Саясат • Бүгін, 09:05

Ішкі нарықты қорғау міндеті

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық азық-түлік өндірісін қолдау тетігін түбегейлі күшейтуге жаңа жұмыс тобы құрылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында берген нақты тапсырмасы аясында қолға алынды. Жұмыс тобына тамақ өнеркәсібі саласындағы салалық қауымдастықтар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері енді.

Ішкі нарықты қорғау міндеті

Сурет: nazarmedia.kz

Жұмыс тобына Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы жанындағы аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Нұржан Әшімбетов жетекшілік етеді. Қазір­гі уақытта топ тамақ өнеркәсібі сала­лық одақтарының ұсыныстарын жинақ­тап, заңнамадағы олқылықтарды сара­лап, реттеуші құжаттарды жетілдіру бағы­тын­да белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, Президент өз Жолдауында еліміздің азық-түлік нарығында импорттың шектен тыс басым болуын ашық айтып, бұл жағдайды ұят деп бағалады. Сондай-ақ депутаттарды отандық өндірушілерді қорғауға бағытталған заңдарды батыл әрі жүйелі түрде әзірлеуге шақырды.

«Ел басшылығының негізгі міндеті – отандық өндірісті дамыту мен азық-түлік импортына тәуелділікті азайту. Осы мақсатта салалық одақтар мен мемлекеттік органдарды біріктірген жұмыс тобын құрдық. Енді ішкі нарықты қорғауға әрі отандық өндірушілерді нақты қолдауға бағытталған шешімдер қабылдайтын уақыт келді», деді ол.

Жұмыс тобының талқылауында бүгінгі күні отандық азық-түлік өндірісінің дамуын тежеп отырған бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Соның бірі – ірі сауда желілерінде импорттық тауардың басымдығы. Көп жағдайда сауда желілері үшін шетелдік өнімді өткізу тиімдірек, ал отандық тауарлар сөрелерден ығыс­ты­рылып отыр. Бұған ЕАЭО-ға мүше кейбір елдердегі, әсіресе Ресей мен Беларусьтағы мем­лекеттік қолдау шараларының кең­дігі әсер етеді. Мәселен, Ресейде өндіру­шілердің тауарды сату нүктесіне дейін жеткізу шығындарының бір бөлігі өтеледі. Нәтижесінде, импорттық өнімнің өзіндік құны төмендеп, ол ішкі нарықта артықшылыққа ие болады.

Тағы бір күрделі түйін – ретробонус мәселесі. Заң бойынша сауда желілерінің азық-түлік тауарларына 5 пайыздан артық «сыйақы» алуына тыйым салынған. Алайда іс жүзінде түрлі қосымша «қызметтер» арқылы бұл төлем 40 пайызға дейін жетіп отыр. Соның салдарынан отандық өндірушілер өз өнімінен түсетін табысының қомақты бөлігінен айырылып, дамуына мүмкіндік таппай келеді.

Кейбір аймақтарда 1–2 ірі сауда желісінің үстемдігі орнап, жергілікті өндірушілер үшін балама өткізу арналары жоқтың қасы. Мұндай жағдайда сауда желілері өз шарттарын еркін қояды, ал өндіруші соған көнуге мәжбүр.

«Қазақстан сүт одағының» директоры Владимир Кожевников бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажет екенін айтады. Отандық өндірушілер үшін сауда сөресінің кемінде 60 пайызы бекітілуге тиіс немесе ЕАЭО аясындағы серіктес елдер қолданып отырған протекционистік шараларға айна-қатесіз жауап беру қажет. Беларусь тәжірибесі мұндай қадамның тиімді екенін дәлелдеп отыр.

Бұдан бөлек, «сұр» импорт проб­лемасы әлі де өзектілігін жойған жоқ. Сарапшылардың алдын ала бағалауынша, кейбір азық-түлік санаттарында бақы­лаусыз әрі заңсыз импорттың үлесі 40 пайызға дейін жетуі мүмкін. Мұндай өнімдер салық төлемейді, сақтау мен тасымалдау талаптарын сақтамайды, нәтижесінде төмен бағамен сатылып, отандық өндірушілерге әділетсіз бәсеке туғызады. 

Соңғы жаңалықтар