22 Шілде, 2010

ӨЗАРА ӘРІПТЕСТІК КӨРІНІСІ

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанада БҰҰ Есірткі мен қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен 3 күнге созылатын өңірлік семинар өтіп жатыр. Дүние жүзінің көптеген елін толғандырған мәселені өзек еткен бұл семинарға Канада мен Италия үкіметтері қаржылай қолдау көрсетіп отыр. “Қылмысқа қарсы күрестегі халықаралық әріптестік” атты семинардың басты мақсаты – халықаралық әріптестік негізінде аталған мәселені жан-жақты тал­қылап, сүзгіден өткізу. Семинарға Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкстан, Тәжікстан, Түркі­мен­стан, Өзбекстан секілді мем­лекеттер мен Ауғанстан және оған шекаралас елдер өкілдері қатысып, көпті алаңдатқан есірткі сауда­сы­мен және есірткі саудасы қыл­мы­сымен күрес мәселелерінің түйінін шешу­дің тиімді жолын қарас­тыруға ты­рысты. Австралия, Еуро­одақ елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей маман­дары да күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде өз ойларын тарқатты. Бір атап өтерлігі, бұл семинар БҰҰ Есірткі мен қылмысқа қарсы күрес басқармасының 2010-2013 жылдар аралығын көздейтін Өңір­лік бағдарламасы негізінде қолға алынған. Ал бұл бағдарламаның не­гізгі өзегі – Ауғанстан мен шека­ралас елдер басындағы ауыр жағ­дай. Ауқымды басқосу барысында оған қатысушылар 2008 жылы Астанада және 2009 жылы Алма­тыда ЕҚЫҰ мен БҰҰ Есірткі қылмысына қарсы күрес бас­қар­масының тікелей қол­дауымен ұйым­дастырылған екі өңірлік бір­лескен шараларда қабылданған са­раптамалық ұсы­нымдарды негізге алып, оларды көптің талқысына салды. Тағы бір айта кетерлігі, 3 күнге созылатын жиын аясында құқық саласында жүрген және қылмысқа қарсы күрес мәселелерін бір жүйеге келтіруді мақсат тұтқан мамандар Орталық Азия өңірінің өзгеше­лік­тері негізінде өздерінің қылмыстық сот саласындағы ұлттық жүйе­лері­нің әлеуетін арттыруға мүмкіндік алмақ. Сондай-ақ, мұндай баста­малар ұлттық және халықаралық құ­қықтың әріптестік тетігін ны­ғайтуға, Орталық Азия өңірі мен өзге де елдердегі тергеу органдары мен орталық биліктің арасындағы ақпарат алмасуды жақсартуға да сеп болмақ. Семинар кезінде сала маман­дары кезекті басқосуды келесі тоқсанда өт­кі­зіп, онда кезек күттірмейтін нақ­ты­лы мәсе­лелерді талқы таразысына салу қажеттігін атап өтті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.