Аймақтар • 17 Сәуір, 2025

Игіліктің бастауы – инфрақұрылымды дамыту

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөй­леген сөзінде Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін жоба туралы атап өтті. Президент Астанадан Арқалық, Тор­ғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шыға­тын автокөлік жолы­ның құрылысын бастауға тап­сырма бергені мәлім. Одан бөлек, алдағы жылы Арқалық әуежайы іске қосы­латыны белгілі бол­ды. «Арқалықтағы әуе­жай­ды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі кө­лік қа­тынасын едәуір жақ­сартады», деді Қ.Тоқаев.

Игіліктің бастауы – инфрақұрылымды дамыту

«Әуежайдың қалпына келті­рі­луі облыстың әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына жаңаша сер­пін әкеледі. Тарих тұнып жат­қан Торғай өңірінде туризмді да­мытуға мүмкіндік береді», дейді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Қазір Арқалық әуежайының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аталған құжат­қа сәйкес жалпы ауданы 3 200 шаршы метр болатын, сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті қос қабатты жаңа әуе­жай кешенін салу көзделіп отыр. Ұзындығы 2,5 мың метр ұшу-қону жолағы, такси жолы мен пер­рон жөнделеді. Сондай-ақ аэро­навигациялық және метео­роло­гиялық жабдықтарды сатып алуға қаражат көзделген. Қос­та­най, Астана және Алматыға қол­жетімді бағамен субсидияланатын рейстерді іске қосу жоспарланған.

Әуелі Арқалықтан облыс орта­лығы Қостанай қаласына, Астана мен Алматыға әуе рейстері ашылады. Мамандар­дың пікірінше, Үкімет субсидия бөлетіндіктен, жолаушылар үшін әуе билеттерінің бағасы да қол­жетімді болмақ. Бастапқы жобада Арқалық әуе­жайын қалпына келтіруге 8 млрд теңге­ден астам қаражат қажет.

«Қазір ұшу алаңы мен перрон жобасын жасап жатырмыз. Терминал ғимараты апатты жағ­дай­да. Оны түгел сүріп тас­тап, жаңа ғимарат саламыз. Сәуір айында жобаны аяқтап, мамыр айында сараптамаға жібе­ре­міз. Қазіргі есеппен алсақ, әуежай құрылысына 8,3 млрд теңге қаржы керек. Бірақ бұл сома жоба құжаты эксперти­задан өткен соң, тағы да нақты­ланады», дейді облыстық Жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы­ның орынбасары Болат Сейдахметов.

80-жылдардың басында қала­дан 7 шақырымдай жерде салынған әуежай 1998 жылы жұмысын тоқтатқан. Бұған дейін арнайы автобус, такси толастамайтын бұл нысанға бүгінде ешкім ат ізін салмайды. Бұрынғы аэровокзал ғимаратының кір­піш­тері де ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында кетіп, қирағаны қирап, қазір құр қаң­қа­сы ғана үңірейіп тұр. Кезін­де «Ил», «Ту» ұшақтарын қабыл­дап, ұшырып жататын ұшу-қону алаңы да тозып біткен. Ар­қалық тұрғындарының ай­туын­­ша, кезінде әуежай халық­ара­лық әуе рейстерін де қабылдаған.

Әбден қирап, бүлінген нысан 2020 жылы бастапқы құны 30 млн теңгеге бағаланып, аукцион арқылы жекеменшікке өтіп кеткен. Алайда меншік иесі әбден тозығы жеткен әуежай ғимаратын қайта сатпақ болып, ол туралы хабарламаға нысанның астық қоймасына арналған фазендаға қолайлы екенін жазып қойған. Бұған өңір тұрғындары наразы болып, құзырлы орындарға бос жатқан аумақ әуе қатынасы үшін әлі де қызмет ете алатынын айтып шағым түсірген. Алайда көпке дейін жабулы қазан жабулы қалпында қалды.

«Әуежай айлағының инфра­құ­рылымы, техникалық мүм­кіндігі соған сай еді. Осы аэропорт, одан әріректе бес қабатты ғимарат болды, одан кейін жанармай бекеті, аэронавигациясы болды. Автопарк те осы маңда тұратын. Мынау жолақтармен үлкен әуе кемелері ұшып жататын. Ұшақтар дәл осы жерге қонатын. Отыз жылдан бері көп­тің көкейінде жүрген, алайда шешілуі өте қиын мәселе еді. Ай­та-айта, тіпті, күдер үзе бас­­та­ған едік. Президенттің аузы­нан әуежай салынады дегенді есті­генде қуанғанымыздан төбе­міз көкке жеткендей болды», дей­ді қала тұрғыны Мақсұт Рахилин.

Өңір тұрғындарының айтуын­­ша, Президент пәр­ме­ні­мен қолға алынып жатқан Орталық – Батыс күре жолы мен Арқалық әуежайы Торғай өңірінің тынысын ашып, әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына серпін береді. Сондай-ақ кәсіпкерлік пен туризмнің өріс алуына, өңір­де авиацияны, оның ішінде ша­ғын авиа­цияны дамытуға мол мүм­кін­дік береді.

Арқалық әуежайы Амангелді, Жангелдин аудандарының аума­ғында жатқан «Алтын дала» мем­лекеттік табиғи резерваты үшін де қолайлы болмақ.

«Жұмыс бабымен Астана, Қостанай, Алматыға жиі барамыз. Енді жол қысқаратын болды. Оның үстіне, бізге шетелден орнитолог мамандар көп келеді. Оларға да қолайлы болады. Одан кейін былтыр, резерват аумағына керқұлан жібергенде, жануарларды әкелген тікұшақты ескі әуежайдың ұшу жолағын жөндеп, сол жерге қондырдық. Енді жаңа әуежай іске қосылса, аңшылық, саятшылық туризм дамиды, бізге де, халыққа да тиімді болады», дейді табиғи резерваттың директоры Дүйсен­ғали Қалибекұлы.

 

Қостанай облысы