
Жиынға Астана қаласынан Қазақстан ономастар одағының басқарма төрағасы, республикалық ономастикалық комиссия мүшесі Гүлнәр Бекенова мен жоба мүшесі, географ-маман, PhD доктор Нұрлыбек Зинабдин арнайы келді. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысына өңірдегі ғалымдар, өлкетанушылар, көнекөз қариялар мен тілшілер де қатысты.
Гүлнәр Шиапқызы өз сөзінде «Батыс белесінде – бабалар үні» атты тарихи-танымдық экспедицияның барысын баяндап, ежелгі жер-су атауларын қалпына келтіру жөлындағы әдіс-тәсілдер туралы айтты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша 4-10 тамыз аралығында облыс аумағында жүргізіліп жатқан жоба ономастикалық атауларды ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, елді мекен атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру мақсатын көздеп отыр екен.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Светлана Қадырбайқызы өңірдегі жағдай туралы айта келіп, тәуелсіздік алғалы бері облыста идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 ауданның, 109 елді мекеннің, 1854 көшенің атаулары өзгертілгенін баяндады. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 12 аудан, 454 елді мекен, 4077 көше бар. Оның ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген әлі де болса 2 кент, 22 ауылдық округ, 545 көше, 64 елді мекен атаулары өзгертуді қажет етеді екен.
Жиын өте қызықты өтті. Қордаланған мәселелер талқыланып, жер-су атауларының шығу тарихы туралы өзекті ой қозғалып, құнды ұсыныс, келелі пікірлер айтылды. Филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр мен Ғабит Хасанов, тарих ғылымдарының кандидаты Әлфия Байболсынова, өлкетанушы Зұлқожа Шарафутдин, Дәулеткерей Құсайынов, Нұрлан Сәдір, Ахмедияр Батырханов т.б. өз сөзінде ел мен жер тарихын түгендеуде топонимикалық атаулардың маңызды екенін айтты. Республикада басталған үлкен іске жан-жақты қолдау білдіруге уәде берді.
Батыс Қазақстан облысы