22 Шілде, 2010

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АРТЕГІ – «БАЛДӘУРЕН»

662 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Өңірлерден оның бөлімшелерін ашса, өрен жасқа өркенді іс болар еді Жан дүниесі ластанбаған, шын күліп, шын ренжитін, уілінен үміт, кір шалмаған бастау суындай мөлдір жүзінен өз бол­мысың көрініп тұратын, қарақат­тай көзінен ұлттық рух ойнайтын, сен қара табан болып жер бассаң екен деген тілегіңнің тірегі – бала­дан асқан бақыт бар ма? Одан өзге бақыт оның қасында қанша жерден дәлел-дәйек келтірсең де арқан есе алмайды. Атам қазақтың ақыл-ойынан шыққан “Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер жан жылуыңды”, деген аталы сөз тегін айтылмаса керек. Балаға берген сол жан-жылуың – ертеңгі өмір нәрі, жалғастық, басқан ізіңді шаң көміп қалмауына жасаған қадамың. Біз кейде балаға бала деп қарайтынымыз бар. Шын­ды­ғына келсек, бала бәрін біліп, сезіп отырады. Ғалымдардың зерт­теп, зерделеуіне сенсек, ұл мен қыз өзіне қажет тәрбиенің 80 па­йы­зын 7 жасқа дейін бойына сіңі­ре­ді екен. Ол оның өмір бойы есі­нен шықпайтын көрінеді. Содан да болар орыстың халықшыл жазу­шысы Василий Шукшин: “Дүние­дегі ең байқампаз “халық” – ба­лалар”, дейді. Бұл – риясыз айтыл­ған рас сөз. Иә, елдің ертеңі, ұлттың бола­ша­ғы, алдыңғы толқынның ізба­сары – жас ұрпаққа тиянақты білім беріп, тәлімді тәрбие үйреткен ел­дің ертеңі кемел, болашағы бүд­ір­сіз түзу болмақ. Осыны тәуелсіздік алғаннан бері бірінші кезекке шы­ғарып, жас ұрпаққа бар мүмкін­дікті жасап келе жатқан Қазақ елінің Тұңғыш Президенті биылғы халыққа Жолдауында “Үкіметке әкімдер­мен бірлесіп үстіміздегі жылдың бірінші жартысында-ақ балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамта­масыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыруға кірісуді тап­сырамын”, деген еді. Осы тап­сыр­ма қазірдің өзінде біраз өңірлерде жүзеге асы­рылып жатыр. Ең бас­ты­сы, жаз айларындағы оқушылар демалы­сын ұйымдастыру барысы жақсы жолға қойылғанына мысал­дар кел­тіруге болады. Соның бір кө­рінісі Қазақ елінің “Артегі” ата­нып отыр­ған “Балдәурен” респуб­ли­калық оқу-сауықтыру орталы­ғын­да жақсы жолға қойылған. Мұнда жыл бойы оқушылар де­малысы ұйымдастырылып оты­ра­ды. Отанымыздың 16 аймағынан бір ауысымда 300 балаға дейін де­малуына мүмкіндік жасалған. Жаз мезгілінде 15 күн, ал сабақ жүріп жатқан уақытта 20 күн оқу мен демалыс қатар жүреді. Бұл оқу-сауықтыру кешені Елбасының тікелей тапсырма­сы­мен, Үкіметтің арнайы қаулысы­мен 2004 жылы құрылған еді. Ор­наласқан жерінің өзі Сарыар­қа­ның інжу-маржаны атанған Бура­байдың бір тамаша өңірі. Үш жа­ғын қалың қарағай көмкеріп жат­са, бір жағы Көкшенің 80 көлінің б­і­ріне иек сүйейді. Кешеннің ғи­ма­раты заман талабына сай жаб­дық­талған. Мұндай балалар де­ма­латын орын ТМД елдердің ішінде, бір замандары КСРО-ның жүзден жүйріктері ғана барып демалатын “Артек” (Қырым, Украина), “Ор­ленок”, “Океан” бүкілресейлік ба­лалар орталығы және “Зубренок” (Беларусь) лагерьлері ғана бар. “Балдәурен” балалар лагері тек оқу-сауықтыру кешені ғана емес, оқу­шыларға қатысты отандық және әлемдік деңгейдегі білім жа­рыстары өтетін орынға айналып отырғанын да айта кеткеніміз жөн. Соның бір дәлелі, таяуда ғана еліміздің абыройын асырып, мәр­тебесін көтеріп, төрткүл дүниедегі мықты мемлекеттердің қатарынан, яғни бесінші орынға қол жеткізген 51-ші Халықаралық математи­ка­лық олимпиаданың сонда өтуі дер едік. Мыңға тарта оқушы, олар­ды бастап келген жетекшілер мен қазылар алқасының сонда 3 күн бойы алаңсыз жұмыс істеуіне жақ­сы жағдайдың жасалуы кешеннің уақыт өлшеміне сай екенін дәйек­теп берді. Жақында осы оқу кешенінде болғанымызда еліміздің барлық өңірлерінен, нақтылай түссек, 11 мен 15 жас аралығындағы оқушы­лардың демалып жатқанына куә болдық. Оларға барлық жағдай жа­салыпты. Бас тәлімгер сана­латын вожатыйлар оқушыларға таңның атысынан күннің баты­сына дейін барлық мүмкіндіктерді ұйымдас­тырып жүргеніне көз жеткіздік. Ой-сананы өсі­ретін әртүрлі бағ­дар­ламалар әзірлеп, отан­шылдық ру­хың­ды оятатын кештер ұйымдас­ты­рып, сапта жүру тәр­ті­бін бойға сіңіріп, денсаулықтың басты кепілі тазалық екенін үйретіп, “Бал­дәу­рен” – балалар арманының аралы дегенге ұйытып келеді екен. – Біздің оқу кешенінде бір жылдың ішінде 5 мыңнан аса ұл мен қыздың жыл бойы демалуына мүмкіндік бар. Тіпті шетелдік оқушылар да келіп жатады. Бұл жастардың бір-бірімен танысуына, достасып кетуіне жол ашады. Жалпы, “Балдәуреннің” әр күні қызықты. Біз соны қатаң қада­ға­лап отырамыз. Фестивальдар мен слеттер өткізумен бірге, табиғатқа саяхат жасау да жан-жақты ой­лас­тырылған. Айталық, слет бағ­­дар­ламалары әр алуан болып келеді. Мәселен, бір жолы отаншылдық рухтағы әндерді айтуға арналса, екінші жолы “Қазақстанның бо­лашағы біздің қолымызда” атты тақырыпқа сай ұйымдастырылады. 15-20 күн ішінде ұжым мү­ше­лері оқушыларға жақсы психо­ло­гиялық жағдайлар жасап, олардың толыққанды адам болып қалып­тасуына мемлекетіміздің жасап отырған қамқорлығына көздерін жеткізе отырып, еліме мен қашан да керекпін деген ұғымды қалып­тастыру басты мақсат екенін ой-санамыздан бір сәт те шығармай­мыз. Әсіресе, балалардың шығар­ма­­шы­лық қабілетін ашу мен да­мыту бой­ынша жасақталған ше­бер­ха­на­ларда жүргізілетін жұмыс­тар ұшан-теңіз. Көп жағдайда ер ба­лаларды отаншылдық рухта тәр­бие­леуге баса назар аударсақ, қыз балалардың өзіне тән нәзіктік пен барлық іске ұйытқы бола алатын қасиетін өрістетуге терең үңілеміз. Оқушылардың өзінің ой-қиялы­нан туындатып жасайтын заттары, жазған шығармалары, салған су­реттері қазір кешеннің мұражайын толықтыра түсуде. Біздің басты мін­детіміз – Отанымыздың бар­лық өңірлерінен келген оқушы­лардың өмір бойы есінде жүретін, мақ­танышпен айтатын “Балдәу­рен” – арман лагері деген ұғымды қа­лып­тастыру, – дейді оқу-сау­ық­тыру орталығының директоры Мұхит­дин Төлепбаев. Жазғы демалыс пен оқу ке­зін­дегі оқушылардың орталықта бо­луының айырмашылығына келер болсақ, сабақ уақытында балалар әрі демалады, әрі оқуларын жал­ғастырады. Яғни, лагерьде дема­лыс кезеңі мен мектеп өмірі бір ар­нада тоғысып жатады. Мектеп­те­гі сабақ беру тәсілі жаңашыл ком­пью­тер­лік және пәндік-модульдік тех­но­логияларға негізделген. Мұнда үйге тапсырма берілмейді, әр бала өз білімін кәсіби біліктілігімен, ұс­таздардың көмегімен жүзеге асыру бірінші кезекке шығарылған. Бұған қажеттің бәрі кешенде жеткілікті. Оқулықтармен қатар, иллюст­ра­тивті-энциклопедиялық жинақ­тар, отандық, орыс және шетелдік әдебиеттердің озық үл­гі­лері, өзге де құндылықтар жинақ­тал­ған кітап­хана жұмысы жақсы жол­ға қойылған. Оқушылар де­малыс ке­зінде медицина кешенін­де, нақ­тылай түссек мини-кли­ни­када ем­делуіне, шынығу процеду­ра­ларын, физиотерапия, оттекті коктейль, тынысалу жаттығу­ларын, емдік денешынықтырулар, тағы басқа алуына болады. Күніне алты рет тамақтанады екен. Сауықтыру орталығына еліміз­дің барлық аймақтарында білім алып жүрген миллиондаған оқу­шылардың арасынан ең үздік оқы­ған, талантты, тәртіпті балалар ғана жіберілетінін айта кеткеніміз жөн. Осы арада төмендегі өз байламымызды естір құлаққа сала кетсек дейміз. Егер Отанымыздың барлық өңірлеріндегі табиғаты әсем, оқушылардың көңілді дема­лысына қолайлы жерлерден “Бал­дәурен” оқу-сауықтыру кешенінің бөлімшелерін ашып, сонда дема­луға келген ұл-қыздың арасынан таңдаулыларын Бурабайға жіберу үрдісін қалыптастырсақ жөн болар еді. Бұл тәуелсіз елдің бас оқу-сау­ықтыру орталығының мәртебесін көтерумен бірге, толқын-толқын оқушылардың “Балдәуренге” ба­рып демалсақ деген ынта-ықыла­сын оятар еді. Келмеске кеткен кеңес дәуірінде Артекке бару әр оқушының арманына айналғаны мәлім. Сондай асқақ арманға жетелейтін отандық балалар лаге­рін қалыптастыруды ойластырсақ ұтылмас едік, ұтар едік. Сүлеймен МӘМЕТ. “ИСКРА” АУЛА КЛУБЫ ҚАШАНДА КӨҢІЛДІ Жазғы демалыс кезінде балдырғандар мен жасөспірімдердің уақыт­тарын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған “Искра” аула клубында олар түрлі спорттық ойындар мен сайыстарға қатысып, денсаулықтарын сауықтырумен қатар, білімдерін тереңдетеді. Жанна Жолдасова жетекшілік ететін “Искра” аула клубына ба­лалар мен жасөспірімдер үлкен қызығушылықпен жиналады. Мұнда келетін балалардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Дегенмен, олар өздеріне ұнайтын пайдалы әрі тиімді іс табады. Достарымен бірге теннис, дойбы, шахмат ой­нап, ән салып, би билейді. Оқу­шылардың білімі мен ой-өрісін кеңейту мақсатында интеллектуал­дық сайыстармен қатар, ұлттық ойындарды ұйымдастыруға да баса назар аударылған. Қабырғалар мен сөрелерде оқушылардың жеке жұмыстары мен суреттері, әсем өрнектеліп, безендіріліген қолөнер туындылары жинақталған. Қиял­да­рына ерік берген жас суретшілер қағаз бетіне түрлі-түсті бояу ар­қылы қылқаламмен табиғат кө­ріністері мен өз ойларын түсірген. Сондай-ақ, жол үстіне бормен сурет салудан да байқау өткізілген. Жазғы демалысты қызықты өт­кізіп, пайдалы мәліметтермен та­нысқысы келетін оқушылар үшін балалар шығармашылығы үйінде аптаның әр дүйсенбісі күндері түрлі шаралар ұйымдастырылады. – Жуырда аула клубтарының арасында футболдан сайыс өт­кі­зілді. Сондай-ақ іс-шаралар ле­гіндегі “Көңілді отырыс”, “Му­зы­кальный калейдоскоп”, “Көңілді суретші”, “Тайник чудес” және “Стратинейджер” би жарысына балалар үлкен қызығушылықпен қатысты. Ендігі кезекте “Мисс-2010” және “Кольцо веселых го­род­ков”, “Армейские будни”, “Звез­дный небосвод”, “Көңілді старт” спорттық шараларын өткізу көзделіп отыр. Жас ерекшеліктері мен ой-пікірлерінің айырмашы­лық­тарына қарамастан балдыр­ған­дар мен жасөспірімдердің басын тоғыстыратын “Искра” аула клубы жазғы уақытта жаңа достармен танысып, спорттық шараларға қа­тысуға шақырады, – дейді Жанна Жолдасова. Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА. Павлодар облысы, Ақсу қаласы.