Өңірде алғаш рет ауыр дәрежедегі саңыраулық диагнозы қойылған балаға кохлеарлық имплантация операциясы сәтті жасалды. Бұл – аймақта жоғары технологиялы медициналық көмектің жаңа кезеңге көтерілгенін көрсететін көшелі жетістік. Жоғары дәлдікті талап ететін күрделі хирургиялық операция Қарағанды қаласындағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында өтті. Кохлеарлық имплантация – есту аппараттары көмектеспейтін балаларға дыбысты, сөйлеуді, қоршаған ортаны естуге мүмкіндік беретін заманауи медициналық әдіс. Балалар оториноларингологиясында мұндай операциялар аса күрделі әрі жауапты саналады.
Бұған дейін кохлеарлық имплантация тек Астана мен Алматы қалаларында ғана жасалып келген. Қарағанды облысында алғаш рет аталған операцияның сәтті өтуі – өңір медицинасының әлеуеті артқанын, салалық мамандардың кәсіби деңгейі жаңа белеске көтерілгенінің дәлелі.
Операцияны өңірде орындауға жүйелі дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілді. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған ірі балалар ауруханасы салынды. Сонымен қоса, ЛОР-бөлімшесінің меңгерушісі, емдеуші дәрігер, сурдопедагог Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында арнайы тағылымдамадан өтіп, Израильдің Хайфа қаласында кохлеарлық имплантация жүргізу жөнінде кәсіби біліктілігін арттырды. Бұл қадам өңірде жоғары технологиялы медициналық көмекті толық көлемде көрсетуге жол ашып отыр.
– 2024 жылы кохлеарлық имплант орнатуға арналған арнайы аппараттар сатып алынды. Жыл соңына қарай операциялық микроскоп жеткізіліп, толыққанды техникалық база қалыптасты. Операция жасалған баланы ұзақ мерзімді оңалту кезеңі күтіп тұр. Операциядан кейін сурдолог пен логопедтің қатысуымен жүйелі оңалту жұмыстары жүргізіліп, импланттың қызметі кезең-кезеңімен бақылауда болады. Бұл баланың болашақта дыбысты естіп, сөйлеуді меңгеруіне, қатарластарымен еркін араласып, жалпы білім беретін мектепте оқуына мүмкіндік береді, – деді көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Арғын Бидайбаев.
Мамандардың айтуынша, алғашқы операция постлингвальды саңыраулық диагнозы қойылған 13 жастағы балаға жасалған. Операция сәтті өтті, науқастың қазіргі жағдайы қалыпты.
Астана қаласының штаттан тыс бас балалар оториноларингологі, операциялық бөлімшенің меңгерушісі Арман Амангелдіұлының айтуынша, бұл – өңір балаларына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыратын маңызды қадам.
– Кохлеарлық имплантация жоғары технологиялы медициналық қызметтер қатарына жатады. Мұндай операцияның өңірде алғаш рет жасалуы балаларды басқа қалаларға жіберу қажеттілігін азайтады. Егер бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасса, операция саны артып, қызмет өңірдің мұқтаж балаларына толық қолжетімді болады, – дейді ол.
Жөн, жақын уақытта облыста тағы 10 балаға кохлеарлық имплантация жасау жоспарланып отыр. Бұл да болса өңірде балаларға көрсетілетін жоғары технологиялы медициналық көмектің тұрақты түрде дамып келе жатқанының тағы бір айғағы. Кохлеарлық имплантация – тек медициналық операция ғана емес, баланың өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертетін мүмкіндік. Кеншілер қаласында басталған бұл тәжірибе өңір медицинасының әлеуетін арттырып қана қоймай, жүздеген отбасына үміт сыйлайтын игі бастама ретінде де бағалы болып отыр.
Қарағанды облысы