Қоғам • Кеше

Есірткіге еліткендерді емдейтін орталық

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында есірткіге тәуелділердің емдеу-сауық­тыру шараларымен жеткі­лікті деңгейде қамтылмай отыр­ғанына назар аударған еді. «Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек», деді Президент.

Есірткіге еліткендерді емдейтін орталық

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Синтетика» саудасы белең алып тұр

Былтырдан бері Ішкі істер министрлігі жүйесінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті жұмыс істеп келеді. Бұл қадам есірткі қылмысына қарсы күресте кешенді әрі инновациялық шешімдер қабылдануын қамтамасыз етті. Жыл басынан бері есірткі қылмысының саны 2,8%-ға көбейген. Есірткі заттарының тәркіленуі екі есе өскен. Оның ішінде син­тетикалық есірткінің көлемі үш есеге артыпты (1,1 тоннаға дейін). Жедел іс-шаралардың арқасында 7 мил­­лионнан астам есірткі заттары заңсыз айна­­лымға жіберілмеген. 105 жасырын есірт­кі зертханасы жойылған, олардың 12-сі синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан, 93-і фитозертхана саналады. Жалпы, 24 мың тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленген. Биыл мамыр айында Алматы облысында синтетикалық есірткі өндірген ірі зертхананың қызметі тоқтатылған. ТМД елдерінің бірінің азаматы ұсталып, 140 кг-дан аса дайын өнім, шамамен 8 тонна химиялық заттар тәркіленді. Бұл заттардан қылмыскерлер шамамен 4 тонна синтетикалық есірткі дайындауды жоспарлағаны белгілі болды.

Ішкі істер министрлігінің биыл атқарған жұмыстарында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, есірткі тасымалының 114 өңіраралық арнасы анықталып, 2 халық­аралық арна жабылған.

– Ұйымдасқан қылмыстық топ­тарға қатысты 26 қылмыстық іс қозғал­ды, олардың бесеуі трансұлттық дең­гейде. Интернет желісіндегі есірткі қылмыстарын анықтау жөніндегі жұмыс жүйелі. Жасанды интеллект негізінде интернет кеңістігін бақылауға арналған ақпараттық жүйелер енгізіліп жатыр. Бұл іске елдегі жетекші IT-компаниялардың, қоғамдық ұйымдардың мамандары тартылады. Анықталған есірткі сайттарын «Кибербақылау» жүйесі арқылы бұғаттау мақсатында деректер Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады. «Telegram» мессенджерімен бірлесе отырып аккаунт иелерін анықтау жұмысы жүріп жатыр. Онда 170 ірі интернет-платформа анықталды. Есірткі бизнесінде пайдаланылған 44 мыңнан астам карталық шот бұғатталып, 2,5 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа тосқауыл қойылды, – деді Қ.Әлжанов.

 

Нашақор санын нақты білу қиын

Есірткі сатумен айналысатын интернет платформалар, күдікті сілтемелер күн сайын анықталып, бұғатталып жатыр. Дегенмен жұмысын ғаламтор кеңістігінде ашық жарнамалайтындардың әрбір әрекетін сол мезетте бақылап отыру қиын. Бір арна бұғатталса, екінші жақта 10 интернет-арна аша салу оларға түк те қиын емес. Ең өкініштісі, оң-солын танымаған жасөспірімдер, жастар есірткі қылмысына барып немесе химиялық заттарға әуес болып, уланып қалып жатыр. 

Астана қалалық психикалық денсау­лық орталығында нашақорлыққа тәуел­ділікпен есепте тұрған адамдардың саны мыңға жуықтаған. Жағдайдың себеп-салдарын орталық директорының медицина жөніндегі орынбасары Алмагүл Айтжановадан сұрап білдік.

п

– Астана қаласында ғана емес, еліміз­дің барлық дерлік өңірінде есірткіге құмар адамдардың нақты санын білу мүмкін емес. Есепте тұрғандардың саны мыңға шамалас десек, шын мәніндегі есеп бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі тұрғындар нашақорлыққа бейім екенін мойындаудан қорқады, туған-туыстан жасқанады. Соның кесірінен өзінің болашағына балта шапқанын білмейді. Қазір елімізде жекеменшік оңалту орталықтары көп. Өкінішке қарай, ол орталықтар бізге есеп бермейді. Мәселе есеп бергенде емес, жекеменшік орталықтарды жағалағандар бір емнен кейін жаман әдеттен арыла алмайды. Нашақорлық жөнінде диспансерлік есепке алынбаған соң әдетін қайталай береді. Ол адам бізге келсе, стандарттарға сай емшарамен, оңалтумен қамтылады. Үш жыл емделіп, жаңа өмір бастауға мүмкіндігі жоғары. Осы аралықта наркологиялық диспансердің есебінен де алынады. Түзу жолға түсіп, жаңа өмір бастау өз қолында, – дейді А.Айтжанова.

 

Өзекті өртейтін өкініш

Астана қаласындағы психикалық денсаулық орталығы 450 науқасқа, оның ішінде 300 төсектік орын психиатрияға, қалған 150 орын наркологиялық ауруға шалдыққандарға арналған. Орталықта нашақорлыққа тәуелді адамдар ғана емес, ішкілікке салынғандар, құмар ойынға байланғандар да ем алады. Наша­қорлыққа бой ұрғандардың көбі 18 бен 30 жас аралығындағы азаматтар. Біз әңгімеге тартқан бір пациенттің жасы 24-те екен, тепсе темір үзетіндей жігіт. Есірт­кінің әсері болса керек, қол-аяғы дірілдеп, ойы шашырап, қинала сөйледі. Оның осы орталыққа келгеніне 25 күн болған.

– Есірткінің жаңа түрін алғаш қолданғанда тұла бойым шымырлап, ойлаудан қалдым. Бұрын-соңды кешпеген сезімге мастандым. Араға үш күн салып, әлгі синтетикалық есірткінің күші қайта бастағанда дүниенің астан-кестеңі шыққандай күй кештім. Әлсіредім, жігерім құм болды. Екінші, үшінші мәрте қолданғаннан соң есірткіге мүлде үйір болып алдым. Сегіз жыл қалай өткенін, өмірімнің күл талқаны шыққанын аңдамаппын. Психологиялық, физикалық қысымнан арылу өте қиын. Орталықта алғашқы кезеңде физикалық жағдайды қалыпқа келтіретін дәрі-дәрмектермен ағзаны тазалайды. Кейін оңалту кезеңі, саламатты өмірге бейімдеу басталады. Толық ем алып шығу жоспарымда бар. Колледжде аспаз мамандығына оқығанмын, жұмыс та істедім. Өмір алда, ем алып, сауығып шықсам жұмыс табылады, – дейді пациент.

Орталықтың бір артықшылығы – мұнда психотерапевтермен қатар бұ­рын нашақорлыққа әуес болып, қазір са­уыққандар кеңес береді, жол нұс­қайды. Кейіпкеріміз бір сөзінде сол кө­мекшілердің нашақорлықпен күрес­тегі тәсілдерді барынша түсінікті жет­кізетінін айтты. Біз әңгімелескен екінші пациенттің орталыққа келгеніне 97 күн бо­лыпты. Жасы 34-те. Бірер күнде отбасымен қауышып, жұмысқа орналасуға асық.

– Оңалтудың арқасында есірткі заттарын тұтынбағаныма екі жылдан асты. Түйгенім, нашақорлық созылмалы ауру іспетті. Оны бір көрген соң есірткіге құмарлық өмірдің соңына дейін басылмайды. Сондықтан емшара нашақорлықты саналы түрде мойындаудан басталады. Мен де синтетикалық есірткіні мойындамай, оңай құтыламын деп отбасыма уәде берген жастың бірімін. Ең қатерлісі – синтетикалық есірткі. Оған тәуелділік бір пайдаланғаннан басталады. Орталыққа өз еркіммен келдім. Он жыл бұрынғы сәт қайтып келсе, есірткі, ішімдікті мүлде татып алмас едім. Өткен өтті, алда қалыпты өмірге оралып, отбасыммен татулассам, балаларыммен қауышсам деген ниетім бар, – дейді тағы бір кейіпкеріміз күрсініп.

 

Түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілсе...

Орталықтың психиатр, наркологі Тоқтар Қойшыбековтің айтуынша, мұнда есірткіге, ішімдікке тәуелді болып келгеннің шамамен 30-40 пайызы үш жылда зиянды әдетінен арылып, диспансерлік есептен шығады. Қалған пациенттер, өкінішке қарай, байырғы, үйреншікті әдетіне басады.

– 1987 жылдан бері нарколог болып жұмыс істеймін. Ертеректе есірткіге, алкогольге көбіне ересек адамдар тәуелді болатын. Қазір тәуелділік 20-24 жастан басталады. Бұл жастар нашақорлыққа тіпті ерте үйір болады деген сөз. Олар 15-16 жаста немесе 18-19 жаста есірткі, ішімдікті қолдана бастаса, шамамен 20-дан асқанда есепке алынады. Қазіргі синтетикалық есірткілер көбіне стимуляторлар. Тұтынған адам бірнеше күн ұйқысынан айырылады. Іс-қимылы ширап, энергиясы тасып жүреді де есірткінің әсері басылғанда әлсізденіп, эмоционалды күйзеліске түседі. Өмір сүруден жеріне бастайды. Адам бірнеше күн тынықпаса, психоздың белгілері пайда болуы мүмкін. Қазір психозбен келетін жастар көбейді. Оларды психикалық ауруға шалдыққан деп айта аламыз. Синтетикалық есірткі тұтынғандар бізге түскенде бірер аптада ұйқысы дұрыс­талғанымен, бірнеше айға дейін елес көрініп, әлденеден қорқып, үрке қарауы мүмкін. Ең қиыны, синтетикалық есірткіні бір-екі қолданғаннан адам нашақор болып кетеді. Оның салдары қайтымсыз,– дейді Т.Қойшыбеков.

Дәрігер қазір синтетикалық есірткінің жасөспірімдер арасында кең тарала бастағанын ескеріп, одан сақтандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жоғары сынып оқушыларына ғана емес, 16 жасқа дейінгі балаларға да жүргізген дұрыс деп есептейді. Астана медицина университеті психиатрия және наркология кафедрасының оқытушысы ретінде маман даярлау ісіне көп көңіл бөлу керек деген ұсыныс айтады. Бір сөзбен, есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл бір сәт те толас­тамауы керек.

Соңғы жаңалықтар