Тиянақтылық бюрократияға жол бермейді
Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен қаржы секторын реттеу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Парламент бірқатар негізгі заң жобасын қабылдағаны мәлім. Үкімет отырысында заң жобалау жұмысының қорытындылары туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев хабарлады. Оның айтуынша, 2025 жылға арналған жоспар толығымен орындалған. Әлеуметтік маңызды бастамаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, Парламент 5 заң қабылдап, Президентке қол қоюға жолдаған. Олардың қатарында құқық бұзушылықтың алдын алу, банктер мен банк қызметі туралы құжаттар бар. Бұған қоса Мемлекет басшысы міндетті медициналық сақтандыру мәселелеріне қатысты түзетулер мен үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджетті қоса алғанда, 3 заңға қол қойды. Қазір Мәжілістің қарауында 14 заң жобасы жатыр.
«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша әзірленген қоғам үшін маңызды заңдар. Барлық енгізілген жобаларды қоса алғанда, 2025 жылға арналған жоспар орындалды», деді Е.Сәрсембаев.
Оның айтуынша, келесі жылғы жоспарда 12 заң жобасын әзірлеу қарастырылған, олардың негізгілері нақты әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған. Әлеуметтік қорғау саласында тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы заң, сондай-ақ еңбек заңнамасы мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түзетулер әзірленген. Бұған қоса мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша түзетулер, онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері туралы заңнама дайындалып жатыр. Өнеркәсіп блогінде мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы заң жобасын енгізу жоспарланған. «Парламентке алдағы бірінші жартыжылдықта – 5, екінші жартыжылдықта 7 заң жобасын енгізуді жоспарладық. Президенттің әлеуметтік салаға да, цифрлық дамуға да қатысты тапсырмасын сапалы пысықтауға басымдық берілді», деді министр.
Премьер-министр жыл бойы атқарылған жұмыстарды таратып айтты. «Биыл маңызды заңнамалық бастамалар қабылданды. Медициналық сақтандыру, құқық бұзушылық профилактикасы, баламалы энергетиканы дамыту, инвестициялық қорларды реттеу мен басқа да маңызды бағыттар бойынша бірқатар заң жобалары әзірленіп, Парламент қарауына енгізілді», деді О.Бектенов.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты қабылданған шаралар әр азамат үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Инвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасының ережелері капитал нарығын одан әрі тиімді дамытуға ықпал етеді. Бұған қоса белгіленген мерзімдердің сақталуына қатысты мәселелер де бар. Мысалы, денсаулық сақтау туралы заң жобасын Үкіметке енгізу мерзімінен 30 күнге кешіктірілді.
«Мұндайды доғару қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобалау жұмыстары жоспарының уақтылы іске асырылуын тікелей бақылауда ұстауға тиіс. Сондай-ақ бірқатар жобаға Үкімет Аппараты мен Президент Әкімшілігінің ескертулерінен кейін көп өзгерістер енгізіліп, қайта пысықталады», деді Үкімет басшысы.
Жалпы алғанда, осы жылға арналған заң жобалары Парламент қарауына енгізілді. Демек жоспар орындалды деп санауға болады. Үкімет келесі жылы заң шығару жұмысының экономика мен әлеуметтік саланың маңызды аспектілеріне қатысты негізгі бағыттарына баса мән беретін болады. Соның бірі – мемлекеттік мүлікті басқаруды одан әрі жетілдіру.
«Мемлекеттің экономикаға қатысу шегін нақты айқындап, басқару ісіне қатысты құқықтық талаптарды бекітіп алу қажет. Біз жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайту үшін нормативтік базаны жетілдіру бағытында белсенді жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың жүйелі әрі кешенді тәсілін қамтамасыз ететін заңнамалық бастамалар бар», деді Премьер-министр.
Келесі жылы барлығы 12 заң жобасын әзірлеу көзделген. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару қажет. Бірінші, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары әрбір заң жобасының сапалы әзірленуі мен олардың Мәжіліске уақтылы енгізілуін қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Екінші, мемлекеттік органдардың арасында ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды. Заң жобаларын келісу барысында басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеу керек.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ұлттық құраманың үлкен сынға дайындығы
Келер жылы Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындары әлем назарын өзіне аударатын айтулы спорт мерекесі болмақ. Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осы дүбірлі додаға Қазақстан ұлттық құрамасының дайындық барысы туралы кеңінен баяндады.
Министрдің айтуынша, 6-22 ақпан аралығында өтетін Олимпиадаға 93 елден шамамен 3 мың спортшы қатысып, 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Еліміздің құрамасы спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығында бақ сынауды көздеп отыр. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы жарыстары мен қоссайысы, трамплиннен секіру, сондай-ақ фристайлдың могул мен акробатика бағыттары бар. Ұлттық құраманың саны шамамен 35 спортшы болады деп күтілуде.
Қазір отандық спортшылар Олимпиада лицензияларын кезең-кезеңімен жеңіп алуда. Мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров екі жеке ресми лицензияға ие болса, шорт-тректен – 9, конькимен жүгіруден 12 жолдама алынған. Бұл – Пекин-2022 ойындарында 34 спортшы қатысқан көрсеткішпен шамалас деңгей.
Министр елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде республика бойынша қысқы спортқа арналған 1262 спорт нысаны жұмыс істейді. Соның нәтижесінде қысқы спортпен тұрақты айналысатын азаматтар саны 149 мыңға жетіп, спорт мектептерінде тәрбиеленіп жатқан балалар мен жасөспірімдер қатары 17 мыңды құрады. Ұлттық құрама халықаралық жарыстардағы нақты нәтижелер негізінде жасақталады.
Халықаралық аренада жоғары жетістікке жеткен спортшылар да ерекше аталды. Анастасия Городко фристайл-могулдан жасөспірімдер арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионы атанып, ересектер арасында қола жүлде иеленді. Михаил Шайдоров әлем чемпионатында күміс жүлдегер болса, Софья Самоделкина әйелдер арасындағы Гран-приде ел тарихындағы алғашқы күмісті жеңіп алды. Шорт-тректен Денис Никиша, конькимен жүгіруден Евгений Кошкин, фристайл-акробатикадан Шерзод Хаширбаев пен Роман Ивановтың нәтижелері де ұлттық құраманың әлеуетін айқындай түседі.
Олимпиадаға сапалы дайындық үшін кешенді жоспар жасалып, 178 оқу-жаттығу жиыны өткізілген. Спортшылар 125 халықаралық жарысқа қатысып, дайындыққа барлығы 13,3 млрд теңге бағытталған. Ұлттық құрамамен әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші жұмыс істеп жатыр.
Бұған қоса XIV қысқы Паралимпиада ойындарына дайындық та назардан тыс қалмаған. Милан мен Кортинада өтетін бұл додада Қазақстан парашаңғы жарысы мен парабиатлоннан өнер көрсетпек. Қазірдің өзінде 7 спортшы 10 лицензия жеңіп алып отыр.
Үкімет басшысы Олимпиада ойындары еліміздің халықаралық имиджін нығайту ісінде өте маңызды рөл атқаратынына тоқталды. «Спортшыларымыз әлемнің басты байрақты бәсекелеріне өздері мен тәлімгерлерінің табанды еңбегінің нәтижесін ғана емес, бүкіл ұлтымыздың абыройын қорғау үшін барады. Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту әр кез басымдыққа ие болып қала беретінін айтып келеді. Сондықтан елімізде спортты дамыту бағытында кешенді шара қабылданып, спортшылардың сапалы даярлануы үшін тиісті жағдай жасалып жатыр. 2023–2025 жылдары осы мақсатқа бюджеттен 360 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді», деді ол.
Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін елімізде қажетті базалық инфрақұрылым мен қолайлы климаттық жағдайлар бар.
Бұл орайда салалық спорт федерациялары басты рөл атқарады. Бұған қоса ұлттық командалар, жаттықтырушылар құрамы мен спорт резерві жасақталып, нақты спорт түрлерін дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы айқындалады. Өткен жылы Канвон қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында отандық спортшылардың табысты өнер көрсетуін спорт резервін даярлаудың маңызды нәтижесі ретінде бағалауға болады.
«Бұл жетістікті алда Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында одан әрі нығайтып, еселей түсу қажет. Жалпы, спортшылардың ішкі тәртібі, табанды, алғыр әрі нағыз командалық рухы оларды жеңіс жолына жетелейді деп сенеміз. Жаһандық додада әділ сайыс, мықты ерік-жігер мен үздік нәтиже тілейміз! Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин өзінің қайсар рухымен спортшылардың жігерін жанып, жеңіске ынталандырады», деді О.Бектенов.
Еліміз спортшыларды мақтан тұтып, зор сенім артатынын жеткізген Үкімет басшысы, байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалғанын еске салды. «Барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет. Осыған байланысты бірқатар тапсырма беремін», деді ол.