Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бізге сапа маңызды
Үкімет отырысы Президент Жарлығымен тағайындалған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың ант қабылдауымен басталды. Премьер-министр жауапты қызметте жаңа министрге табыс тілеп, бұрынғы министр Ермек Маржықпаевқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.
Отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселені қарау барысында Үкімет басшысы Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы әрбір жолы қазіргі заманның шынайы талаптары мен сын-қатерлеріне жауап беретін маңызды әрі дер кезінде жарияланған құжат екенін атап өтті.
«Президенттің Жолдауын сапалы іске асыру – біздің басты міндетіміз. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл мақсатқа экономиканың құрылымын өзгерту арқылы қол жеткізе аламыз. Салалардағы мұндай өзгерістер қазірдің өзінде тау-кен секторының үлесін азайтып, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ біз жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға басымдық беретін боламыз. Бұл саланың әлеуеті үлкен. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер барынша көңіл бөлуге тиіс проблемаларды нақты белгілеп берді. Барлық мемлекеттік органдар Президент айтқан тапсырмаларды жан-жақты пысықтап, қойылған міндеттерді шешудің нақты жолдарын айқындауы қажет», деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы бюджет қаражатын оңтайлы жұмсаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету бағытында жұмысты едәуір күшейту қажет екенін айтты.
Стратегиялық бағдар жолында
Премьер-министр Мемлекет басшысының Жолдауы Үкімет пен қоғам үшін стратегиялық бағдар екенін атап көрсетті.
«Жолдау бізге таяу мерзімге арналған мақсат-міндеттермен қатар нысаналы көрсеткіштері және индикаторлары белгіленген нақты іс-қимыл алгоритмін айқындап берді. Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Бұл ретте қорытынды нәтижеге, оның экономикаға тиімділігіне баса назар аударылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік бюджетті ұтымды бөлу айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, «экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Мемлекет басшысы терең өңдеу кластерлерін құру жөніндегі әрбір ірі жоба бойынша өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану маңызды екенін атап айтты. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін неғұрлым белсенді ілгерілетуді және сабақтас өндірістерді құра отырып, кластерлік жүйені дамытуды ескеріп, әрбір жобаны іске асырудың нақты жоспарын жаңартуы қажет. Автомобиль өнеркәсібі бойынша Өнеркәсіп министрлігіне өндірістерді локализациялау деңгейін белсенді арттыруды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысы газбен қамту мәселесіне де назар аударып, салаға талдау жүргізу және қандай энергия объектілері газға ауыстырылатынын айқындау қажет екеніне мән берді. Жаңа газ өңдеу қуаттарын салу үшін Энергетика министрлігіне инвестициялық шешімдер қабылдауды жеделдету тапсырылды. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау үшін қаржылық даму институттарымен бірлесіп 1 қарашаға дейін жаңа генерация нысандарының құрылысына ұзақмерзімді кредит беру тетіктерін әзірлеу қажет. Сондай-ақ Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 6 қазанда республикалық референдумды ұйымдастыру және сапалы өткізу жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.
Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп биылғы 1 қарашаға дейін Үкіметке Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту жөніндегі қаулы жобасын енгізу жүктелді.
«Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап нақты тұтыну нормаларын енгізу қажеттігін атап өтті. Сондықтан адамдарды ресурстарды ұтымды пайдалануға ынталандыру керек. Ұлттық экономика министрлігі жыл соңына дейін табиғи монополиялар саласында реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну мөлшеріне қарай тұтыну нормаларын енгізсін», деп тапсырма берді Олжас Бектенов.
Премьер-министр көлік-логистика секторының мәселелеріне назар аударып, көлік инфрақұрылымын қолдау мен дамыту үлкен инвестицияларды тартуды талап ететінін ескертті. Осындай шаралардың бірі – «Қазақстан темір жолы» ҰК көрсететін қызметтердің тарифтерін қайта қарау. Соған орай «Самұрық-Қазына» қоры Көлік министрлігімен бірге жүктерді теміржол көлігімен тасымалдаудың жаңа тарифтік саясатын әзірлеуі қажет.
Облысаралық және ауданаралық бағыттардағы жолдарды орташа жөндеуді қамтуды ұлғайту үшін Көлік министрлігіне осы жылдың 1 желтоқсанына дейін нақты жобаларды, көрсеткіштерді және қаржыландыру көздерін айқындай отырып, егжей-тегжей жоспар әзірлеу тапсырылды. Қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын бақылаудың бәрі және осы жұмыстардың мониторингі Бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізілуге тиіс.
Көлік министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп шағын әуе кемелерін сатып алу тетіктерін пысықтау жөнінде тапсырма берілді.
Цифрландыру және экология мәдениеті
Мемлекет басшысының Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Премьер-министр шаруаларды қаржыландыру жүйесін қайта қарау жөніндегі негізгі міндеттерді белгіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаржы-экономикалық блокпен және «Бәйтерек» холдингімен бірге тікелей субсидия беруден төмендетілген мөлшерлемелер бойынша қолжетімді несие беруге біртіндеп көшу тетігін әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысқа екінші деңгейдегі банктерді тарту керек.
Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы деректерді бұрмалау фактілеріне қатысты саланы цифрландыру жөніндегі жұмысты күшейту және деректерді кез келген бұрмалап берудің жолын кесу қажет. Сондай-ақ Бас прокуратурамен бірлесіп, жерді алып қоюдың оңайлатылған тәртібін әзірлеп, қабылдауды жүктеді.
«Мемлекет басшысы еліміздің орман алқаптарын ұлғайтуды, оның ішінде «Семей орманы» резерватының тұқымдық материал өсірудегі тәжірибесін пайдалануды тапсырды. Экология министрлігі осы жобаны орманды өңірлердің бәріне таратуы керек. Экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қоршаған ортаны таза күйінде сақтаудың және «Таза Қазақстан» экологиялық науқанының жалғасына айналуға тиіс. Бұл тұжырымдаманы осы айдың соңына дейін қабылдау қажет», деп атап өтті Үкімет басшысы.