
– Ауылда-ақ отыра беретін жан едік. Балалар қойды ма? Осында күштеп әкелгендей болды. Отырысымыз мынау енді, тас қамалда кемпіріміз екеуміз түрмеде отырғандаймыз, – деп шағымданды бір барғанымда көкем.
– Әлі-ақ үйренісіп кетесіздер. Жасыңыз болса Пайғамбар жасынан баяғыда асты. Қарт адамға ауру-сырқат үйірсек келеді. Осындайда ауруханаға апарып көрсете қоятын балаларыңыз жаныңызда, – деп жұбатқан болдым көкемді.
– Сол ауруханаң ауылда да бар. Бүркіт інім шаншулансам болды жетіп келіп, ем-домын жасап кететін. Мына жерде өлдім десең аузыңа су тамызатын адам көрмедім, – деп кейіді көкем.
Міне, сол көкем «Жетпіс бес жасқа толдым, талай жақсы адамдардың дәмін татып едім, соларға бір шай берейін. Той жасаймын» деп мені шақырып отыр. Аға шақырған соң іні баруға тиіс.
– Иә, көке! Мерей жасыңыз құтты болсын! Той жасаймын дегеніңіз орынды. Бізден қандай қызмет? – деп елп ете қалдым.
Нұрман көкем тыжырынды. Сақалын сауып ұзақ отырды. «Неге тұнжырап қалды?» деп мен отырмын. Бір кезде көкем басын көтерді.
– Осы тойды басқаратын тамада деген бар ғой. «Мұнда соның өзі таптырмайды. Таптыра қалса, әкесінің құнын сұрайды» дейді ғой. Сол рас па?
– Рас.
– Біздің балалар солардың біріне айтып, қаржысының жартысын төлеп қойдық дейді. Ендігісі реттеле жатар. Сені шақырғаным, той қарсаңында үйінде қызықшылық болайын деп жатқан үй сияқты ағайын-туыстарды жинап, әңгіме-дүкен құрып отыру ғана. Әйтпесе, тымырайып отырғанның несі қызық? Сіз бен біз атқаратын жұмыс қалмапты ғой, – деп көкем бір қойды.
Менен кейін біраз ағайын-туыс жиналды. Келіндер қазан көтеріп, біраз думандаттық. Түннің бір уағына дейін карта ойнағандар да болды. Таң азанда қайтар кезімізде де көкеміз «келіп тұрсаңдаршы» деп көзіне жас алып қалды.
«Көкем неге қамықты?» деп тағы да ойладым. Сөйтсем, жарықтық ауылды аңсап жүр екен ғой.
Иә, кеше еді ғой, кеше. Біреудің үйінде қызықшылықтың иісі шықса-ақ ауыл болып тайлы-тұяғымызбен жиналып, сол шаңырақтан табылатын едік. Келіндер қамыр ашытып, жер ошақта бұрқыратып бауырсақ пісіріп жататын. Қора маңында сирағынан іліп қойып қой сойып жатқандардың өз қызықтары өздеріне жететін. Жігіттер отын жарып, су тасып, бір тобы қонақтар отыратын үстел жасап жатады. Келіндер үй жағалап, сықырлауық арбамен той өтетін алаңды қоршап қою үшін кілем, алаша жинайды. Осы кілемдердің ішіндегі тәуірлеуінің бетіне үйленген жастардың аттарын мақтамен жазып қояды. Тағы бір топ сәбіз аршуға отырады. Мұның өзі едәуір жұмыс еді. Бір қап сәбізді мерзімді уақытқа дейін тазалап, турап үлгеру керек. Сәбіз аршуға келіншектер де қолғабыс етеді. Құрдастар арасындағы, қайны мен жеңге арасындағы қалжың мен әзілдің ордасы да осы жер. Осы думанмен той да дүркіреп өте шығады. Ең бастысы ағайындар бір-бірімен тығыз араласады. Бауырмалдық, бір-біріне деген құрмет артады. Үлкендердің ақылымен жастар тәрбиенің мәйегімен сусындайды.
Мына даңғайыр, бәрі жетіп-артылатын заманда да ауылдағы осы ынтымақ әлі де күшінде. Жастар үйленіп жатады. Қызды тұрмысқа бересіз. Құда шақырасыз. Өмір бар жерде топырақты өлім де бар. Мұндайда ауылдағылар тойхана іздеп жатпайды ғой. Барлық іс-шара үйде өтеді. Осындайда мал сою керек пе? Керек. Келушілерге қызмет ететін жігіттер керек пе? Керек. Міне, ауылдағылардың бірігетін, ынтымақ деген ізгіліктің айналасына топтаса түсетін жері осы.
Бүгінде бағамдап отырсам, осы ынтымақ-бірліктен ажырап бара жатыр екенбіз. Нұрман көкемнің де сағына іздеп отырғаны ағайынның жиналып, шаңырағынан шаттық шуағы шашылып тұруы екен. Қазір біз жиын жасай қалсақ, осылай топтасамыз ба?
Иә, қаладағылар да той жасайды. Жасағанда қандай? Мың адамға дейін шақырып, шама-шарқын басқаларға «үлгі ететіндер» де жеткілікті. Бірақ дәл осы шаңырақта той болайын деп жатқанын өздерінен басқа ешкім білмейді. Өйткені қаланың тойханалары барлық керек-жабдықты, тамақтың түрлі-түрлісін өздері дайындап береді. Тек теңгесін төлесеңіз болды. Ендеше, «қызмет ет» деп ағайынды үйге жинаудың да қажеті шамалы.
Бірақ, осы жайлылықтың өзі қазақы қасиеттерімізге, бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрлерімізге, әдеп-ғұрыптарымызға балта шауып жатқандай көрінеді маған. Мұның үстіне қаладағы тас қоршаулар, кірпияз адамдар кешегі меймандостықты, мейірмандықты, ағайынгершілікті, туыстық қарым-қатынасты да ұмыттыра бастаған сияқты. Бұларға қосымша «жаңа қазақтар» деген шықты. Ел бай мен кедей болып екіге бөлінді. «Кедей байға, бай Құдайға жетсем» деген бәсеке өрши түсті. Ал бұлар қазақы қалыбымызды бұзбай тұра ала ма?
Жұмбақтың шешуін тапқандай болдым. Нұрман көкемнің көксейтіні осы екен ғой...
Қалай қазақ боламыз, ағайын?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
жазушы