Оның ұлтымыздың өнеріне деген қызығушылығы Түркия жерінде басталыпты. Студент кезінде Осман империясының тарихына қызыққанын айтады. Сол себептен де Акира 2015 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласына ат басын бұрады. Осы сапарында домбырамен танысады. Ғасырлар бойы бір халықтың үнін, аңсары мен арманын әлемге жеткізген қоңыр домбыраның үні жүрегіне өшпес әсер сыйлайды. «Бірде Анкарада жапон тілін жақсы білетін бір жігіттің үйінде қонақта болдым. Дастарқан басында үй иесі менің құрметіме арнап күй шертіп берді. Сол сәтте домбыраның ғажап үні менің құлағымда тұнып тұрды. Бұған дейін түрлі музыкалық аспаптарда ойнап көрген едім, алайда домбыраның үні жүрегіме бұрын-соңды болмаған сыр қалдырды», дейді ағынан жарылып.
Содан бастап Күншығыс елінің тумасы Акира домбыра үйренуге бел буады. Ізденген адамға бәрі мүмкін екен ғой. Көп өтпей ол байқауларда домбырашы ретінде өнер көрсете бастайды. 2017–2021 жылдар аралығында Ыстанбұлда концерттік сахналарға домбырамен шығады. Сонымен қатар фильмдер мен телесериалдарға да түсті. Оның күй орындау мәнері мен домбыраны түркілік кеңістікпен байланыстыруы тыңдарман назарын бірден аударды. 2021 жылы елімізде өткен этностық аспаптар орындаушыларының III Халықаралық «Жас толқын» байқауында ол домбыра аталымы бойынша Гран-при иегері атанды. Бұл жеңіс оның өнер жолындағы маңызды белеске айналды. Кейін оның орындауындағы күйлер әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, түрлі телебағдарламаға қатысуына жол ашты. Танымал күйші Секен Тұрысбековпен бірге «Ақжауын» күйін орындап, өз қабілетін кәсіби күйшіге бағалатты. Сондай-ақ әйгілі ноғай әншісі Арсланбек Сұлтанбековпен бір сахнада өнер көрсетіп, түркі халықтарының рухани бірлігін музыка арқылы әйгіледі.