Кез келген жаңалықты саналы түрде қабылдау, талдау оны дұрыс қолдану – ақпараттық мәдениетті қалыптастырудың негізгі шарты. Бұл дағды жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігін бекіте түседі. «Ақпарат тасқынындағы жас ұрпақ: құндылық, таңдау және жауапкершілік» тақырыбында өткен жиын барысында «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек сауаттылықтың бес негізгі кластерін ашып түсіндірді.
Медиасарапшының айтуынша, қазір ақпараттық, эмоционалды, технологиялық, тайм-менеджмент, сондай-ақ жасанды интеллектімен жұмыс істеу гигиенасы қажет. Ал Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова бүгінгі жас буын бұрынғы ұрпаққа қарағанда әлдеқайда сауатты және көптеген мүмкіндікке ие екенін айтты.
«Президенттік кадрлық резерв, «Болашақ» бағдарламасының кеңеюі, мемлекеттік гранттар санының жыл сайын артуы – жастардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашып отырған ізгі бастамалар. Кейінгі екі-үш жылда елімізге әлемнің алдыңғы қатарлы 20-дан аса университетінің филиалы келіп, талантты жастарды елде ұстап қалуға мүмкіндік туғызып отыр. Мәжілісте қабылданып жатқан жаңа заңдар да жастардың тікелей қатысуымен әзірленіп жатыр. Мәселен, жасанды интеллект және цифрлық кодекс бойынша жұмыс топтарында IT-сарапшылар, жас мамандар, студенттер де белсенді еңбек етті. Қазір саясатқа жастардың келуі қалыпты үрдіске айналып келеді. Басшылық қызметтер де жасарып жатыр. Бастысы – адалдық, білім және еңбекқорлық. Осы қағидатты ұстанған жасқа барлық есік ашық», деді Е.Смолякова.
Сөз арасында депутат цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі мақсаттарды жүзеге асыру жастардың міндеті екенін атап өтті. Алаңда медиакеңістіктегі өзекті трендтерге де ерекше назар аударылды.
Негізінен «JastarX» жобасы 2023 жылдан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Биыл жоба аясында төрт диалог алаңы өтті. Атап айтсақ, «Жаңа буынның құндылықтары», «Жұмысшы мамандықтардың болашағы: трендтер мен перспективалар», «Еңбек нарығындағы қазіргі тенденциялар мен жағдай», «Цифрландыру және жасанды интеллект». Бір ерекшелігі осы жылы жоба жұмысына өңірлік жастар ресурстық орталықтары да қатысып, талқылауларға онлайн форматта қатысуға мүмкіндік алды.