Медицина • Бүгін, 09:25

Цифрландыру медицинаға серпін береді

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қағазбастылықтан құтылып, жұмысты ширатуға цифрлық жүйелер көп септесіп жатқаны рас. Осы орайда қазір барлық сала цифрландыруға ден қойып жатқаны да белгілі. Заман талабы, уақыттың сұранысынан туған үрдіс медицина саласында да қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған салада қордаланған мәселе көп, цифрландыру жұмысты қаншалықты жүйелей алады?

Цифрландыру медицинаға серпін береді

МӘМС-тен кейін халықтың талабы жоғарылады

Медицинадағы күрделі мәселенің бар­лығын цифрландыруға тіреп, сол реттелсе, барлығы оңалады деп айтудан аулақпыз. Одан тыс маман тапшылығына, біліктілігіне, қаржыландыру, кейбір медицина ұйымдарында құрал-жабдықтардың болмауына, шалғай ауылдардағы ахуалға қатысты, тағысын-тағы сұрақтар жетеді. Бұл жолы басқасын ысыра тұрып, цифр­ландыруға тоқталғанды жөн көрдік.

Бес жыл бұрын енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен кейін халықтың медицина саласына қояр талабы жоғарылады. Оның да жөні бар, себебі қаржыландыру көлемі екі есе ұлғайды. Дегенмен осының өзі саланы дұрыс басқарып, бақылауға, ашықтықты сақтай отырып, медициналық көмек сапасын жақсартуға жеткіліксіз болды. Ай сайын медициналық сақтандыру қорына жарнасын төлеп отырған тұрғын жаны қысылып мекенжайы бойынша емханаға барса, айлап кезек күтуге мәжбүр. Алды­мен Damumed мобильді қосымшасы арқылы кезекке тұрған азамат жалпы тәжірибе дәрігерінің есігін қағады. Кейін терапевтің нұсқауымен кардиолог, лор, гастроэнтеролог, травматолог сынды басқа да бейінді мамандардың біріне жазылады. Ақырында терапевт пен бейінді маманның ортасында бос сабылған пациент шарасыздан ақылы емханаларға жүгінеді.

Осыдан 12 жыл бұрын «Ақпараттық Қа­зақстан-2020» мемлекеттік бағдарлама­сының ережелерін басшылыққа ала отырып, электронды денсаулық сақтауды дамытудың 2013–2020 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы бекітілді. Денсаулық сақ­тауды цифрландыру осы тұстан бас­талды. Содан соң денсаулық сақтауды дамы­тудың 2020–2025 жылдарға арналған мемл­кеттік бағдарламасы қолға алынды. Игі бастамаларға Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де қолдау көрсетті.

 

Ақпараттық жүйелер қысқарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында медицина­да ақпараттың бірыңғай дерекқорын құру­ды ұсынып, салаға бөлінген қаражат­тың тиімділігін арттыру мәселесін басшылыққа алуды тапсырды. Біріне-бірі байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасауды ұсынды. Жаңа жүйе меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәрін бақылап, мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз етуі қажет. Президент Үкіметке осы олқы­лықтарды түгел реттеуді тапсырды.

Содан беріде салада біршама өзгеріс болды. Мысалы, еліміздің денсаулық сақтау саласында 17 ақпараттық жүйе бар болса, осы жүйелерді сегізге қысқартуға қатысты жұмыстар басталып кетті. Бірың­ғай мемлекеттік медициналық де­рекқор әзірленіп жатыр. Жұмыстарды Денсаулық сақтау министрлігі биыл желтоқсанға дейін аяқтауға тиіс. Осыдан соң азаматтардың денсаулық құжаты цифрлық форматта қолжетімді болады. Яғни пациент қай медициналық ұйымға жүгінсе, сол ұйымда оның медициналық деректері шыға келеді. Осылайша, әрбір азамат өзінің деректерін басқара алады. Қандай медициналық ұйымға, қай дәрігерге баратынын өзі портал арқылы нақ­тылап отырады. Жуырда өткен бас­пасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов цифрлық бастамалар туралы хабарлады.

«Қарашаға дейін Денсаулық сақтау ресурстарын басқару жүйесі жаңғырады. Мемлекет тарапынан қаралған қаржылық ресурстардың бөліну үдерістері ашық болады. Бүгінде кейбір медициналық ұйымдар қаржыны алған соң тиісті медициналық көмек көлемін көрсете алмай жатады. Өйткені кезектің көптігі, дәрігер тапшылығы, медициналық құ­рал­дардың жетіспеуі сынды кедергілер шығып қалады. Осының барлығы ашық болуы үшін жүйені қайта жаңғыртамыз. Биыл бала мен ана денсаулығының жай-күйіне цифрлық мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс басталды. Жүкті әйелдер, аналар, динамикалық бақылаудағы азамат­тардың денсаулығына да мониторинг жүргізіледі», деді Е.Оспанов.

 

Face-ID «жалған деректерді» тұсаулайды

Бүгінде мемлекеттік бюджет және Медициналық сақтандыру қорының қаржыландыруы арқылы 1900-ге жуық медициналық ұйым жұмыс істейді. Осы ұйымдар жыл сайын 21 млн-нан астам отандасқа, 450 млн-ға жуық меди­циналық көмек көрсетеді. Президент тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі қыркүйектен «жалған деректерді тіркеуге» қатысы бар деген медициналық ұйымдарды анықтай бастады. Мәселені цифрлық технологиялардың көмегімен түбегейлі реттеуге кірісті. Былтыр Астанадағы емханалар базасында науқастарға медициналық қызметтерді көрсету фактісін растайтын Face-ID бойын­ша қанатқақты жоба бас­талды. Бұдан былай науқастар емханаға келгенде Face-ID, веб-камера көмегімен жеке басының сәйкестігін нақтылайды. Жоба қазірдің өзінде 1 800-ден астам медициналық ұйымды қамтыған. Жүйені күн сайын 80 мыңнан астам қызметкер пайдаланады. Жыл басынан бері олар 66 млн-нан астам қабылдау өткізген. Нәтижесінде, медициналық қызметтер көлемі 11,5%-ға азайыпты. Демек, жүйе заңсыз көрсетілетін қыз­меттің көлемін тежеді. Face-ID-ге барлық медициналық ұйымдар қосылса, кел­меген науқасты келдіге санап, жалған қызмет көрсететін ұйымдардың мәселесі шешіледі.

 

Медицина мамандарының жүктемесі жеңілдейді

Осыған дейін медицина қызметкерлері түрлі ақпараттық жүйелерде құжат толтыруға көп уақыт жұмсайтын. Енді медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау, модернизациялаудың арқасында медицина қызметкерінің жүктемесі 40%-ға азаяды. Дәрігерлер бүгінге дейін 4 ақпараттық жүйеде жұмыс істесе, қазір біреуін ғана қолданады. Басқасы интеграция арқылы шешіліп жатыр. Сондай-ақ медициналық құжаттар, анықтамалар цифрлық форматқа ауысады. Қазірдің өзінде 5 құжат цифрлық форматта ұсынылады. Министрлік биыл тағы үш құжатты ауыстырмақшы. Бұрын тек қағаз түрінде ресімделген 073/у (көлік жүргізу үшін), 075/у (медициналық тексеру) сынды медициналық анықтамалар, баланың денсаулық паспорты, жеке жұмысшыларға арналған медициналық кітапшалар енді электронды форматта қолжетімді. Оларды eGov арқылы алуға болады. Бұл заңсыз беріліп жатқан құжат­тар айналымын қысқартуға мүмкін­дік береді.              

Астана, Алматыда жедел жәрдем қыз­меткерлерінің бейнежетондарды пайдалануы жөніндегі қанатқақты жоба іске аса бастады. Қазірдің өзінде мамандар 3 мыңнан астам сапар кезінде бейнежетонды пайдаланған. Сондай-ақ «Yandex Qazaqstan»-мен бірлесіп, Астана тұрғындарына жедел жәрдемнің нақты уақыттағы орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін тағы бір жоба басталды. Осының арқасында қайталанатын қо­ңы­раулардың саны 40%-ға дейін азайған. Дәрі-дәрмектерді таңбалап, оларды нау­қас­тарға беру бағытында да біршама оң өзгеріс бар.

«Былтыр 1 шілдеден дәрілік заттарды таңбалауды бастадық. Фармацевтикалық нарықтың барлық қатысушыларын ДЗ таңбалау жүйесіне біріктіруді аяқтадық. Жүйеде қазірдің өзінде 36 отандық өндіруші, дистрибьюторлар, 8 мыңға жуық дәріхана, 1 900-ден астам медициналық ұйым жұмыс істейді. 360 млн-нан астам дәрі-дәрмек таңбаланған. Жүйе жалған өніммен күресуге көмектеседі. 2025 жылдың 1-тоқсанында дәрілік заттар нарығына қатысушылардың айналымын 15%-ға арттырды», дейді Е.Оспанов.

Денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңашылдықтың арқасында қазір әр медициналық ұйым өз бетінше дәрі-дәр­мек сатып алуға құқылы. Осыған дейін сатып алу құжаттары тек қағаз күйінде ғана болған. Қаржы министрлігімен бірлесіп, арнайы цифрлық механизм іске қосылды. Енді дәрі-дәрмек сатып алу туралы ақпарат барлығына қолжетімді. Электронды пор­талдың арқасында биылғы 4 айдың ішінде 750 млн теңгеге дейін қаражат үнемделген.

Көрсетілген медициналық көмектердің ақысын медициналық ұйымдарға төлеу жүйесі – былтырдан бері іске асып жатқан жоба. Қазір еліміздің 9 өңірінде медициналық қызметтерге ақы төлеудің бірыңғай жүйесі іске қосылған. Маусым айында жүйе бүкіл өңірді қамтиды. Жыл соңына дейін бірыңғай мемлекеттік медициналық дерекқоры толығымен аяқталып, басқа да ірі жобалар ойдағыдай орындалса, салаға қаралған қаражаттың тиімділігін көре аламыз. Бұл дегеніңіз, медициналық көмектің сапасы жақсарып, бұ­рынғыдан да қолжетімді болуға тиіс деген сөз. 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03