Президенттің айтуынша, биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге серпін беріп отыр. Алғашқы нәтижелер де көріне бастаған.
«Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады», деді Мемлекет басшысы.
Президент: Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді
Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 трлн теңге түсуі тиіс. Алайда Президент бұл көрсеткіштерге қалай жету керегіне айрықша тоқталды.
«Белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы салық саласындағы көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін де ашық айтты. Оның пікірінше, жазалауға негізделген ескі ұстанымнан арылатын уақыт жеткен.
«Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек», деді Президент.
Осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысы бұған дейін «Turkistan» газетіне берген сұхбатында және Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында нақты ой айтқанын еске салды. Алайда бұл ұстанымдарды барлығы бірдей терең түсінбегенін де жасырмады.
Тоқаев: Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас
«Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға қатысты нақты тапсырмалар берді. Оның айтуынша, банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық бақылау жүйесіне толық кіріп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналуы қажет.
«2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет», деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев: Адвокаттардың ұсынысымен Ата заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды
Сонымен бірге Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосу, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейту тапсырылды. Президент бұл үдеріс өндіріс пен бизнеске зиян келтірмеуі керегін қадап айтты.
«Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жағдай инвестициялық климатты нашарлатады. Бұл мәселеге байланысты маған компаниялардан хаттар келіп жатыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы салық реформасы ел экономикасын дамытуға қызмет етуі тиіс екенін тағы бір мәрте нақтылап, Үкіметке осы бағытта байыпты әрі жауапты жұмыс жүргізуді тапсырды.