«Voice Beyond Horizon» – музыка арқылы халықтарды жақындастырып қана қоймай, еліміздің табиғи байлығы мен туристік әлеуетін әлемнің миллиондаған көрерменіне танытатын ауқымды мәдени жоба. Бағдарлама Қытайдың ірі медиахолдингі «Hunan Broadcasting System» компаниясымен бірлесіп дайындалды.
Жобаның басты ерекшелігі – түсірілімдер түгелдей еліміздің туристік локацияларында өтті. Атап айтсақ, Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы сынды ауқымды алты туристік өңірді қамтыды. Қатысушылар көне Түркістан шаһарының рухани келбетін, Бозжыра шатқалының ғажайып көріністерін, Каспий теңізінің жағалауын, табиғи інжу-маржанға баланған Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, Саты ауылы мен Қапшағай суқоймасын, сонымен қатар Шортанды-Бурабай курорттық аймағын аралады.
Бағдарламаға елімізден бөлек, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия, Сербия мемлекеттерінің өнерпаздары қатысты. Өткен жылдың қыркүйек айында олар еліміздің табиғаты әсем, тарихи өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті. Әр сапар музыка, табиғат һәм мәдениеттің үйлескен ерекше көрінісіне айналды.
Айтулы жобаның жүзеге асуына «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, сондай-ақ Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері қолдау көрсетті. Демеушілер қатарында «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры бар.
Жобаның ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын «Hunan TV» телеарнасы мен «Mango TV» цифрлық платформасында өтсе, бағдарламаны отандық көрермен қауым ақпан айында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан тамашалай алады.