Саясат • 24 Қаңтар, 2024

Жер сілкінісі: Іс-қимыл жоспары пысықталды

191 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматыдағы жер сілкінісі жайы қаралды. Сондай-ақ кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелері де талқыланды. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру шаралары пысықталды.

Жер сілкінісі: Іс-қимыл жоспары пысықталды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 23 қаңтар сағат 00:09-да Алматыдан 264 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытай шекара­сында жер сілкінісі болғанын мәлімдеді. Салдарынан, Алматыда – 5, Шымкентте – 2, Жамбыл облысында – 2-3 және Жетісу өңірінде 4 балл болып сезілген бірқа­тар сейсмикалық дүмпу тіркелді. Ал­дын ала мәліметтер бойынша, ғимарат­тар мен құрылыстар қираған жоқ.

ТЖМ-да дереу республикалық жедел штаб құрылып, осындай штабтар аумақтық деңгейде де жұмыс істеді. ТЖМ психологтерін тарта оты­рып, «жедел желі» телефондары ұйым­дас­тырылды. Өңірлерді азаматтық қорғау­дың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындықта жұмыс істеді. Командалық-штабтық машиналар орналастырылды, құт­қару бөлімшелерінің топтары және халықты хабардар ету жүйесі толық дайындықта тұр.

Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматы аумағында күшті және жойқын жер сілкіністері күтілмейтінін айтты. Осыған байланысты ТЖМ өңірлердің тұрғындарынан қорқынышқа бой алдырмай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.

Премьер-министр ТЖМ-дан әкім­дікке және басқа да мемлекеттік орган­дарға дейінгі барлық қызмет болған жағдайға ден қойғанын атап өтті. «Қаза тапқандар жоқ, ауқымды зиян келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Уақтылы ақпарат алмаған адамдар нақты әрекетсіз дүрбелеңге жол берді. Олар 2, 3-қабаттар­дан секірген кезде зардап шекті. Бұл ескерту жүйелерін уақтылы қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек ақпарат беріп, хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетті», деген Ә.Смайылов барлық сейсмикалық қауіпті өңірде жаттығулар жиі өткізілуі керек екенін айтты. «Халық іс-қимыл алгоритмін білуі керек», деп өңірлердің әкім­діктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай ТЖ-ны жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуді тапсырды.

«Жақын арада жедел ден қою үшін басқару органдары мен азаматтық қорғау күштері басшылары мен жауапты тұлғаларының басқару бекеттеріндегі кезекшілігі енгізілсін. Бұл тіршілікті қамтамасыз ететін барлық ұйымға қатысты», деді ол. Сондай-ақ зардап шеккендерді емдеу үшін барлық шараны қабылдау қажетін атап ескертті.

«ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға тиіс. Барлық тиісті қызмет арасында, соның ішінде жер сілкіністері ошақ­тары орналасқан көрші мемлекеттермен нақты өзара іс-қимыл жасау керек», деп түйіндеді Премьер-министр.

 

Шығарындыны бақылау жүйесі

Үкімет отырысы кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелерін талқылаумен жалғасты. Экология және табиғи ресурстар ми­нистрі Ерлан Нысанбаев атап өт­кендей, өткен жылдың қорытындысына сәйкес шығарындылар бойынша нор­мативтердің 3,3%-ға – 4,2 млн тоннадан 4,06 млн тоннаға дейін, төгінділер бойынша 8%-ға – 2,5 млн тоннадан 2,3 млн тоннаға дейін төмендеуіне қол жеткізілді.

Экологиялық заңнаманың сақ­талуын бақылау мақсатында 652 тексеру жүр­гізіліп, 1,6 мың құқық бұзу­шылық анықталды. Олар бойынша жою туралы 628 тиісті ұйғарым берілді. 322 млрд теңгеге 2,1 мың әкімшілік айып­пұл салынды, 11,3 млрд теңге мөл­шерінде 1,8 мың айыппұл өндірілді. Қалғандары орындалып жатыр.

Экологиялық жағдайды жақсарту үшін ірі кәсіпорындар жыл сайын табиғатты қорғау іс-шараларының жос­парларын әзірлейді. Сонымен қатар жұртшылықпен, экобелсенділермен, жергілікті атқарушы органдармен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, өңірлердің экологиялық мәселелері қаралды. Нәтижесінде, олардың кешенді шешімі бойынша 18 жол картасы әзірленді. Іс-шаралардың жар­тысынан көбі іске асырылды, қал­ғандарын орындау жалғасып жатыр.

Премьер-министр атмосфераны лас­таушы заттардың басым бөлігі өнер­кәсіп кәсіпорындарына тиесілі екенін айтты. Шығарындының артуы­на жылу энергетикасы мен мұнай-газ секторларының кәсіпорындары, тау-кен өндіру және өңдеу салалары, қара және түсті металлургия кәсіп­орындары «үлес» қосып отыр. «Кәсіп­орындардағы ластағыш заттарды үнемі бақылап тұру үшін авто­маттандырылған мониторинг жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл кәсіпорын шы­ғарындыларын нақты уақыт режімінде қадағалап тұруға және белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда жедел әрекет жасауға ықпал етеді», деді Ә.Смайылов.

Қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында және кәсіпорындардың заманауи шешімдерін енгізуде ең үздік технологиялық анықтамалықтар бекітілді. «Мұндай технологияларды қолдану қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайтады», деген Премьер-министр, әлі шешілмеген өзекті мәсе­лелер бар екеніне тоқталды. Мы­салы, атмосфераның ғана емес, су ресурс­тарының да ластану фактілері орын алып отыр.

«Кейбір кәсіпорындар өзендер мен көлдерге қалдықтарды рұқсатсыз төгіп жатыр. Компаниялардың осындай заңсыз әрекеттеріне халықтан түсетін шағым көп. Су – ең құнды ресурс, біз оны қорғауға міндеттіміз», деген ол халықаралық озық тәжірибе негізінде ESG стандарттарын енгізу қарқыны төмен екеніне назар аудартты. Әлемнің көптеген компаниясы үшін бұл стандарттар жұмыстың ажырамас бөлігіне айналған.

Жалпы, олар экологиялық көрсет­кіш­терді ғана емес, әлеуметтік, қаржы­лық және өндірістік көрсет­кіштерді де жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ ESG стандарттарын сақтау – халық­аралық қаржы институттарымен не­сие беру кезінде назарға алатын кри­те­рийлердің бірі. «Отандық кәсіп­орындардың эколо­гиялық қауіпсіздігін барынша арт­тыру үшін ресурс үнем­дейтін және қалдықсыз технологияларды белсендірек енгізу қажет», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ табиғатты қорғау шараларын жаппай жүргізудің де маңызы зор екенін атап өтті. «Мысалы, компаниялар ағаш отырғызу, өзен арналарын тазарту, орман алқаптары мен далаларда қоқыс жинау науқандарын жүйелі түрде жүргізіп тұруларына болады. Ол үшін Экология министрлігі мен әкімдіктер табиғат пайдаланушылармен бірлесіп жоспарлы жұмыс жүргізулері керек», деген ол экологиялық іс-шараларды амалға асыру уақытты қажет ететінін айтты. «Бұл ауқымды әрі ұзақмерзімді үдеріске кәсіпорындар, мемлекеттік органдар, экологтер, ғылыми қауымдастық пен жұртшылық жұмыла кірісуге тиіс. Нақ осындай тиімді әрі сындарлы жұмыс қана елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпалын тигізеді», деді Премьер-министр.

Сондай-ақ кәсіпорындардың эколо­гиялық міндеттемелерді сақтауын қам­тамасыз етуі, су ресурстарының лас­та­нуына жол бермеуі қажет екенін айт­ты. Бекітілген өңірлік Жол картала­ры мен табиғатты қорғау іс-шара­лары жоспарларының іске асырылуын жалғас­тыру, өнеркәсіп кәсіпорын­дарын­да ESG стандарттарын енгізудің нақты шараларын әзірлеу де назарынан тыс қалмады.

 

Инновация негізі – ғылым

Үкімет отырысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәти­желерін коммерцияландыру шаралары да күн тәртібіне шықты. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есе 643 млрд-қа дейін өскенін баян­дады. Бұл ретте 2024-2026 жыл­дар­ға көз­­дел­ген бюджет тағы 13%-ға өсіп, ша­ма­­мен 730 млрд теңгені құрайды екен.

Жүргізіліп жатқан жұмыс аясын­да іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми институттарға қосымша қаржыландыру бөлінді. Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау айтарлықтай күшейтілді – бүгінде олар 727 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Ғылыми және ғылыми-техникалық қыз­метті коммерцияландыруды ын­та­ландыру шараларының бірі – грант­тық қаржыландыруды ұсыну. Өткен бірнеше жыл ішінде мұндай жобалардың ғылыми-техникалық дамуға қосқан жалпы үлесі 68,6 млрд-қа жеткен. 2023-2025 жылдарға осы бағыт бойынша 62,1 млрд бөлінген. Бұл – өткен жылдардағы қаржыландыру көлемінен екі есе артық.

Министр 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржы­ландыру аясында ғылыми-техно­ло­гиялық инфрақұрылымды қалып­тас­тыруға 16 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Жалпы, 2029 жылға дейін 7 мамандандырылған инжи­ниринг орталығы мен ғылыми-технологиялық парк ашу жоспарланған. Ал коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурс­тарды өткізу туралы «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов айтып берді.

Премьер-министр ғылыми әзір­леме­лерді енгізу – өндірістерді жаң­ғыр­­тудың және жалпы экономика­ның ин­новациялық дамуының басты шарты екеніне назар аударды. «Өнер­кәсіп сапасының өсуі үшін ғылым мен индустрияның тығыз интег­ра­циясы қажет. Біз отандық ғылым­ның мүмкіндігін кеңейту және бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдаймыз. Тиісті шаралар кешені Жоғары білім мен ғы­лымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұ­жы­­рымдамасында көзделген», деді ол.

Басты назар қолданбалы ғылымды дамытуға, бизнесті ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыруда белсенді болуға ынталандыруға, ғылы­ми-технологиялық парктер мен инжи­ни­рингтік орталықтар құруға аударылады. «Тұжырымдаманы іске асыру барысында ғылыми жобаларды коммерцияландыру мен бірлесіп қаржыландырудың үлесі 50%-ға дейін ұлғаяды деп күтілмек», деді Премьер-министр.

«Ғылым және технологиялық сая­сат туралы» заң жобасында ғылыми жоба­лардың нәтижелілігін эконо­мика­дағы сұранысты ескере отырып қам­тамасыз ету бойынша бірқатар норма қарастырылған. «Осы құжатқа сәйкес ғылыми зерттеулердің технологиялық әзірлігін бағалауы енгізіледі, мұнда олардың идеядан іске асырылуға дейінгі кезеңдері зерделенеді. Бұл теориялық әзірлемелерді тәжірибеге жақындатуға ықпалын тигізеді», деді Үкімет басшысы.

Қазір республикада технологиялық брокерлік және венчурлік қаржылан­дыруды енгізу көзделіп отыр. Бұл биз­несті ғылым саласына атсалысуға ын­таландырып, ғылыми жобалардың нақты нәтиже беруі үшін ортақ жауап­кершілікті арттырады. «Ғылымға жеке инвестициялардың тартылуы үшін салықтық жеңілдіктер мен префе­ренциялар көзделеді. Ғы­лымды жергілікті бюджеттен қар­жы­ландыруға алғаш рет мүмкіндік бері­леді. Жалпы, республикалық бюд­жет­­тің ғылыми мақсаттарға жұмса­латын шығыстары кейінгі 3 жылда 3,3 есе өсіп, 643 млрд теңгені құрады. 2024-2026 жылдарға шамамен 730 млрд теңге қарастырылған», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр 1 наурызға дейін жобаларды коммерцияландыру барысында күтілетін нәтижелерді нақтылау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларын өзектендіруді тапсырды. Оған қоса 2024 жылдың соңына дейін әкімшілік үдерістерге реинжиниринг жүргізіп, кедергілерді азайтып, ғылыми жобаларды ірік­теудің барлық кезеңін автоматтандыруды, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алуды бір орталықтан жүргізуді талап етті.

«Әкімдіктермен, өңірлік жоғары оқу орындарымен бірге өңір эконо­микасының нақты сұраныстарына орай коммерцияландыру жобаларын іріктеудің және қолдаудың тиімді механизмдерін пысықтау қажет», деді Үкімет басшысы.