
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
– Атаулы жылдың біз үшін маңызы ерекше. Міндет – еңбекшілер беделін арттыру. Еңбектенген жанның қоғамда лайықты құрметке ие екенін әрбір адам білуі қажет. Біздің облыста тиісті жоспар әзірленді, оған жұмыс берушілер, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы белсенді өзара іс-қимылға ықпал ететін 100-ден астам іс-шаралар кірді, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймағымызда 52 колледж 126 мамандық бойынша жұмысшы кадрларды даярлайды. Онда 33 мыңнан астам студент білім алып, біліктілігін жетілдіріп жатыр. Мемлекеттік тапсырыс үнемі өсіп келеді. Биылғы жылы колледждер мемлекеттік тапсырыс көлемін 1100 орынға көбейтіп, 9 244 адамды қабылдаған.
Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
– Түрлі салалардағы инновациялар, жетістіктерді, сондай-ақ мансаптық өсудің табысты мысалдарын көрсететін жұмысшы мамандығы жетістіктерінің облыстық көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жастардың жұмысшы мамандығын таңдауына қосымша ынталандыру болмақ. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың соңғы технологияларды қарқынды енгізуін ескере отырып, бірінші кезекте техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін реформалау арқылы «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында дуалды оқытуды дамыту көзделген. Бұл ретте кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа форматын енгізіп, колледждерді ірі бизнестің қамқорлығына беру маңызды. Жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстарын жалғастыру керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Колледждерді кластерлеу 8 жетекші бағытта жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, білім беру, құрылыс, көлік, энергетика, IT, байланыс, тау-кен өндіру, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы бар.
Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова өңірдегі білім мекемелерінде жаңа мамандықтар атласы әзірленгенін айтады. Осыған орай биыл «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану», «Гидротехникалық құрылыс», «Гидротехникалық мелиорация» мамандықтары ашылады.
Сонымен қоса, облыс колледждерінде заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 2 заманауи құзіреттілік орталығы, 10 шеберхана құрылады.
– Біз бұл бағытта «Qarmet» АҚ, «KazakhmysSmelting», «QazTehna», «KamaTyresKZ», «Silk Road Electronics» ЖШС, өңірдің басқа да ірі кәсіпорындарымен белсенді жұмыс жасаймыз. Моноқалаларда, ауылдық жерлерде орналасқан колледждердің қызметіне ерекше назар аударып, Балқаш, Теміртау қалаларында орналасқан шағын колледждерді ірі колледждерге қосу арқылы ірілендіру жұмысын жүргіздік. Бұл ірі колледждердің ресурстары арқылы шағын колледждердің әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Биыл аталған ғимараттарда өңірлік сұранысқа сай су шаруашылығы, туризмге қатысты заманауи шеберханалар мен зертханалар ашылатын болады, – деді Гүлбақыт Серікжанқызы.
Кәсіптік бағдар берудің жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылуы аса маңызды. Мұндай жұмысқа мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер де тартылады. Өңірлік WorldSkills чемпионаты аясында «Жас Skills», сондай-ақ алғашқы рет «Бөбек Skills» кәсіби шеберлік конкурсы өткізіледі. Оқушылар үшін жергілікті кәсіпорындарға экскурсиялар, «мансаптық апталар» ұйымдастырылады. Профильді сыныптар құру жұмыстары жалғасады.
Мектептерде қызмет көрсету, авто, агро, құрылыс, ІТ, басқа да бағыттарда 50 профильді сыныптар құрылып жатыр. Жазда колледждердің базасында профильді лагерь ұйымдастырылады. Сонымен қатар биыл студенттер саны аз ауылдық колледждердің базасында кәсіптік бағдарлаудан бастап, ересектерді оқытатын орталық құру жоспарланып отыр. Бұл жоба ауылдағы бүлдіршіндер, жасөспірімдер ғана емес, 10-11 сынып оқушыларының, ересек азаматтардың жұмысшы мамандықтарды игеруіне мүмкіндік беретін заманауи орта болмақ.
Биыл «Жұмыс тап» жобасы жалғасып, түрлі жастағы азаматтарға арналған бағдарламалар колледж базасында жүзеге асырылады. «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар», «Бірінші жұмыс орны», «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» сияқты негізгі мемлекеттік бағдарламаларды, «Күміс жас», «Алтын жас» сияқты түрлі жас топтарын қолдауға бағытталған жобаларды қамтуға ерекше назар аударылады.
Қазіргі уақытта Теміртау, Қарағанды қалаларында орналасқан екі жоғарғы политехникалық колледждің халықаралық аккредиттеуден өту мәселесі пысықталып жатыр. Мұнымен қоса, өңірдің жетекші компанияларында өткен түрлі кәсіби сайыстардан жүлделі орын алған 50 үздік түлек мамандығына сәйкес жұмысқа тұрады.
Еңбек адамының оң имиджін қалыптастыру мақсатында жұмыскерлер арасында кәсіби шеберлік байқаулары ұйымдастырылып, ардагерлер, үздік шеберлер мен жас жұмысшылар туралы шағын сериалдар мен әлеуметтік роликтер жасалады. Осылайша, «Еңбек адамы» үздік бейнесін анықтайтын байқау өткізу арқылы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жоспарланып отыр.
Қарағанды облысы