Сағат барысында уролог дәрігерлер урология саласындағы ең озық, аз инвазивті технологиялардың бірі саналатын ретроградты интраренальды хирургия (RIRS) әдісімен, жұмсақ уретерореноскоп «MacroLux» аппаратының көмегімен бүйрек тастарын алу операциясын жасады. Әрбір операция шамамен бір сағатқа
созылды.
Дәрігерлердің айтуынша, операция барысында қолданылған «MacroLux» аппараты – соңғы буындағы флексиблді уретерореноскоп. Оның басты артықшылығы – өте жұқа әрі икемді құрылымы. Аппарат бүйректің қолжетімі қиын бөліктеріне дейін еркін жетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ хирургке операция аймағын дәл бақылауға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде хирургиялық манипуляциялардың қауіпсіздігін арттырып, науқас ағзасына түсетін жүктемені азайтады. Нәтижесінде, операция уақыты қысқарып, асқыну қаупі төмендейді, пациенттің тез қалпына келуіне мүмкіндік туады.
Шеберлік сағатына Қарағанды медициналық университетінің қауымдастырылған профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облысының штаттан тыс бас урологі Серік Жүнісов арнайы шақырумен келіп, Маңғыстау облысының штаттан тыс бас урологі, аурухананың урология бөлімі меңгерушісі Мұрат Бекхожин, уролог дәрігерлер Арман Набитұрдыев, Ақын Құдайберген, «SofieMed», «Ясин», №2 емханасы дәрігерлерінің қатысуымен күрделі операцияларды орындау тәжірибесін бөлісті.
Семинар барысында жеті науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін операция жасау жоспарланған, операциялар жоғары мамандандырылған медициналық көмек талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аурухана базасында онкоуролог дәрігерлердің қатысуымен өтетін шеберлік сағатында урологиялық, онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи хирургиялық тәсілдері көрсетіледі. Бұл бағыттағы операциялар дәрігерлер тәжірибесін арттырып қана қоймай, өңірде онкоурологиялық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
«Мұндай шеберлік сыныптары өңірлік ауруханаларда жоғары технологиялық операцияларды енгізуге, мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізеді», дейді басқосуға қатысушы дәрігерлер.
Маңғыстау облысы