесериалындағы Керей хан образымен жақсы таныды.
4 тамызда ғарышкер Талғат Мұсабаев 74 жасында өмірден өтті. Ол ғарышқа үш мәрте ұшқан қазақ болатын.
Поэзия, драматургия, музыка саласына орасан еңбек еткен Исраил Сапарбай да бұ дүниемен қош айтысты. Халық оны «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» өлеңімен бірден танитын.
Сонымен қатар қазақ халқы ақын Күләш Ахметовамен, актриса Дәриға Тілендиевамен, әдебиеттанушы Мақсат Тәж-Мұрат және әдебиет сыншысы, сценарист, режиссер Ғалым Доскенмен қош айтысты.
Ұлы тұлғалардың таудай аманаты енді келер ұрпаққа мирас болғай.