Инвестиция • Кеше

Ілкімді жобалар ілгері бастырады

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде жыл сайын 110–112 млн тонна көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш кейінгі жылдары тұрақты сақталып отыр. Көмір қоры – 33,4 млрд тонна, әлемнің алғашқы ондығына кіреді. Салада 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Алайда бұл өндірістік қуаттың басым бөлігі шикізат күйінде сатылады. Жаһандық үрдістерге сай, көмірдің стратегиялық маңызы терең өңдеу мен әртараптандырумен ғана сақталады.

Ілкімді жобалар ілгері бастырады

Астанада өткен VI Көмір өнер­кәсібі форумында саланы жаңғыртуға қатысты нақты мысалдар келтірілді. Мысалы, «Бога­тырь Көмір» кәсіпорнында енгізіл­ген циклді-ағынды технология (ЦПТ) көмір өндірудің тиімділігін арттырып отыр. 2023 жылы өнеркәсіптік сынақ басталып, 2025 жылға қарай толық өнімділікке шығу көзделген.

Биыл 5 айда компания 18,4 млн тонна көмір өндіріп, оның 39,8%-ын дәл осы жаңа технологиямен қазған. Алдағы жылдары Екібастұз ГРЭС-2 жаңғыртылып, Семей, Көкшетау, Өскеменде жаңа жылу электр стансалары салынады. Бұл жобалар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды әрі көмір­ге деген ішкі сұранысты арттырады. Со­нымен қатар өндіру қуаты жылына 58 млн тоннаға дейін ұлғаймақ.

Форумның басты жаңалығы – көмірді химиялық қайта өңдеу бағытына назар аударылуы. Бұл салада 400-ден астам өнім түрін алуға болады (метанол, аммиак, карбамид, синтез-газ). Қазір елімізде көмір химиясының үлесі – небәрі 3%, бірақ сарапшылар бұл көрсеткішті 25 млрд долларлық нарыққа жеткізуге болатынын айтады.

Индустрия министрлігі көмір өнер­кәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов 2023 жылы көмір химиясын дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілгенін мәлімдеді.

– 2026–2035 жылдарға арналған Мем­ле­кеттік бағдарлама, Ұлттық Жол картасы мен «Көмір химиясын кешенді дамыту туралы» заң жобасын әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ көмір мен көмір құрамды ши­кізатты кешенді өңдеуді Үкімет жанын­дағы Жоғары ғылыми-техникалық комис­сияның стратегиялық ғылыми бағыт­­тар тізіміне енгізу бастамасы көтеріл­­ді. Пайдалы қазбаларды кешенді әрі ұтым­ды игеру, мемлекет саясаты мен ха­лық­аралық ынтымақтастықтың үй­ле­сі­мі еліміздің көмір әлеуетін тиімді пайда­лануға мүмкіндік береді, – деді Игісінов.

Қытайдың «CHN Energy» корпорациясы Астанада кеңсе ашып, 4 млрд долларлық инвестициямен көмір-химия­лық кешен салуға мүдделі екен. Отандық «Naz Dan Group» пен «Alfa Plast» компаниялары да көмір химиясына бет бұрып отыр. Қазір еліміз көмірді ішкі нарықпен қатар шетелге де экспорттайды. Негізгі бағыттар – Еуропа, Қытай, Балтық елдері. Экспортты шектеуге қатысты ұсыныстар айтылғанымен, сарапшылар бұл тиімсіз дейді. Себебі сыртқы нарыққа көбіне ұсақ фракциялы көмір, яғни химиялық өңдеуге жарамды өнім жіберіледі.

Саланың тағы бір күрделі әлеуметтік мәселесі – маман тапшылығы. Жастар арасында шахта жұмысының беделі төмен. Форумда жас мамандарға грант, тұрғын үй, мансаптық өсу мүмкіндіктерін беру, оқу орталықтарын шахта жанынан ашу ұсынылды. Тағы бір өзекті мәселе – регресс-шахтерлер құқығы. Бұрын шахтада жұмыс істеп, зейнет жасына жеткен азаматтар емделуге әлеуметтік төлем ала ал­майды. Кәсіподақ өкілдері бұл азамат­тарға өмір бойғы өтемақы төлеу туралы заңдық негізді қайта қарауды ұсынды.

Форумда сөз сөйлеген Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауым­дастығы заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Николай Радос­товец еліміздің көмір қоры мол екенін және оның едәуір бөлігі жер бетіне жа­қын жатқанын атап өтті.

– Экспорт ішкі нарықта көмір тап­шылығын тудырмайды. Себебі Қазақ­стандағы көмір өндірісі ішкі сұраныстан асып түседі. Әсіресе, шаң көмір шетелге шығарылады және ол фармацевтика мен химия өнеркәсібінде өңделеді, – деді ол.

Радостовец көмірді тасымалдауға арналған тарифтердің тұрақтылығы маңызды екенін де айтты. Кәсіпорындар жылдық келісімшарт жасасады және теміржол тарифтері жылына бір рет қана қайта қаралғанын қалайды. Бұдан бөлек, көмірге қатысты дүрбелең туғызбас үшін ұзақмерзімді сатып алу жоспарларын қалыптастыру ұсынылды.

– Қазақстанда энергетикалық көмір бағасын мемлекеттік реттеу орынсыз. Бұл әлемдік тәжірибеде сирек кездеседі. Реттеу тапшылыққа және инвестициялық жобалардың тоқтауына алып келуі мүмкін, – деді.

Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин көміршілерді толғандыратын еңбек, қауіпсіздік және жалақы мәселелеріне тоқталды. Қазір еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша 59 ұсыныстың 35-і мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқан.