Сурет: 018.kz
«Жастар практикасына» 35 жасқа дейінгі ел азаматтары қатыса алады. Бірінші кезекте үміткердің мамандығы бойынша білімі болуға тиіс. Өйткені бағдарлама – оқуын бітіріп, жұмыс таппай жүрген түлектердің өз мамандығына қатысты тәжірибе жиюына таптырмас мүмкіндік. Неге десеңіз, еңбек нарығында жұмыс берушілердің таңдауы көбіне жас маманға емес, өз саласында ысылған, дайын қызметкерге түседі. Салдарынан тәжірибесі жоқ жастар өз мамандығынан жерінуі әбден мүмкін. «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасқандар көшін қазір Түркістан облысы бастап тұр. Өңірде 6 мың адам осы бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланған. Сол секілді Қызылорда облысында – 2,3 мың, Жамбыл облысында – 1,7 мың, Ақтөбе облысында – 1,5 мың, Шымкент қаласында 1,3 мың жас мамандығына қатысты тәжірибе жиюды жөн көрген.
Бағдарламаға қатысатын әйелдердің үлесі 66,5% немесе 14,3 мың адамды құраса, ауыл тұрғындарының үлесі 12,7 мың адамды немесе 59,1%-ды құрайды. Бұл статистикаға өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді. Қалаға қарағанда ауылда үміткерлердің көп болуы тегін емес. Осы мүмкіндікті білім ұйымдарына жұмысқа орналасуды көздейтін жұмыссыз түлектер де пайдалана алады. Ол үшін жұмысқа орнығып, тәжірибе жиюды ойлаған жас мансап орталығына өтініш беруі қажет.
Бұдан әрі жас маман жұмысқа қабылданғанда қараусыз қалмайды. Жұмыс беруші кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесімен бөлісетін тәлімгер бекітеді, бір сөзбен айтқанда, сүйемелдейді. Бүгінде еліміз көлемінде бағдарлама қатысушыларының орташа жалақысы 118 мың теңгені құрайды. Мұның өзі – мамандығына қатысты тәжірибе жиюды ойлаған талапты жасқа жақсы мүмкіндік. Себебі ұжымда шыңдалып, өз жұмысын ұршықша иіруге машықтанған маманға сұраныс болары сөзсіз.
«Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасқандардың арасында ең көп сұранысқа ие мамандық – жалпы білім беретін мектеп мұғалімі. Оған 5 863 адам жас маман қатысқан. Сол секілді мектепке дейінгі тәрбиеші – 807, медицина қызметкері – 2 005, бағдарламашы – 1 094, заңгер – 784, фельдшер – 766.
Мүмкіндікті пайдаланып, жұмысқа орналасқан жастардың арасында Орал қаласының тұрғыны Эльмар Темір бар. Ол медицина бағытында білім алған. Талапты жас тәжірибе жиюды ойлап, мамандығы бойынша еңбек ете бастаған. Қазір сол жұмыста тұрақтап қалуды жоспарлап отыр.
«Биыл Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқуды бітірген соң, бірден мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Орталықта жастар практикасы туралы ақпаратқа қанықтым. Шамамен он күннен кейін мені Қаратөбе аудандық ауруханасына жұмысқа жіберді. 3 қыркүйектен бастап сол жерге тұрақты жұмысқа қабылдады», дейді Эльмар.
Бағдарламаға қатысқандардың ішінде сол жұмыс орнында тұрақтап жатқандар бір қауым. Тәжірибе жинап, басқа жұмыста бағы жанғандар да аз емес. Бастысы, екі жағдайда да жас маман мен жұмыс беруші ұтылмайды.