Кеңес дәуіріндегі мұсылман дінбасыларына қарсы ең ірі саяси репрессия «ОМДБ ісі» («Дело ЦДУМ») деп аталады. Бұл 1936–1938 жылдары Уфадағы Орталық мұсылмандар дін басқармасының (ОМДБ) басшыларына қарсы НКВД-ның қолдан ұйымдастырған саяси қуғыны еді. Осы іс бойынша мұсылман қайраткерлері, атап айтқанда ОМДБ төрағасы, мүфти Ризаитдин Фахретдин, төрағаның орынбасары Кашаф Тәржімани, сондай-ақ Мағди Мақұлұлы, Мухлиса Буби секілді қазилар да қамауға алынды. Қазақстанның дін ісі 1917 жылдан бастап, арасында үзіліс сала отырып, 1936 жылға дейін Уфадағы Діни басқармаға қараған болатын. Қуғын-сүргін басталған кезде Мағди Мақұлұлы мүфтияттағы қазақ қазиы еді.
НКВД тергеушілері дін қайраткерлерін тұтқындау операциясына «ОМДБ ісі» деген атау берді. Тергеушілер алдымен Ризаитдин мүфтиді «контрреволюциялық ұйымның идеялық жетекшісі» деп танып, оған қысым көрсетті. Сол қысым салдарынан жасы сексенге таяған Ризаитдин хазірет өмірден өтті. Мүфти бақилық болған соң, кезек онымен бірге қызмет істеген мүфтияттағы беделді қазилар Кашаф Тәржімани мен Мағди Мақұлұлына келді. Енді тергеушілер осы екеуін «контрреволюциялық ұйымның негізгі басшылары» деп қарастырды. Кашаф қажыға ұйымның Татарстан мен Башқұртстандағы, Мағди қажыға Орталық Азия мен Қазақстандағы ұяшықтарын ұйымдастырды деген жала жапты. Сонымен қатар ОМДБ қазиларына «жапон барлаушыларымен байланыс жасады», «панисламистік көтеріліс дайындады», «Кеңес өкіметін құлатпақ болды» деген секілді айыптар тағып, ату жазасына кесті.
Мағди қажы атылған соң, қайғының қара бұлты Қазақстандағы діндарларға төнді. 1937–1938 жылдары олардың үстінен «Құран тізбегі» («Цепь Корана») деп аталатын операция жүргізілді. Бір қызығы, «Құран тізбегі» Уфадағы «ОМДБ ісі» операциясы аясында жүргізілді. Бұл іс бойынша 300-ге жуық дін адамы тергеуге алынды. Оларға да «жапон агенттерімен байланыс құрды», «панисламистік көтеріліс дайындады» деген секілді айыптар тағып, басым бөлігін ату жазасына кесті. Тергеушілер сонымен қатар оңтүстік өңірлердегі діндарларды құрықтауға арналған «Сопы» операциясын жүргізіп, Аппақ ишан бастаған бір топ дін қайраткерін қудалады.
2023 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 12 томнан тұратын «Алашорда ісі. 1920–1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» көптомдығын жарыққа шығарған еді. Осы көптомдықтың оныншы кітабына ХХ ғасырдың 20–40-жылдарындағы дінбасылар мен дін қайраткерлеріне қарсы жүзеге асырылған қуғын-сүргінге қарсы архив құжаттары (қаулылар, хаттамалар, актілер, т.б) топтастырылды. Соның ішінде біз айтып отырған «Құран тізбегі», сондай-ақ «Сопы», «Филиал» секілді сол кездегі ірі операциялардың тергеу істері жинақталды. Осы тергеу істеріне сүйене отырып, «Құран тізбегі» операциясының қалай жүргізілгенін баяндайық.
Бұл операция негізінен Қазақстанның бірнеше өңірінде жүргізілді. Уфадағы қазилар Кашаф Тәржімани мен Мағди Мақұлұлынан тапсырма алып, солар құрған «контрреволюциялық панисламистік көтерілісшіл тыңшылық-диверсиялық ұйымның Батыс Қазақстан өңіріндегі қанатына жетекшілік етті» деген жаламен Қуанай Қосдәулетов, Хасан Нұрмұхамедұлы, Сағидолла Ізтілеуов бастаған бір топ дін қайраткері қуғындалды. Қуанай мен Хасан хазіреттерге «жапон тыңшыларымен байланыс орнатты», «панисламистік ұйымның Батыс Қазақстан облысындағы жетекшілерінің бірі болды» деген айып тағылса, Сағидолла хазіретке «Түркияда оқыған кезінде Энвер-пашамен кездесіп, түрік барлау қызметінің тыңшысы ретінде қызмет етті» деген мүлдем қисынсыз жала жабылды. Іле-шала Ізтілеуовтің ізімен Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының молдалары Нығметолла Ибрагимов пен Ғатаулла Байғұлов істі болды. Ғатаулла молданың ісі бойынша айыптау қорытындысында оның Тәржімани, Мақұлұлы және Ізтілеуовтен нұсқау алып, «контрреволюциялық панисламистік ұйымға дем бергені» көрсетілген. Айыптау қорытындысында «Бұл ұйымның мақсаты – Жапонияның ықпалымен қарулы көтеріліс ұйымдастыру арқылы кеңес өкіметін күшпен құлату, Қазақстанда дінге негізделген буржуазиялық мемлекет құру» деп жазылған.
Дәл осындай жаламен Гурьев облысы Теңіз ауданының (қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданы) молдалары Ғафар Боранқұлов, Мұхамбетшәріп Бекбаев, Қайырқұл Жүсіпов, Исламғали Ақботин қамауға алынды. Олардың ісінің айыптау қорытындысы Ғатаулла Байғұловқа жапқан жаладан айнымайды. Төртеуінің Тәржімани, Мақұлұлы және Ізтілеуовтен нұсқау алғаны, «Жапонияның әскери көмегімен кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындамақ болғаны» көрсетілген. Осылайша, төртеуі де 1937 жылы 16 желтоқсанда атылды. Ал 1938 жылы осы ауданның тағы бір топ молдасы Рахмет Достанов, Нұрғали Сағындықов, Сейітқали Салиев, Шамбыл Мурзин, Саташ Есенгелдиев ұсталып, олар да ату жазасына кесілді. Сонымен қатар Гурьев облысының Бақсай ауданынан – Оразан Өтебаев, Ерғали Әренов, Кенжеғұл Есниязов, Ыбыраш Машагузов, Жылыой ауданынан – Медин Нұғманов, Берді Құлбаев, Есбосын Бекениязов, Дәуітбай Наурызбаев, Маңғыстау ауданынан – Жалмағамбет Сүлейменов, Есбол ауданынан – Нұғыман Хасанов, сондай-ақ Гурьев қаласынан Яхия Ерімбетов, Хұсайын Әлиев, Заиратдин Садыратдинов, Омар Құлтаев атылды. НКВД бәріне де «тыңшылық әрекет етті», «кеңес жауларының тапсырмасын орындады», «кеңес өкіметіне қарсы жұмыс істеді» деген секілді айыптар тақты.
«Құран тізбегі» ісі бойынша Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі діндарлар да қуғындалды. Атап айтар болсақ, Қызылқұм ауданынан – Сыздық Хансейітов, Ахмет Жұманазаров, Мұсахан Тоғманов, Әулие-Ата ауданынан – Жүніс Қасқарауов, Мирзоян ауданынан – Мубархан және Мұзафар Заитхановтар, Түлкібас ауданынан – Қабыл Жақыпов, Сүгірәлі Қадыров, Сайрам ауданынан – Юсупхан Умартюряев, Гүлтөрехан Ишанханов, Камал Абжалилов, Алматы қаласынан – Ғазиз Көбеев, Лепсі ауданынан – Төлебай Жүнісов, Бекен Сиалқанов, Арыс ауданынан – Сыдық Хансейітов, Созақ ауданынан Әлкен Жәңгірқожаев бастаған діндарлар қамауға алынды. НКВД тергеушілері оларды ақгвардияшы Мұстафа Шоқаймен, Бұхара мен Түркістанды азат ету ұйымының мүшесі Мубашшир Сейітхановмен, Орталық мұсылмандары дін басқармасының мүшесі Мағди Мақұлұлымен, басқа да тұлғалармен байланыс орнатты, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тыңшылық ұйымдарды ұйымдастырды деп айыптады. Бір қызығы, Уфадағы мүфтилікке мүлдем қатысы жоқ ишан-ахундар Гүлтөрехан Ишанханов пен Сыдық Хансейітовтің істерінде Мағди Мақұлұлының аты аталады. Гүлтөрехан ишан тергеу жауабында «Сыдық ахуннан өзі құрған панисламистік ұйымды Мағди қазимен келісіп жүргізгенін естігенін» айтса, Сыдық ишан тергеу жауабында «Мағди қазидің Меккеге барып келген соң, Ибн Саудтың тапсырмасымен панисламистік жұмыстар жүргізуге кіріскенін» атап көрсеткен.
Мұның бәрі нені білдіреді? Бұл істердің көпшілігінде неге Мағди қазидің аты аталады? НКВД тергеушілері Қазақстандағы дін қызметкерлерін түбірімен құрту мақсатында әлдебір панисламистік ұйымды ойлап тауып, ол ұйымды Жапония, Түркия және Сауд Арабиясы басқарады деген пікір қалыптастыруға тырысқан. Ұйымның Қазақстандағы жетекшісі ретінде Мағди Мақұлұлының есімін атап, оған «қазақ даласындағы дін қызметкерлерін кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыруға үгіттеді» деген айып таққан. Әрине, мұның бәрі де сол кездегі қауіпсіздік қызметінің ойдан шығарып, қолдан құрастырған қиялға толы көп өтірігінің бірі еді.
Атышулы «Құран тізбегі» ісі бойынша зерттеу жүргізген тарихшы Юлия Гусева Қазақстанның дін ісі репрессия басталғанға дейін Орталық мұсылмандар дін басқармасының құрамында болғанын, сондай-ақ мүфтият жанында Қазақ қазияты (бөлімі) жұмыс істегенін айта келіп, «Құран тізбегі» ісін «ОМДБ ісімен» тығыз байланыстырғанын алға тартады. Ол былай дейді: «Құран тізбегінен» бөлек, Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстандағы панисламистік ұйымдар туралы іс материалдарында (1937–1938 жылдар) ОМДБ жетекшілеріне де айыптар тағылған. Тәржімани мен Мақұлұлы «жапон барлауымен байланыста болып, кеңес өкіметіне қарсы панисламистік ұйымның жергілікті ұяшықтарымен байланыс орнатушылар ретінде» көрсетілген. Тергеушілер құжаттарында дәл осы ұяшықтар КСРО аумағындағы ОМДБ филиалдары ретінде белгіленген тәрізді. Уфада құрылды делінген контрреволюциялық ұйымның Қазақстанда және өзге өңірлерде филиалдары болған. Тергеушілер ұйымның Қазақстандағы жетекшісі рөліне ұлты қазақ Мағди қазиді таңдап, оны Орталық Азия діндарларын кеңес өкіметіне қарсы үгіттеді деп айыптаған». Осылайша, кеңес билігі Мағди Мақұлұлы мен қазақ даласындағы басқа да дін қайраткерлерін кінәлі деп танып, сол арқылы дін қайраткерлерін түбірімен жоюға тырысты. Тарихшы Юлия Гусева: «Қазақстанның қуғын-сүргіннің негізгі нысан ретінде таңдалуы кездейсоқ емес еді. Себебі ол ОМДБ-мен ең тығыз байланыста болды әрі исламдық дәстүр тұрғысынан салыстырмалы түрде анағұрлым жаңғырған өңір саналды. Сол үшін де Қазақстан соның зардабын тартты», дейді.
Бұл деректер кеңестік қуғын-сүргіннің жай ғана саяси науқан емес, ұлттың рухани тірегін күйретуге бағытталған қасақана әрекет болғанын аңғартады. Мағди Мақұлұлы секілді дін қайраткерлеріне тағылған айыптар нақты дәлелден гөрі, кеңес билігінің дін мен ұлттық санадан қауіптенген үрейінің көрінісі еді. Сондықтан «ОМДБ ісі» мен «Құран тізбегі» тәрізді қолдан жасалған істерді зерттеу тек өткеннің қасіретін тану ғана емес, қазақ руханиятына жасалған қиянатты ұғыну деп білеміз.