Қоғам • Бүгін, 08:52

Тоғыз жасар тәртіп сақшысы

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тереңкөл ауданының Алтай ауылында тұратын 9 жасар Тимофей Столбовой – ауылдастарының тыныштығын күзетуге ерте бастан ден қойған бала. Ол әр күні ерте тұрып, анасы тігіп берген полиция киімін киеді де, қоғамдық тәртіпті бақылау үшін ауыл көшелерін аралауға шығады.

Тоғыз жасар тәртіп сақшысы

Тимофей – өте жауапты бала. Ауылдағы өзге тұрғындар тәтті ұйқыда жатқан ала таңда кішкентай тәртіп сақшысы алғашқы болып оянады. Төсегінен тұра сала жуынып, үстіне өзіне шақтап тігілген полицей киімін киеді. Иығына ойыншық автоматын іліп алып, көше аралауға шығады.

Ол бүгін де ерте тұрды. Киімін киіп да­лаға шықты да, аулада қаңтарулы тұрған темір досы – «Орленок» велосипедіне мінді. Әс­ке­ри жорыққа аттанғалы тұрған офицерлерше тұлпарының рулін сипап, еркелетіп қойды.

«Барлығы біздің бақылауымызда, дос­тым. Қанекей бақылауға аттанайық», деп педаліне аяқ салды.

Ауыл халқы енді ғана ояна бастапты. Тимофей әуелі мектеп аумағын айналып, барлығы дұрыс екеніне көз жеткізді. Одан соң күнделікті дағдысына орай дүкен, пош­та ғимараттарын сүзіп өтті. Ауыл ішіндегі тыныштықты әдетте Саша ағайдың қаздары қаңқылдап бұзатын. Енді сол жаққа аттанып бара жатыр еді, кенеттен иесіз қалған үй жақтан бөгде дыбыстар естігендей болды. Сақшы бала кілт тоқтады. Велосипедінен атып түсіп, дыбыс шыққан жаққа жүрді.

– Бұл жерде кім бар?

Біраз үнсіздіктен соң әлгі үйдің аула­сынан көрші үйдің Васькасы зытып шыға берді. Әлгі жерде жем іздеп жүрген көр­шінің тауықтары мысықты қыт-қыттап қорқытып жіберген екен.

– Уф, сен екенсің ғой, Васька. Жарайды, бәрі тыныш болса болғаны.

Тимофей ауыл ішін кезіп жүріп түс уақыты болып қалғанын білді. Өзінше айтқанда «түскі үзіліс». Анасы бұл сүйіп ішетін көжесін дайындап қойыпты.

– Иә, офицерім, ауылдағы жағдай қалай екен? – дейді күлімдеп.

– Барлығы тыныш, анашым, ауыл іші менің бақылауымда ғой, – деп мақтанышпен танауын бір тартып қойды.

Түстен кейін ол үшін екінші ауысым басталады. Ата-әжелердің жолдан өтуіне көмектеседі, көше қиылыстарында жүр­гізушілердің бағытын реттеп жібереді. Мына жақта ойнап жатқан балалардың анда-санда қиыс ұшқан доптарын ұстап алып әкеліп береді де, көше бойында доп тебуге болмайтынын ескертеді.

Тәртіп сақшысы кешкілік үйіне шаршап оралса да көңілі тоқ. Себебі оның әр күні небір қызық оқиғаларға толы, ең бас­тысы, ауыл ішінде тәртіп орнаған. Ендеше, Тимофейдің мақсатының орындалғаны.

Ұйқыға жатар алдында Алтай ауылы­ның кішкентай тәртіп сақшысы киімдерін орындыққа әдемілеп іледі де:

«Ертең жаңа күн басталады, ендеше мені жаңа міндеттер күтіп тұр деген сөз. Мұғаліміміз тәртіп өз-өзінен орнамайды дейтін, ендеше учаскелік полицей Рүстем ағайға менің көмегім ертең де керек деген сөз», деп айтатын әдеті бар.

Ал ауылдық инспектор, полиция майо­ры Рүстем Иманбаев Тимофей Столбо­вой­ды қоғамдық тәртіпті сақтау ісіндегі белсен­ді көмекшісі деп таниды. Баланың полиция қызметіне қызығушылығы ерекше. Ол болашақта ел тыныштығын күзететін офицер болуды армандайды. Тәртіпке деген ынта­сы мен жауапкершілігі ауыл тұр­ғындарын ерекше сүйсіндіреді. Тимофей – ауыл балаларына үлгі. Оның әрбір күні – тәртіп пен тәрбиенің жарқын көрінісі.

 

Павлодар облысы,

Тереңкөл ауданы,

Алтай ауылы