
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қазақстандық ғалымдар шетелдік ғалымдармен бірге медицина, нано және биотехнологиялар, жасанды интеллект, геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі және экология саласындағы заманауи жобаларға қатысып жатыр. Барлық жоба Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
Ғылым қоры басқармасының төрағасы Арын Орсариев: «Соңғы 2 жылда 130-ға жуық жоба қаржыландырылды. Қор – ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жобаларды гранттық қаржыландыру операторы. Бүгінде біз ғылымды қажет ететін 120 өндірісті іске қостық, оның 15-і өнімін экспортқа шығарып үлгерді. Сонымен қатар 1,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Зияткерлік меншік авторлары мен ғылыми жобаларды пайдаланатын кәсіпорындар арасында 45 лицензиялық келісім жасалды», деді.
Министрліктің мәлімдеуінше, ғылыми жобалардың арасында кобальт-57 радиоизотопы, жел және күн энергиясын өндіретін генераторлар, зеңге қарсы препарат, медициналық, тағамдық және тұрғын үй-жайларды санитарлық тазартуға арналған биологиялық өнімдер, сүт сарысуы негізіндегі сусындар, пробиотиктер және т.б. бар.
Айталық, Ғылым қорының қолдауымен «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының ғалымдары культуралдық вакцина өндіру технологиясын әзірледі. Бұл жоба үй және жабайы жануарлардың құтыру ауруының таралуын алдын алуға бағытталған. Бүгінде вакцинаны Грузияға жеткізу ұйымдастырылды.
Микробиология және вирусология институтының ғалымдары сарысу негізіндегі тағамдық құндылығы жоғары отандық сусын шығаруды қолға алды. Сусынның бүйрек пен бауырдың жұмысына, сондай-ақ бүкіл ішектің жұмысына пайдасы зор. Сонымен бірге ревматизмдегі қабынуды азайтуға көмектеседі, гипертония кезінде қысымды қалыпқа келтіріп, атеросклероз қаупін азайтады.