Қымбатты қазақстандықтар!
19 жыл бұрын Қазақстан Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен гүлденген, қуатты мемлекет болуға алғашқы қадам жасады. Осы уақыттан бастап, біздің еліміз көптеген қиын-қыстау кезеңдерді еңсере отырып, жарқын жеңістер мен тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Қазір бірлігі жарасқан елімізде жүзден астам ұлттар мен халықтар өзара түсіністік пен келісім аясында тыныш өмір сүріп, бейбітшілік салтанат құруда.
Тәуелсіздік алған кезеңнен бері республикамыздың әлеуметтік-саяси өмірінен орын алған өзгерістердің, реформалардың нәтижесінде Қазақстан дүние жүзіне танымал беделді мемлекет атанып, әлемдік қауымдастықтан лайықты орнын еншіледі. Бұған Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті дәлел бола алады. Мәртебелі жиын бұл, халқымыздың, ең алдымен Қазақстанның Президенті, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің ең биік шыңы. Және біз үшін ТМД елдерінің ішінде, түркі тілдес мемлекеттер арасында алғашқы болып Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үлкен мақтаныш және беделді ұйымға төрағалық ету өкілдігі табысты жүзеге асырылды.
Құрметті достар!
Сіздерге және сіздердің жақындарыңызға зор денсаулық, мол бақыт, отбасында игілік, Отанымыздың гүлденуі жолындағы еңбектеріңізге мол табыс тілейміз.
Мемлекеттік награда– ең лайықтыларға
Кеше Ақордада еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанның өсу-өркендеу жолында аянбай еңбек етіп, атсалысып жүрген түрлі сала өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. – Қалыптасқан дәстүр бойынша Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанның көптеген азаматтарын еңбектегі ерен табыстары мен адал қызметтері үшін Президент өз Жарлығымен мелекетіміздің мәртебелі наградаларымен марапаттайды. Осылардың қатарында сіздер де барсыздар. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлының сіздерге деген арнайы сәлемін жеткізе отырып, осы наградаларды ұсынуға рұқсат етіңіздер, – деді Қанат Саудабаев. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі елімізде түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. * * * Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Парламент Сенатында да салтанатты жиын болып, онда аталған палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Аппарат қызметкерлерін айрықша мерекемен құттықтай келе, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың атынан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Бұл күні Парламент Мәжілісінде де Тәуелсіздік мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Елбасы атынан палата депутаттарына мемлекеттік наградалар тапсырды. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, мемлекеттік наградаларға ие болған азаматтардың қатарында «Нұр Отан» ХДП өкілдері де бар. Кеше ол марапаттарды «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин табыстады. Сондай-ақ еліміздің министрліктері мен ведомстволары басшылары да өз салалары бойынша мемлекеттік наградаларға ие болғандарға Елбасының атынан марапаттау рәсімдерін өткізді. «Егемен-ақпарат».