• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:17

Азаттық үшін күрескен Асау-Барақ

240 рет
көрсетілді

Халқының азаттық жолында күрескен атақты батырлар аз емес. Көзі тірісінде әулие атанған әкелі-балалы қос батыр жөнінде әңгімелемекпіз. Олардың азаттық жолындағы күресі отандық және ресейлік архивтер қорларында сақталған.

Барақ Сатыбалдыұлы (1743–1840) мен Асау Барақұлы (1763–1843) да  халқының азаттығы жолында  күрескен, түрлі қо­ғам­­­дық-саяси оқиғаларға жас кезінен ара­­­­­ла­­сып, бар ғұмырын ел мүд­десі жо­лын­да­ғы іс-қимылға арнаған тұлға­лар са­на­лады.

Барақ батыр шамамен Батыс Қазақ­стан өңірінде дү­ниеге келген. Кіші жүздегі Шөмішті Та­бын руының Қарақойлы-Лабақ бөлімінен. Өз жұртының ғана емес, Хорезм мен Орынбор арасындағы өзбек, түрікмен, қарақалпақ, башқұрт ұлыстары ішінде де есімі аса мәшһүр болған. Сондай-ақ Ба­рақтың Асаудан басқа Қитар, Жәні­бек есімді ұлдары да белгілі батырлар мен билер екен. Жалпы, әулетінен әс­кери-билеуші санатындағы жандар өте көп шыққан. Олардың ішінен үш азаттық күреске қатысып, соның екеуіне жетекшілік еткен, көзі тірісінде әулие атанған атақты Дәуіт Асауұлын (1787–1874) атар едік.  

Барақ Сатыбалдыұлының алғашқы ерлігі ел аузындағы әңгімелер желісіне арқау болған. Кеңінен тараған әрі бір­неше нұсқасы сақталған, көркем тілді «Барақ батыр» тарихи жырындағы (жыр нұс­қалары жүзтомдық «Бабалар сөзі­нің» 60-томында берілген) мәліметте Барақ­тың 18 жасында қалмақтың атақты батыры Алакөбікті жекпе-жекте өлтіргені айтылады.

Барақ батырдың қайраткерлік кезеңі  1783–1797 жылдар аралығындағы Сырым Датұлы бастаған көтеріліс болды. Ұзақ жылдарға созылған бұл күрес бүкіл Батыс Қазақстанды қамтыған, оқиғаларынан бірде-бір қауым қалыс қалмаған, заманында ең атақты деген би-батырлардың басын қосып, дүйім жұртты елеңдеткен ұлы жорық болған еді. Сырымның жақын қарулас серігі Барақ – осы көтерілістің бас сар­дарлары­ның бірі. Ол Сырым көтерілісі тұсында орыс шептеріне жасалған бар­лық шабуыл мен жорыққа  қаты­сып, бас­қа да сардарлармен бірге шеп­тегі бе­кіністерге көптеген шапқын ұйымдастырады. Архивтегі құжаттардың бірінде Барақтың қол астында 2 мың сарбаз болғаны айтылады. 1783 жылы желтоқсан айының соңында Сырым мен Барақ бастаған 700 сарбаз Генварцовский мен Рубежинский форпостары арасын­да­ғы орыс елді мекендеріне шабуыл жа­сайды. 1785 жылдың қаңтарында Орын­бор обер-коменданты, генерал-ма­йор Я.М.Зенбулатов жазалау әскерінің коман­дирі майор Смирновқа басқа күрес же­тек­шілерімен бірге Барақты да отбасымен, мал-мүлкімен қолға түсіруге нұсқау береді (Орынбор обл. архиві. 5-қор, 1-т., 15-іс, 60-п.). Жазалауға қарамастан осы жылы наурызда Сырым, Тіленші, Ба­рақ батыр­лар 1 мың адаммен Антонов фор­пос­тын шабады. Маусым айында осы атал­­­ған батырлармен бірге Жем бойында ке­­­ңес құрып, орыс шептерін шабуға сар­­­баз жи­нау үшін әр руға жаушылар жібереді.

Аталған көтеріліс тұсындағы орыс шебі­не ең үлкен шабуылдардың бірі 1785 жылы шілдеде өтеді. Барақ, Жиеншо­ра, Тасболат, Жанболат, басқа да батыр­лар бастаған 1500 сарбаз Таналық (Та­налыцкая) бекінісі маңындағы редутқа жойқын шабуыл жасап, станицалық атаман П.Овчинниковті, хорунжий Е.Овчинниковті, капрал С.Рыбкинді, көмек­ке келген майор Рештейнерді ­30 адамы­мен, майорға шабуыл туралы ес­кер­туге жіберілген капрал Ивановты ­­20 адамымен, капрал Семеновті 26 адамымен бірге қолға түсіреді. Шайқас кезінде қарсыласқан капрал И. Мелехин, 28 солдат пен казак қаза табады. Бұл оқиға туралы де­ректер түрлі құжатта там-тұмдап кез­дескені­мен, кейін­нен қазақ ауылдарынан қа­шып шық­қан не босатылған тұт­қындар­дың әр жылдардағы жауапта­рынан шабуыл­дың жай-жапсары біршама айқын­далады. Тұтқыннан босатылған кизил­дік бата­льон солдаты В.Котков капрал Семенов­тің шұғыл жиналған 34 ада­мы ішінде көмекке келген кезде, қазақ­тар­дың оларды майорға жібермей, 8 адамын өлті­ріп, қалған 26-сын түгелдей тұтқындап, Жайықтың арғы жағына алып өткенін айтқан. Пермь жаяу әскер полкінің солдаты Тарасов болса тұтқыннан 14 жылдан соң, 1799 жылы ғана босатылып, аталған ақпардан бөлек, өзінің оның алдында 12 жыл бойы орыс-түрік соғысына қатысқанын көрсеткен. Шабуыл жөнінде Нұралы хан да князь Г.А.Потемкинге 1785 жылы 15 қарашада жолдаған хатында сарбаздардың біраз казакты өлті­ріп, бір атаман мен майорды, басқа тірі қалғандарын түгелдей өздерімен бірге әкеткенін жазған. Ханның келесі хатында бұл шабуылды Барақ пен оның ұлдары­ның, Жиеншора батырдың туыс­тарымен, ағайынды Тасболат, Жанболат батыр­лардың (соңғы екеуі атақты Тама Есет батырдың ағасы Қарабастың ұлдары) ұйымдастырғанын атайды. Оқиға барысы Сырым бастаған билердің кейінірек өлке басшысы О.Игельстромға жазған хаттарында да баяндалады, соған қарағанда бұл шайқаста Сырымның өзі болмағанға ұқсайды. Хатта жоғарыдағы батырлар бастаған жасақтың 100-ден аса адамды аста­рындағы 100-ге жуық атымен бірге қолға түсіргендері айтылады (Ресей мемл. әскери-тарихи архиві. 52-қор, 194-т., 355-іс, 252-п.). 

Баяндалған шабуыл Орынбор басшы­лы­ғын да алаңдатып, обер-комендант кеңсесі мен Шекара істері экспедиция­сы арасында тұтқындар жайында хат ал­масулар жүрген. Ресей шебіне соққы бо­лып тиген бұл шайқас арада тіпті 30 жыл өткен соң да ұмытыла қоймаған. 1816 жылы Орынбор губернаторы, князь Г. Волконский Петербургтегі инфан­терия генералы С.Вязмитиновқа жолда­ған бір жазбасында қазақтардың «аса зор қар­қынмен» шабуыл жасап, командирлерімен қоса барлығы 78 адам­ды әкеткендерін еске түсірген (Ре­сей мемл. тарихи архиві. 1282-қор, 2-т., 2130-іс, 15-п.). Шабуылдың мән-жайы қа­зақ ауыл­дарынан әр жылдары қашып шық­қан Айтқұл, Мәмбет, Езекей есімді баш­құрттардың жауаптарынан да анық­тала түседі. Бұлардың екеуі шабуыл­дың басты жетекшілері ретінде Жиеншора мен Барақ батырларды атаған. Мұнда аталған Жиеншора да – өз кезеңіндегі қас батырлардың бірі. Патша әскері 1774 жылы бір жазалау кезінде оның кішкентай балаларын алып кетіп шоқындырып, ресейлік мещандарға таратып жіберіп, кейін таба алмаған. Балаларын қайтара алмаған Жиеншора осыдан соң орыс шептерін аямай ша­уып, адамдарын әкетуге ант еткен екен. 1775–1800 жылдары аралығында ширек ғасыр бойы Орынбор шебін шабумен, адамын әкетумен өткен. Оның есімі өлке гу­бернаторларынан бастап бүкіл шекара халқына аса танымал болған.

Осылайша, желісі әртүрлі деректерде там-тұмдап аталатын, қарапайым тұр­ғындарды емес, бір атаман мен майорды, хорунжийді – барлығы 100-ге жуық әскери адамды (соңғы деректер бойынша 96 адам) тұтқынға алған бұл шайқас қазақ батырларының ең бір тамаша жеңісінің бірі саналады. Бір жорықта 100-ге жуық адамды тұтқындау азаттық күресі тарихында бұрын-соңды кездес­пеген еді.

Барақ батыр 1785 жылдың қыр­күйе­­гінде жоғарыдағы шабуыл бо­йын­ша Орынбордан жіберілген ахун Мұхамеджан Хусейнов бастаған елші­лердің қатысуымен болған Кіші жүздегі аса ірі билер кеңесіне қатысады. Осы ке­ңесте Екатерина патшайым мен барон Игельстром атына жазылған ең ық­­палды деген 51 қазақ би-батырының ха­тына қосылады. 1786 жылы Нұралы хан би­­ліктен кетірілген соң, осы жылы қыр­күйек­те өткен бүкіл Кіші жүз құ­рыл­­тайын­да Шөмішті Табын руының бас­қарушы биі болып сайланады. 1789 жыл­дың жазында Барақтың үлкен жасақ­пен Ресей шебіне жақындағаны жайында дерек бар, оның келуін 260 сарбазымен Жиеншора батыр күткен. 1790 жылы Сырым көтерілісі ішінде екі ағым пайда болған кезде Барақ пен ұлы Асау кү­ресті жалғастыру бағытын ұстанған Сырым тобын қолдайды. Екеуі де оның ең жақын жақтастарының қатарында аталады. 1791 жылдың қазан айында Сырым, Барақ бастаған күрес көсемдері Индер тау­ларының маңында кеңес құрып, орыс шептеріне шабуыл жасау­ды жос­пар­лайды. 1792 жылы Сырым Ресейге со­ғыс жариялап, 1000 сарбазбен Тұзтөбе, Крас­ногорская бекіністерін шапқанда басқа сардарлармен бірге Барақ та қатысқан.

Барақ Сатыбалдыұлы ХІХ ғасыр­дың алғашқы ширегіндегі оқи­ғаларға да қызу араласты. Жасы 80-нен ас­қан шағында да қоғамдық-саяси үдерістен тыс қалмаған, Ресейдің қазақ жеріне жаңа шеп тұрғызуына ашық қарсы шықты. 1822 жылы басталған бұрын­ғы қарулас серігі Тіленшінің ұлы Жола­ман бас­таған көтерілісті қатты қолдады, оның рухани дем берушісі болды. Кейбір архив құжаттарына қарағанда, Жоламан күресті бастар алдында, 1822 жылы көктемде Жем бойында орналасқан Барақ ауылында қарт батырмен кеңесіп, оның батасын алған. Осы жылдың желтоқсан айында Жоламан бастаған Кіші жүздің бір топ биі мен батыры Орынбор губернаторы П.Эссенге Елек бойындағы қазақ жерлерін қайтаруды сұрап жолдаған хатқа қарт Барақ ең алғашқылардың бірі болып «Барақ бин Сатыбалды баһадүр» деген жазуы бар мөрін басқан. Бұл хатқа оның ұлдары Асау мен Қитар батырлар да қосылған. Қарт батырдың деректерде ең соңғы аталуының бірі 1826 жылға жатады. Барақ әулие ұзақ жасап, Сам құ­мында, қазіргі Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағында жерленген.

Барақтың үлкен ұлы Асау да – атақты батыр әрі би, орыс отарлауына қарсы азаттық үшін күрескен тұлға. Заманының жаужүрек тұлғасы, еліне тас қамалдай қорған болған қолбасшы. Ресей мен Хиуа арасындағы қазақ даласындағы қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене қатысқан. Әкесі сияқты оның ерліктері де ел ішінде аңызға айналған. Жас күнінде Сырым көтерілісіне қатысып, кейбір құжаттарда «Асау тентек» деп жазылады. Оның есімі 1785–1795 жылдар ара­лығын­да шабуылдарды ұйымдастырушылар арасында аталады.

Асау Барақұлы 1822–1826 жылдары қазақ тарихындағы ірі қарулы күрестің біріне басшылық жасайды. Ол Жоламан, Адай Сүйінғара, Кете Дербісәлі, Табын Жаналы, Құттыбас батырлармен бірге көтерілістің бас қолбасшыларының бірі болды. Бұл Асау батырдың Ресей өктемдігіне қарсы күресінің ең жарқын кезеңі еді. Аталған 1822–1826 жылдары орыс шептеріне көптеген шапқыншылық жасалды. Құрылған Жаңа Елек шебінің Ветлянский, Сухореченский, Буранный сияқты форпостары мен елді мекен­дері қазақ сарбаздарының тікелей жой­қын шабуылына ұшырады. Оларды ұйымдастырушылар арасында Асау мен оның көптеген ағайын-бауыры да бар еді. Жасақтардың бірін інісі Қитар батыр басқарды. 1822 жылдың желтоқсан айында Орынбор Шекара комиссиясы губернатордың жарлығымен шепке шабуыл жасаған «бүлікшілерді» ұстау туралы берген құпия бұйрығында алдымен ұсталуға тиіс адамдар ішінде Асау мен Қитарды да көрсетеді. Асау батыр да Кіші жүздің көптеген билерінің ішінде 1822 жылы шілдеде Ресей Сыртқы істер министрі, граф К.Нессельродеге, желтоқсанда Орынбор губернаторына жазылған хаттарға қосылып, Ресейде ұсталған Арынғазы сұлтанды және Елек бойын қайтаруды сұрады.

1825–1826 жылдары көтеріліске қарсы дүркін-дүркін қарулы  әскер шығарылып, күшпен басылады. Осы кезде, 1826 жылдың жаз айларында, Асау Барақұлы мен күрестің бұрынғы қолбасшылары Сүйінғара, Дербісәлі, Қитар, Байғана, т.б. батырлар патша өкіметінің ықпалынан тыс оңтүстік далаларда үлкен қарулы жасақ жинап, азаттық күресінің жаңа ошағын қалыптастырады. Құжаттарға қарағанда, бұл күрес ошағы Сағыз, Ойыл өзендерінің бойында топтасқан. Жасақтар Жем өзенінің бойына да шоғырланған. Барлығы бірнеше мың сарбаз жиналған. Осы қимылдан жасы 80-нен асқан қарт Барақтың өзі де тыс қалмай, жиындарына қатысып, ақыл-кеңесін берген. Архивтік деректерге сай 1826 жылдың маусым айында осы күрес ошағынан 2 мың адамдық жасақ Ойыл, Қалдығайты, Бұлдырты өзендерінің бо­йына жиналған. Бұл әскерді жоғарыдан Барақ Сатыбалдыұлы, Асау Барақұлы, Сүйінғара, Дербісәлі және Байғана батырлар басқарғаны айтылады.

1826 жылы шілдеде осы көтерілісшілер тобынан іріктелген ең таңдаулы деген 500 сарбаз Жаңа Елек шебіне қарай жорыққа шығып, Новоилецк форпосты түбінен бес қарауыл казакты қолға түсіреді. Шыңғырлау өзенінің тұсында өздеріне қарсы тұтқындарды құтқаруға шыққан Жаңа Елек шебінің командирі, есаул С.Аржанухин бастаған казак әскерімен кездесіп, ірі шайқасқа түседі. Олар казактарды қоршап алып оқ жаудырып, жан-жағынан от жіберген. Шайқас жеті сағатқа созылып, осыдан соң жазалаушы әскер кері қайтуға мәжбүр болған, тұтқындарды босата алмаған. Казак жасағын сарбаздар 10 шақырымға дейін қуады, казактар оқ ата отырып шегінеді. Олар сарбаздарға қарсы 800 патрон жұмсап, біраз адамды өлтіреді, солардың ішінде сардарлардың бірі Байғана батыр қаза табады. Көп ұзамай осы сарбаздар Подгорный форпостына қауіп төндіреді. Асау және басқа да қолбасшылар басқарған жасақтар келесі, 1827 жылы да, әрекет етеді.

Асау Барақұлы 1827–1833 жылдар аралығында Батыс Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі әлеуметтік-саяси оқиғаларға белсене араласты. Сол жылдары Хиуа тарапымен тығыз байланыс­та болды. 1827 жылы  жазда Хиуа ханы Аллақұлдың өтінішімен Асау батыр Кіші жүздегі билігінен айырылып, осы өңірлерге келген Шерғазы Айшуақұлын хан көтеру рәсімін жасады. Ханның бұл рәсімді басқаға емес, Асауға ұсынуы оның дала төсіндегі беделін көрсететін. 1833 жылы жазда Үстірт жерінде бірге көшіп-қонған, жастары 70-ке келген Асау мен Жоламан батырлар сарбаз жинап, патша өкіметіне кезекті рет қарсы шығады. Оларға қарсы аға сұлтан Баймағамбет Айшуақұлы 4 мың адаммен және казак жасағымен аттандырылады. Ащы Ойыл өзенінің жоғарғы тұсында Асау мен Жоламан 300 сарбазымен осы қалың әскермен соғыспақ болады. Алайда Баймағамбет сұлтан олармен қақтығысқа бармай, басқа жаққа бұрылып кетіп, осы үшін Орынбор әкімшілігінен қатаң сөгіс алады (ҚР Орталық мемл. архиві. 4-қор, 1-т., 4830-іс, 4-5 пп.). Асау мен Жоламанның аз ғана сарбазбен өздерінен күші он есе басым үкімет әскеріне тайсалмай қарсы тұрулары олардың азаттық үшін соңына дейін күресуге даяр қайтпас рухтарын көрсетеді.

Асау батыр өз өсиетімен әкесі Барақ­тың қасында, Сам құмында жерленген. Ел аузындағы әңгімелерге сай Асау дүние саларында «Қанша атағым шықса да, әкеме жете алмадым, мені жерлегенде әкемнен төмен қойыңдар», деп айтып кеткен. Тағы бір өсиетінде «Көзімнің тірісін­де атым әкемнің атының алдына шығып кетті, өлгенде әкемнен төмен қойыңдар», деген екен. Бұл екеуінің ел ішінде Асау-Барақ аталып кетуі жөнінде болатын.

Әкелі-балалы қос батырдың қысқаша өмір дерегі осындай. Екеуі де – бар ғұмырын ат үстінде өткізген, ел азаттығы үшін күрескен тарихи тұлғалар. Алдағы жылы олардың өз серіктерімен 1826 жылғы жаңа күрес ошағын құрған оқиғасына 200 жыл толады. Осындай тарихи даталарды, әкелі-балалы қос батырдың ел мүддесі жолындағы басқа да іс-қимылын негізге ала отырып, оларға Ақтөбе қаласынан ескерткіш орнатқан абзал.

 

Ханкелді Әбжанов,

тарих ғылымдарының  докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі,

 

Нұржан Жетпісбай,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD

Соңғы жаңалықтар