
«Алдағы көктемгі егіс, күзгі жиын-терім науқанына ел көлемінде 700 млрд теңге жеңілдетілген несие қаржысы бөлінді. Президент таяуда неғұрлым өтімді, нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдарды өсіру, шикізатты сақтау және оны тереңдете өңдеу, сондай-ақ өнімді шетелдік нарыққа көбірек өткізуді реттеуді тағы да атап өтті. Мемлекеттік қолдау көлемі жыл сайын өсіп келеді. Биыл Президенттің тікелей тапсырмасымен ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі республика бойынша екі есе артады. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білуіміз керек», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ауыл шаруашылығы басқармасының алқа мәжілісінде.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің айтуынша, биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 80,9 мың тонна, күзгі жиын-терім жұмыстарына 83,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Таяуда Gosagro.kz ақпараттық жүйесінде жанармай жеткізуші операторлардың тізімі жарияланады. Фермерлер дизель отынын жеткізушіні өздері таңдап, өтінім бере алады.
«Ауыл шаруашылығы құрылымдарының алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – егіс алқаптарын әртараптандыру, монодақылдан алшақтау. Шаруашылықтар осы мәселеге баса көңіл бөлуі керек. Сондай-ақ кейінгі кезде картоп тапшылығын сезініп жатырмыз. Сондықтан картоп алқабын ұлғайта түскен жөн. Өңір диқандарының алдында жүгері және қарақұмық алқабын кеңейту міндеті тұр. Осы мәселеге де мұқият қарауды сұраймыз. Қостанай өңірі минералды тыңайтқыштарды пайдаланудан алдыңғы қатарда келеді. Былтыр алқапқа 258,6 мың тонна тыңайтқыш шашу көзделген еді, бұл жоспар да толық орындалды. Техника паркін жаңарту индикаторы да ойдағыдай атқарылды», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Биыл өңірде 755 мың гектар алқапты майлы дақыл алады. Мал азығының көлемі 137,5 мың гектарға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 21 мың гектарға қарақұмық, 6,1 мың гектарға картоп тұқымын егуді жоспарлап отыр.
Кеңес барысында мемлекеттік қолдау тетіктерін уақытында әрі тиімді пайдалана білу мәселесі де талқыланды. Мысалы, өткен жылы іске қосылған «Кең дала-2» бағдарламасы шаруаларға 5 пайыз жылдық өсіммен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Несие мерзімі – 12 айға дейін. Несие алатын кепілдігі жоқ фермерлер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие сомасының 85 пайызын құрайтын кепілдік ала алады.
«Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіге кепілдіктің 15 пайызын қою ғана қалады. Басты мақсат – аталған қолдау түрін тиімді пайдалана отырып, өнім көлемін арттыруды қамтамасыз ету. Өнімнің арзандап кеткеніне қарамастан, өңірде жақсы табысқа жетіп жатқан шаруашылықтар аз емес. Бұл шаруашылықтар егін алқаптарын әлдеқашан әртараптандырды. Мал шаруашылығымен де айналысып жатыр. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет қомақты қаржылай қолдау көрсетіп жатыр», деді облыс әкімі.
Қостанай облысы