
1988–1994 жылдар аралығында белгілі археолог Жұман Смайлов жетекшілігімен Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкерлері Басқамыр көне қалашығына археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, нәтижесінде, қалашықтан керамикадан жасалған ыдыс-аяқтар, жануар сүйектері, әшекей бұйымдар, темір кенімен қатар, ең ерекше зат – құлақтазалағыш табылған. Музей қоры экспедиция барысында 741 жәдігерге толықты.
«Құлақтазалағыш 6-тұрғын үйден кейін, цитадельдің оңтүстік-батыс қабырғасында орналасқан 7-тұрғын үйден табылған. Балқытылған мыстан арнайы қалыпқа құйылып жасалған. Оны құлақтазалағыштың бөрінен (заусеница) байқауға болады. Құлақтазалағыш қайықтың ескегіне ұқсайды, тұтқасының жоғарғы жағында ілгегі бар. Жоғарғы бөлігіндегі дөңгеленген тұтқасы сабағына ауысады. Ұзындығы 10 см, тұтқасының ені 4,5 см. Тұтқасында жағалай ашық айқын жиектері және орталық бөлігінде кестелі өрнегі бар. Бұл өрнекті бір жағынан астыңғы бөлікте жайқалған жапырағы бар трилистик өсімдігіне ұқсатса, екінші жағынан зооморфты, яғни қанаты жайылған құсқа да ұқсатады. Құлақтазалағыш сабағының келесі жағы тереңдетіліп жасалған», дейді Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің аға ғылыми қызметкері Айдана Жанбосынова.
Құлақтазалағыштың оғыз-қыпшақ тобына тиесілі Х ғасырдағы Волга-Урал жағалауындағы Серкелде (қалашық), Донның төменгі жағындағы тарихи-археологиялық жәдігерлермен ұқсастығы бар. Сростин мәдениетіне тиесілі Ур-Бедари жерінде табылған Х ғасыр моласындағы құлақшұқығыш ғалым Л.М.Гавришиннің пікірі бойынша «оғыз-қыпшақ құлақшұқығыштарына ұқсас. Мұның сакралды маңызы бар болуы мүмкін» деген пікір білдіреді.
Құлақтазалағыш ең бірінші – жеке бас гигиенасы ретінде, екіншісі – бәле-жаладан, жамандықтан сақтайтын тұмар ретінде, үшіншісі әшекей бұйым ретінде де қолданылған. Әйелдер оны бұрымына әшекей ретінде тақса, ал кейбіреулері белдіктің әшекейі ретінде пайдаланған.
Ұлытау облысы