«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:30

Астана аулалары абаттандырылды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2023 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 20 қыркүйекті «Дүниежүзілік тазалық күні» деп жариялау туралы қаулы қабылдады. Елімізде былтырдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Өткен сенбіде, «Дүниежүзілік тазалық күні» аясында бүкіл ел көлемінде тазалық, абаттандыру сенбіліктері кеңінен ұйымдастырылды. Тұрғындар қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартып, көше, аулаларды абаттандырды.

Астана аулалары абаттандырылды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Астанада жалпыхалықтық сенбілік «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәр­тіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында өтті. Сенбілікке 100 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, бел­сенді, беделді азаматтар жұмыл­ды. Олар 12 мыңға жуық ауланы тазалап, ­2 мың тонна шамасында қоқыс шығар­ды. 162 саябақ пен 41 тарихи-мәдени мұра ныса­нын ажарландыруға күш салып, 3 мыңға жуық ағаш екті. Осы күні қалада санитарлық тазалау жұмысы қатар жүрді. Нөсер, арық желілері, көше, жүргіншілер жолы мен аулалар тазартылды. Аулаларға балаларға арналған ойын, спорт алаңдары орнатылды. Қоғамдық орындардағы тас төсеніштер, жиектас пен шағын сәулеттік нысандар қайта қалпына келтірілді. Маусымдық агротехникалық жұмыстар да назардан тыс қалмады. Жасыл желектерді күтіп-баптау, сауда нысандарының маңын тазалау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою сынды жұмыс жүргізілді.

«Байқоңыр» ауданына қарайтын Ж.Тәшенов көшесінің бойындағы гүл­зарды абаттандыруға 160 адам келді. Олардың арасында елордадағы «Бел­сен­ді ұзақ өмір сүру орталығының» ар­да­герлері, «Байқоңыр» ауданы әкімі ап­па­ратының қызметкерлері, ауданның бел­сенді тұрғындары, Esil University мен «Тұран» кол­леджінің студенттері бол­ды. Жинал­ғандар гүлзар аумағына 100 түп ағаш егіп, қоқысын тазалады. Бұры­ны­рақта гүлзардың орны бос жататын, қазір­де қылқан жапырақты ағаштар, қара­ғай, қайыңы, өзге де көшеттері жай­қалған жасыл аймаққа айналып ке­леді. Көктемде мұнда 500-ден астам ағаш егілсе, өткен аптада тағы 50 ағаш отырғызылды.

Есіл ауданының «Пригородный» тұрғын алабында акцияға қатысушылар 700-ден астам ағаш екті. Оның ішінде қарағаш, тал, терек, мамыргүл, емен көшеттері бар. Шаруаны үйлестіруге жергілікті тұрғындар, шағын және орта бизнес, пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері бірлестіктері, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, білім саласының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, спортшылар, мұғалімдер қатысты.

Сол секілді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 400 студенті «Жерұйық» саябағында, қа­ла­ның мәдениет басқармасы, оған қарас­ты мекемелердің қызметкерлері Е.Рах­мадиев атындағы мемлекеттік акаде­миялық филармония аумағында, елорда спортшылары «Ғашықтар сая­ба­ғында» тазалық жұмысын жүр­гіз­ді. «Ғашықтар саябағындағы» сенбі­лікке 100-ден астам спортшы, бапкер, спорт мектептерінің ұжымдары қатысты. Олар­дың арасында бокстан екі дүр­кін әлем чемпионы Санжар Тәш­­кен­бай, ауыр атлетикадан жастар арасын­­дағы Азия чемпионатының күміс жүл­дегері Аңсар Тұрсынбек, Азия чемпио­ны, бірнеше дүркін еліміздің чемпионы Венера Жақсыбаева, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Николь Ценгель сынды саңлақтар болды.

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ұраны­мен өтіп жатқан экология айлығы 13 қыркүйек – 11 қазан аралығында жал­ғасады. Эко­акцияның басты мақсаты – қала көше­лерінің тазалығын сақтау­ға қоғам назарын аударып, тұрғындар ­арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру.