Әдебиет • 03 Қыркүйек, 2023

Махаббаттың мәуелі бәйтерегі

267 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абайдың «Сен мені не етесің?» деп басталатын өлеңі бар. Бұл туралы небір сыншы, ақын-жазушылар қалам тербеді. Солардың арасынан бізге ұнайтыны – Таласбек Әсемқұловтың «Абайдың ұлы жұмбағы» мақаласы. Онда хакімнің өлеңін «тәпсірлеген» автор сүйе алмаған жүректің жан азабын айтады.

Махаббаттың мәуелі бәйтерегі

Яғни махаббатқа жетпеген, құ­марлық деңгейінде қалған мен­мен жанның эгосы. Ал сүйген жүрек екінші жартысы қайырылмаса да, ешқашан құн сұрамайды, алғыс пен разылықтан басқа. Тіпті мәңгілікке көз жазса да. Махаббатқа жеткен шын жүректің азабының өзі ғажапқа айналарын әйгілейді. Иә, сүйген жүректің азабының өзі ғажап. Мұны біз махаббат жыршысы Әзілхан Нұршайықовтың шығармалары­нан ғана емес, өнегелі өмірінен де көреміз. Оның жары Халимамен өткерген сүйіспеншілікке толы, екі жартыдан бір бүтінге айналған тұтас ғұмыры – махаббаттың мәуесі.

Қолымызға жазушы Қайсар Әлімнің Алматыдағы «Мереке» баспасынан 2022 жылы шық­қан «Махаббат жыршысы» атты ке­зекті кітабы түсті. Бұл автордың Әзіл­хан Нұршайықовқа арнаған екін­ші кітабы екен. Жазушы мен жазушының жазысқан хаттары, әдебиет, өмір, заман туралы ойлар мен пайымдар легі бір бөлім. Онда Нұршайықовтың оқыр­ман­дары туралы жазғандары да бейжай қалдырмайды. Әз-ағаңды тануда, ол кісінің өміріне үңілем деу­шілерге таптырмас мұралар бір­­­неше бөлімге жүйеленіп, жеке тақы­рыптарға бөлінген. Әсіресе біз бас­тан-аяқ көз қыдыртып, ой жү­гір­тіп парақтағанымыз «Әзіл­хан Ха­ли­мадан соң» хикаяты жо­ғары­дағыдай сөйлеуімізге түрткі болды.

«Өлмей қалдым мен әрең,

Болғаннан соң жан бөлек.

Күнде еңіреп жылаймын,

Көздің жасын себелеп.

Қаралы ой дариясына енді батқалы тұрғанда Халимасының «тұрсаңшы, тіктел» деген қатқыл үні естіліп...», деп тарқатып әкетеді автор шығармасын. Елу төрт жыл отасқан Халимасынан айырылған жазушының жай-күйі, жүрек тебіренісі, көзі кетсе де ендігі ғұмырында көңіліне медет болған махаббат сәулесі қамырықты жанға қаншама қуат беріп, шуағына бөлеген. Біреулер ойлауы да мүмкін, қайткен күнде жарты ғасырдан астам уақыт бірге отасып, сәулелі ғұмыр сүрген жүрекке егізінен көз жазғаннан ауыр қасірет жоқ, көп­ке бармайды деп. Әрине, ондай жағдайларда орын алып жата­ды. Алайда шын сүйген, махаббат атты бақытқа бөленген жанның аза­бы­ның өзі ғажап екенін жоғарыда тек­ке айтпадық. Халимадан соң Әзілханның күйі аңсаулы жүректің алғысты сүйіспеншілігін әйгілейді Қайсар Әлімнің жазуында. Құса­дан гөрі арылуға келеді. Екеуара ке­шірген махаббатты өмірдің шуағы­на шомылып, сәулесіне жылыну көрі­ніс береді. Барлық бел-белестерін адақтап шығады. Адам өлсе де, шын жүректің сүйіспеншілікке толы серті жылдар бойы өмір сүре бере­ті­нін байқаймыз.

«Соғыс біткен соң өзің білесің, мен елге қайта алмай бір жарым жыл зарығып, Мәскеудегі институт ауруханасында жаттым ғой. Жастайғы сол ауру қайта асқынған. Ойлайтыным, сені қалай жетімсіретпеудің қамы. Аурудан құлан-таза жазылып, саған қосылсам деп тіледім. Тілегім қабыл болды. Мәскеу дәрігерлері мені біржола жазып, сауықтырып шығарды. Егер жазылмасам, мен саған тұрмысқа шықпайтын едім, жандай сүйген сүйіктіме ауруымды қалай жұқтырамын? Туберкулез – жұқпалы ауру. Сондықтан мен сенің жаныңа жолауға тиіс емес болатынмын. Сұрапыл соғыстан әрең жаны қалған сен сырқаттан аман болсын дедім. Осы тілекпен әлі жазылар-жазылмасымды білмей, қиналып жүрген күндерімнің бірінде Алматыда, университетте оқып жүрген саған: «Бір жақсы қыз тауып үйленіп алсаңшы», деп хат та жаздым, білесің. Жазуын жазсам да, хат кетіп қалғаннан кейін ағыл-тегіл жыладым. Сені өзімнен өзге ешкімге қимадым. Сенің жаныңды мендей түсінетін бұл дүниеде ешкім жоқ деп есептедім. Менің бағыма қарай сен ешкімге үйленбепсің. Мен жазылып, Мәскеуден Қазақстанға қайттым. Саған қосылып, осыншама бақытқа ие болдым. Сол кезде мені ауру меңдеп, о дүниеге кетіп қалуым да мүмкін еді. Мені бала күнімнен жабысып, ұзаққа созылған сол аурудан сен жаздың – сенің маған деген махаббатың жазды. Ол рас шығар. Өз басым өмірдің ең күшті дәрісі махаббат деп ұқтым».

Бұл Халиманың Әзілханға айтқан сыры, махаббаттың сөзі. Осындай адалдық пен сүйіспеншіліктен қуат алған жан иесі дүниеден қайтса да, оның өміршең рухы екінші жартысын қалған ғұмырда жебеп өткеніне шығарма сендіреді. Махаббатқа иландырады.